"Өлдің" дейді-ау...
жеке
блог

"Өлдің" дейді-ау...

Рас, пендемін... Қаншалықты алдыма мақсат қойып, соған жетуге тырыссам, кейде соншалықты өз өмірімді өзім тізгіндей алмай кетемін...

Мінезім де қызық. Тым қырсықпын. Айтқанымнан қайтқым келмейді. Өзімдікі дұрыс болса, соны дәлелдемей қоймаймын. Бірбеткей бұзықпын. Қойш деп қоя салу жоқ, қалағаным болу керек. Ойын адамның бет-жүзі, көңілі демей айта салатын... Бұл маған университетте сүйікті ұстазымның берген мінездемесі. Рас, солаймын. Мұндай мінезбен қай жерге дейін барарымды білмеймін. Бірақ студент кезімде де, қазіргі таңдағы жұмыс барысында да бұл мінезімнің кері әсерін көре қойғам жоқ. Алайда бұл мінезің опа әпермейді деушілер көп.

Сондай қатты мінезбен-ақ, кейде өз өмірімді өзім тізгіндей алмай кететініме таң қаламын. Мүмкін, қаншалықты қатты болсам, соншалықты жұмсақ шығармын...

Есімде... Агенттің дәурені еді... М-агент арқылы алғаш рет өміріме бейтаныс адам килікті. Ақмоншақ деген жалған атпен тіркелген адам, менің де, достарымның да мазасын үш ай бойына алған болатын. Мені, менің достарымды біліп, мазалап қана қоймайды, менің өткенімді толығымен білетін адам пайда болды. Оны да, мұны да мазалап, мені бопсалап біраз әуреге салған. Ешқашан ұмытпайтын шығармын... Есімі Ақмоншақ Бәйтерекова болатын. Мой мирі ашылмаған, ешқандай анықтамасы жоқ тіркелуші бірнеше ай әбден мазалаған болатын.

Ол енді ұмыт бола бастағанда, тура сол агентімнің паролі «ұрланды». Өзім кіре алмайтын боп қалдым да, белгісіз біреу тағы да мені елге жексұрын етті. Ол кезде микроблог деген сән еді. Менің агентімнен неше түрлі блог жазып, адамдарға хат жазып, мені тағы да «жаман қырымнан» көрсетті. Адамдарға ақталудан шаршадым. Бірі сенсе, бірі сенбеді. Кімнің кім екенін «баняға барғанда біледі екенсің» ғой.

Одан кейін агент сәннен қалды. Менің «агенттегі өмірім» де тынышталды. Басқа логин ашып, тек почта ретінде қолданып жүрдім. Сосын көп ұзамай жмайл-ға көштім де, майл.ру-ым еш ескерусіз қала берді. Мәәә, сондағы рахатты көрсеңіз ғой. Агент баланың тірлігі екен ғой деп, өзім бірден «өсіп» кеттім.

Одан кейін түрлі әлеуметтік желілер, блог жүргізу басталды да, онсызда қарбалас тіршілігіме еніп кетті. Интернет өмірімнің бір бөлшегі демеймін, бірақ олсыз болмайтын сияқты. Менің болашағым, жұмысым, бүгінім, ертеңім, наным бәрі де осы интернетпен байланысты болып отыр. Шүкір, балалық дәурен артта қалды деп жүрсем, қателесіппін. Жоғарыдағыдай еріккендер әлі де бар екен.

Кеше, осы түнде, тағы да мазасыз күй кештім. Сірә, маған біреу түн тыныштығын тілемесе керек-ті.

Әдетте ерте жатамын. Үйдегілердің бәрі жұмыстан келеді, таңертең жұмысқа кетеді. Бұрынғы жатақхананың өміріндегідей сенделіп түнгі 3-4-ке дейін жүре беру жоқ. Түнгі 11-де барлық светтер өшіп, ұйқыға кетеміз. Арамызда таңғы 6-дан бастап жұмысқа кететіндер бар. Сондықтан мамамыз орнатқан тәртіп бәрімізге ортақ.

00:30-дар шамасы, телефоным безек қағуда. Түнде ешқашан қоңырау келген емес маған, шошып кеттім. Астанадан Жанерке есімді құрбым хабарласып тұр. Телефонды көтерердегі бірнеше секундтарда ойыма неше түрлі ой келді. Амандық болса екен деп дұға еттім. Тұтқаны алғандағы жаңалығым сұмдық енді. Құрбым өзімнің «қайтыс болғандығым» туралы естіртті. Ой, алла, мұндай да болады екен ғой... Содан кейін келген звоноктарда шек жоқ. Фейсбук парақшама «Ақбота қайтыс болды» деген суық хабар тараған. Ең қызығы, өз парақшама өз атыммен жазылыпты. Түн жарымында ұйқылы-ояу, сенделдім де қалдым. Бір уақытта сергіп, Фб-ға кірейін десем, өз парақшама өзім кіре алмаймын. Тағы да әлеуметтік желілердің көмегіне жүгіндім. Twitter, Instagram арқылы көпшілікпен байланысқа шықтым. Батыс Қазақстан облысынан Рыскүл фб парақшамның паролін қайтарып алудың жолдарын айтты. Ноутымда интернет жоқ, телефонымның шамасы әлсіз болғандықтан Айқынның көмегіне де жүгіндім. Қысқасы жабылып жүріп, менің парақшамды қайтардық, әйтеуір. Мәселе парақшада емес. Бірақ, осы адамдар қызық! Менің Фб парақшам мен қайтыс болуым кімге керек болды екен? Тірі отырып, өзіңнің өлгеніңді есту де күлкілі шығар. Алайда мені адамдардың тым ұсақталып бара жатқандығы алаңдатты. Неге? Мұндай ұсқынсыз «қалжыңның» не керегі бар? Басқаның өмірі басқаға не керек? Бәлкім, бәріне кінәлі өзім шығармын... Тым көпшіл болмауым да керек шығар... Әйтпесе, сырттан (клубтардан) интернетке қосылмаймын, жұмыстағыны өшірмей шықпаймын, телефонымда паролімен сақталмайды... Мұны арнайы бұзып істемегенде не енді? Мен өз өмірімді сүріп жатырмын ғой, менің өмірім басқаларға не керек деш...

"Мне все-равно что вы обо мне думаете, я о вас не думаю вообще" деген Шанелдің сөзін үнемі қағида етуші ем. Бірақ адамдар тіршілігіңе араласа берсе де, қажытып жібереді екен...

P.S. Не жазып, не қойғанымды білмеймін... Мазаласам, айып етпеңіздер... Блог деген күнделік деуші едік ғой... ішкі ойларымды жазып, бір серігімесем болмады...