Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
жеке
блог

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?

Әйгілі Ескендір Зұлқарнайын есімі мектеп қабырғасынан бері таныс па сізге?   Ендеше сол, Балқан еліне барған сапарым жайлы әңгімелеуді жөн көрдім.  Жалпы, Македония мемлекетін тек бұрынғы Югославияның құрамында болған елдің бірі ретінде ғана білуші едім. Түркияға оқуға келгелі Балқан мемлекеттерінен келген достармен таныс болдым. Сондай-ақ шетелдік студенттердің ішінен түркі әлемінен келген біздерден бөлек Балқаннан келген студенттерге де түріктердің ерекше ықыласын байқадым. Сөйтсем, түріктер мен балқандықтарды байланыстыратын нәрселер өте көп екен.

Түркияның Радио және Телевидение Жоғарғы Кеңесінің (RTÜK) ұйымдастыруымен және TIKA, BYEGM, Юнус Эмре  Институты, TRT телеарнасының бас директорлығы, Үскіп және Приштина Елшіліктерінің қолдауымен «Gelecekle iletişim» медиа семинарының тыңдаушысы болып қатысып қайттым. Бұл семинар – қатарынан алтыншы жыл өткізіліп отыр. Семинар мамырдың 15-17 күні Үскіп (Македония) пен Призрен (Косова) қаласында өтті. Түркияның әр түрлі жоғары оқу орындарында  журналистика және қоғаммен байланыс саласында білім алып жатқан 25 студент пен осы саланы бітірген, қазірде БАҚ саласында белсенді жұмыс жасап жатқан 10 шақты БАҚ қызметкерлері мен жоғары лауазым иелері бір ортаға жиналды.  Семинар барысында сөз еркіндігі шекарасы, медиада сөз бостандығы, құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандардың БАҚ қызметтерін пайдалануға мүмкіндік жасау жұмыстары  жайлы тақырыпта қызу ғылыми пікірталастар мен тың ұсыныстар айтылды.


Сонымен, Македонияның астанасы Үскіпке (Скопье) 14 мамыр күні таңертең келіп жеттік. Қаланың ең мықты деген «Александр» қонақ үйіне келіп жайғастық. Стамбулда білім алып жатқан Гүлдана есімді қазақ қызбен бірге бір бөлмеге орналасып, бір сағаттан соң жиналысқа төменге түсіңдер деген пәрменге қазақбайшылыққа салынып он минут кешігіңкіреп түссек, бүкіл топ қонақ үйден кетіп қалыпты. Уақытылы жүру керек екенін жақсы түсіндік. Бұл бізге сабақ болды кәдімгідей. Қонақ үй қызметкерлерінің нұсқауымен такси шақырып, қаланың орталығында орналасқан түрік базарына тарттық. "Сәлем" мен "рақметтен" басқа бір грамм македонша білмейміз. Бір қызығы, біз кездестірген әрі байқағанымыздай қаланың барлық дерлік тұрғындары ана тілдерінен бөлек ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Арасында түрікше сөйлей алатын албандар да бар. Македон тілі – түбі слав,  орыс тіліне туыс болып келетін  ортақ  сөздер көп болғанмен, жергілікті халық түсіне бермейді. Үйірімізді тапқанша біраз ескі османлы заманынан қалған түрік базарын аралай тұрдық. Бір түрікше сөйлейтін албан дүкеншіге кез болып, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Македонияның бүгінгі хәл-ахуалынан, тарихынан баяндап, бірталай әңгіменің тегін ағытты. Бірінші күні қаланың тарихи, көрікті жерлерін араладық, ертесі күні семинардың ресми ашылуы өтті. Үшінші күні де Македонияның басқа да қалаларын араладық.

Македония шағын мемлекет. Шағындығы сондай, астанасынан бөлек бір күнде үш қаласын аралап тастадық.  Халқы 2 млн-нан асады. Македондықтар мен қатар бұл елде албан, түрік, серб, цыған, бошнактар да бар. Түрік пен албандар саны жағынан көп болғандықтан арнайы диаспоралары бар. Кейбір аймақтарда  жүзде елу пайыз түріктер тұратындықтан, байрақ ілуге құқықтары бар көрінеді. Ауылдық жерлерінен көлікпен өтіп бара жатып Түркияның қызыл байрақтарын көзім шалып қалды. Түріктер мен қатар албандар да діндеріне берік. Осман империясы тұсында албандар мұсылман дінін қабылдаған. Мәселен Үскіптің орталығында орналасқан түрік базарының территориясынан әкімшілік орталығына дейін мұсылмандар орналасқан болса, қалған жартысынан ары қарай христиан-православтар тұрады екен. Сәйкесінше  мешіт, хамам, шіркеулер де осылайша орналасқан. Мұнда түріктер мен албандар діни жағынан бір сенім ұстанатындықтан екі ұлт арасында аралас неке кең жайылған.

 

Түрік базары

Византлардан қалған ескі қорған

Сағат мұнарасы

 

Скопьті кесіп ағып жатқан Вардар өзені. Маған өзен лай болып көрінді. 

