Жай ғана ой бөлісу
жеке
блог

Жай ғана ой бөлісу

Сөзімді неден бастарымды да білмей отырмын. Әйтеуір, өмір жайлы ойланып отырмын. Достарым айтпақшы "о жизни по жизни". Өмір кең ауқымда алынған сөз. Нақтырақ айтқанда, өзімнің мамандығым туралы ойланып отырмын. Журналистика жайлы.

Журналистика. Мен сүйген мамандық. Мен мектеп кезінен бері осы мамандықтың иесі боламын деп талпынып келе жатқан, осы мамандық жолында еңбек етіп келе жатқан сала. Тіпті, журналист боламын деген ойдың қайдан шыққанын да білмеймін. Мен өлең жазатынмын. Кішкентай кезімнен қолыма қалам мен блокнот құшақтап жүретінмін. Сол кездері жазған бір өлеңім мынау:

Туып өскен жерім,

Кіндік тамған жерім,

Ұмытпаймын сені,

Мәңгілікке сақтап,

Жүрем сені мақтап.

Бұл екінші сыныпта жазған өлеңім. Неге екенін қайдам, өзіме ерекше жақын өлең осы. Содан соң табиғатқа қарап қиялдағанды ұнататынмын. Табиғат маған шабыт әкеледі. Ол әдетім қазір де бар. Тауларға қарап отырып ұйқаспаса да бірдеңелерді шимайлап отырамын. Бірақ кішірек кездерімнен есейген кезге дейін менде журналист болам деген ой болмапты. Ұйқассыз болса да жүрекпен жазылған өлеңдеріме ағаларым риза болып toy box деген ойыншық алып бергендері есімде. Есейген сайын өлеңдерім мұңдана бастады. Көңіл-күйім болмаған кездері қаламға жүгінетінмін. Кейін біеулер "өлеңді психический ненормальный" адамдар жазады дейтін болды. Сонымен бұл қасиетті де тұншықтырдым, жазбай кеттім. Сол адамдарға арнап 

Көп достарым мән бермеуші еді өлеңге,

«Жазады өлең қиналған адам» деп қана,-деген өлең жолдарым әлі тұр. 

Тоғызыншы сыныптан бастап республикалық деңгейдегі олимпиадалар басталды мектепте. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін ұстазым Шахшанбанва Камшат әпкей (біз Таразда ұстаздарға "әпкей" деп айтамыз) маған "Гүлбану, сен қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиадаға қатыс. Сабақ үлгерімің жақсы, әрі жаза аласың.",-деді маған. Міне, осы күннен кейін өзімнің жазған нәрселеріме мән бере бастадым. Теледидардағы тележурналисттерге көбірек мән бере бастадым. Сол кездерден бастап журналист боламын деп нақты шештім. Оған дейін қандай мамандық иесі боламын деп ойланған кездерім есімде жоқ. Тек бастауышта оқып жүргенімде ұшқыш болсам деп ойлағаным есімде. Ата-анам мамандығыма қарсы болмады. Дегенмен, анам дәрігер болсаңшы деп біраз үгіттеді. Бірақ егер мен журналист болмағанда міндетті түрде дәрігер болар едім. 

Менің сүйікті журналистім - Дина Төлепберген. Әкем ылғи теледидардан Динаны көргенде "сенің кумиріңді көрсетіп жатыр" дейтін. Кейін алдыма нақты мақсаттар қоя бастадым. Мақсатыма біртіндеп жақындап келемін. Әр баспалдаққа мінген сайын мақсаттарымның да жауапкершілігі молайып келеді. Жеке өз қызығушылығымды қанағаттандыру үшін, өз тәжірибем үшін Алматы қаласындағы "Тележұлдыз" оқу орталығына қатыстым. Сол жерден жаңалықтар текстін жазуды үйрендім. Камерамен жұмыс істеуді үйрендім және дауыс қойдырдым. Жаңалықтарға даусым жақсы келетін сияқты, кеше дисктен көріп кәдімгідей мәз боп қалдым))).

Мен қарапайым студентпін. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 1 курс студентімін. Мамандығым: журналист. Қазір жазғы практикада жүрміз. Мен Алматы қаласындағы "Қазақстан" телеарнасында тәжірибе жинақтап жатырмын. Жаңыл апай мен Әсел апай бар білгендерін көрсетіп, үйретіп жатыр. Бағдарламалар кодировкасын жасауды, тайм код қоюды үйрендім. Монтаждың қалай жасалатындығын көрдім. Ертең Бота апаймен сьемкаға барамыз. Теория жүзінде алған білімді тәжірибе жүзінде өту ерекше сезім. Практикадан оралған әр күн жүзімізге күлкі сыйлайды. Күніге кешке жатақханада журналист достарымызбен көріп-білгенімізді бөлісіп отырамыз. Кей достарым практикадан соң ғана мамандықтарына ғашық бола бастады.

Сөз соңында айтқым келгені, мен армандаған емеспін. Мен үшін арман деген сөз орындалмайтын дүниені білдіреді. Мен тек мақсат қоя білемін. Кейде өзіме-өзім "Гүлбану, барлық адамдардың арманы бар. "Неужели" сенің ешқандай арманың жоқ?" деп сұрақ қоямын. Бірақ жауабын таба алмадым. Дегенмен, кішкентайымнан шығармашылыққа жақын болғандықтан бала көңіл осы мамандыққа алып келген болар. Бәлкім, кішкентай кезімде армандаған шығармын бір үлкен жазушы болсам деп, немесе бір ақын болсам деп. Мүмкін, кішкентай кезімдегі арман осы жолға мені жетелеп келе жатқан болар. Кім білсін?! Армандаңыздар достар, арман алысқа жетелейді!