АЛЖИР атты әйелдердің азабы...

АЛЖИР атты әйелдердің азабы...
жеке
блог
 

Қазақстан Республика Президенті жиырма жыл бұрын «30 мамыр – репрессия құрбандарын еске алу күні деп белгіленсін» деген жарғысы шыққан болатын. Жиырма жылда көптеген тарихи бұрмалаушылықтардың ақиқаты ашылса, талайы жасырын жатыр. АЛЖИР де өзінің қабырғаларында сондай сұмдықты жасырып жатыр...

Тұрар Рұсқұловтың әпкесі, Бейімбет пен Мағжандардың әйелдері бұл қамауда «халық жауларының әйелдері» атанып жатқан болатын. Бәлкім біреулеріңіз болған да шығарсыз, болмаған да шығарсыз. Сол музейге көз жүгітіп көрсек.

Музей елордадан жарты сағаттық уақытта Малиновка деген жерде орналасқан. Аумағы да көлемді емес. Біздер топ болып келдік, еліміздің Атырау, Орал, Көкшетау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар аумақтарынан. Еліміздің белсенді жастары, репрессия құрбандарының ұрпақтары, жастар бірлесіктерінің жетекшілері.

Алғашқы экспонат – Сталиндік вагон деп аталады. Бұл вагон сонау 20-жылдардан бастап Кеңес Үкіметінің әр аймақтарынан жазықсыз жандардың жарларын әкелген вагон. Сыйымдылғы 30 орындық болса да, 70-80 аруды «күйеулеріңізбен кездестіреміз» деген сылтаумен Ақмола өлкесіне әкелген. Вагон екіге бөлінген, ортасында шағын пеші бар, дәретке отыратын тесігі бар. Ерлерін сағынған жарлар осындай қыспаққа шыдады. Сонау Ресей даласынан шыққан поездағы арулардың жартысы ғана лагерге аман-есен жететін. Есігін ашқанда өліктердің иісі «аңқып» тұрады екен.

 Вагондағы әйел

Әйел жаулығы мен ер дулығасынының формасымен жасалған «Қасірет қақпасы» саналы адамға ой салары анық. Жаулығынан айырылған аналарға дулығалы ерлер қорған бола алмаған заманның куәгерлері болмаған біздер бақытты екенбіз, сірә...


"қасірет қақпасы"

 


"түңілу мен әлсіздік" аман қаларына сенімсіз қалған ер адам, өмірден түңілген ер адам

 

Қақпадан ары өте алдыңыздан – АЛЖИР музейі, оң жағыңыздан – үмітпен аспанға қараған ару, сол жағыңыздан – «айбыны мұз боп еріп кеткен» ер жігіттің бейнесі. Әйелдердің ең үлкен қасиеті де осы шығар, олар өмірдің ең қиын сәттерінде үміттене біледі...

"Күрес пен үміт" еркіндікке ұмтылған әйел бейнесі.

Музейдің арты мен екі жағын айналы қара мрамор тақтасы орналасқан. Ұзындығы шамамен 300 метрдей тақтада 7300-ге жуық лагерьдің қиын күндерінде, ызғарлы суығы мен аптап ыстығында бір жұтым су мен бір үзім анның арқасында жандарын аман сақтап қалған аналардың, ана бола алмай қалған, ондай қызықты көрмеген, көре алмай кеткен әпкелеріміздің есімі жазылған.

АЛЖИР тұтқындарының фамилиялары жазылған қара мраморлы тақта...


 

Гүлжамал Майлина деседі...

Репрессия тек қазақ даласына төнген жоқ. АЛЖИРдегі жазаланушылардың тек жүзден бірі ғана, тек 87 қазақ қызы болған дейді. Қалғаны, орыс, грузин, украин, корей, поляк, молдован, әзірбайжан, белорусь, татар ұлттарының өкілдері. Осыдан-ақ, бұл күн тек қазақты аза тұту күні емес, бұл күн барша әлемнің ұл-қыздарын аза тұту күні екенің көруге болады...

 Әлем мемлекеттерінің ескерткіш монументтері

Музейдің дәл ортасында тасты жарып шыққан гүл гүлдеуде. Зобалаң тірліктің, тонналап көтерген жүкті ақындар гүлге теңеген ару жандар нәзік те жіңішке иықтарымен көтерді. Көтеріп, тас қамауды болашаққа деген үміттерімен, жарқын күнге деген сеніммен, балалары үшін, адал жарлары үшін жарып шықты. Жарып шығып ендігі мұндай сұмдық қайталанбасын деп тіледі. Тілек етуде, әлі күнге.

Тасты жарған гүл

 

№26 барак. Дәл осындай жазуы бар барак тұр музей алаңында. Бұл барактарда «жапон тыншыларының әйелдерін» сұрақтың астына алған. Әрине, ол кезде қазіргідей адами сұрақ қою дегенді білмейтін. Еркектерді «хайуандық» сұраққа тартатын, әйелдерге әйел деп қарамады.

Барак сыммен қоршалған

Көңіліме әсер еткен, санама ой салған мен көрген әйелдердің тозағы осындай...

Гүл шоғын қою рәсімі...

Музейдің бұдан басқа көптеген қызықты, тарихи, қорқынышқа толы экспозициялары бар. Оны мың рет естігенше бір рет көрген артық...

P.S: еліміздің бірнеше қалаларында болдым. Егер Астанада болсаңыз АЛЖИР-ге, Семейде болсаңыз "Өлімнен күшті" монументін көруге тиіссіз...