Мын көріністердің бәрі астанасы Үскіптің (Скопье) орталығы

Мұндағы жергілікті түріктер бұл жерді өздерінің меншікті мекені, отаны деп біледі.  Өйткені,  түріктер Стамбулды Римдіктерден жаулап алмастан бұрын, I Мұрат Сұлттанның тұсында ең бірінші Балкан өлкелерін басып алған. 75 жылдан соң ғана Стамбул алынды дейді. Қазіргі астанасы Скопье деп аталатын Үскіп атауы да сол Османлы түріктері заманында қойылған. 1912-1913 жылдары Балқан соғысы кезінде мұндағы біраз түріктер Түркияға үдере көшкен. Атажұртта қалған түріктер бүгінгі күні бір үлкен диаспора.

Үскіптегі түрік диаспорасының өкілі, әрі «Түрік қозғалысы» партиясының бас хатшысы Энес Ибрахим мырзамен кездейсоқ таныс болдым. Энес мырза: «Македондықтарға қарсы ешқандай қарсылық әрекет жасамадық. Татумыз. Күніне бес сағат түрікше хабар тарататын түрік каналдары бар. Өз алдына  бөлек түрікше жарық көретін газет-журналдар, түрік мектептері бар. Түрік тілі жоғары оқу орындарында арнайы мамандық ретінде оқытылады. Тек Түркия үкіметі  Балқан елдеріне жәрдемескенде мұндағы өз түріктерін де ұмытпаса болды» деп жауап берді менің түрік үкіметінен Македония түріктері не қалайды деген сауалыма. Өзі Түркияға бұл жерді тастап оралғысы келмейтінін, басқа түріктер көшіп барғанның өзінде бұларға азаматтық берілмейтінін жасырып қалмады.


 Ал, Албан сатушының айтуынша, македон деген ұлт жоқ. Қазіргі македондар осы жерде тұрақтап қалған болгарлар-мыс. Македония бір замандары Рим империясы, Батыс Болгар патшалығы, Византия, Сербия және Осман империясының құрамында болған. Біз білетін Александр Македонский өмір сүрген Македонияның бір қысымы қазір Грекия құрамында қалған. Қазіргі Македония тек тарихи атауға ғана ие болып отыр. Сондықтан да Македониямен Грекия арасы әлі күнге дейін салқын екен. Елдің көкейкесті мәселелерінің бірі – шиелініскен ұлтаралық қатынастар.

Әуежайдан түсіп, орталыққа жетем дегенше қаланы өзімше іштей таразылаумен болдым. Стамбул сияқты әдемі шаһарды көріп келе жатқан соң ба, маған Үскіптің орталығынан басқа жері бір түрлі ауыл сияқты болып көрінді басында. Мұным дұрыс емес, әрине. Салыстыртын нысанды дұрыс таңдаған жөн. Ендеше, өзіміздің елмен салыстырып көргенім дұрыс шығар. Қайткенмен, тәуелсіздік жағынан түйедей құрдас. 1995 жылдан бастап НАТО мен Еуро одаққа мүше. Қаланың келбетінен-ақ, елдің әл-ауқатын байқап, баға беруге болатын сияқты. Бір түрлі көңілім толмады. Ескі. Көк тіреген зәулім ғимараттар жоқтың қасы. Тұрғындардың айтуынша орталықтағы зәулім деген ғимараттар мен әдемі мүсіндер соңғы бес жылда салынған көрінеді. Әлі де қала орталықтарының бір жағында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Македония қазір, зор бір экономикалық дағдарысты басынан кешіріп жатқандығын тұрғындардың өздері де әңгіме арасында айтып қалды.  Алғашында Измирде жүргенімде Балкан достарымның ағылшыншасы мен Еуропадан келгендігіне қарап, өзімнің Азиялық қыр баласы сезініп, бір түрлі олардан бір саты төмен санап кеткен ойларымды еске алдым.  Еске алдым да, бойымды бірден тіктеп алдым. Еліміздің оқ бойы озық келе жатқанын, бұрын көршілеріме қарап білетін болсам, енді өздерін еуропалық санайтын балкандардан әлдеқайда көш ілгері екенімізді бір бағамдап өттім. Семинарға келген өзге ұлттың өкілдерінің аузынан, біздің ел жайлы «Совет құрамында болған басқа мемлекеттер ішінде, Орта Азияда экономикасы жағынан оқ бойы оза шауып келе жатқан – Қазақстан» деген сөзді есту мен үшін ең үлкен мәртебе. Македония архитектурасы жағынан Түркияға қатты ұқсас. Түркияға қарағанда аздап үлкендеу көрінді тұрғын үйлері. Бірақ, табиғаты қатты ұнады. Түгел дерлік жап-жасыл аймақ. Қара және түсті металлургия кәсіпорындары жолға қойылған. Македонияның теріден жасалған аяқ киімдері мен қыштан жасалған ыдыстары мәшһүр екен.

Тері аяқ киімді ескіде шошқаның терісінен жасайтын көрінеді. Ал қыш қазанда піскен тағамның дәмі ерекше болады дейді. Македония – аграрлы-индустриялы ел. Күріш, жүгері, бидай өсіру басым. Бау-бақша, жүзім, темекі өсіру, қой шаруашылығы дамыған.

Ет демекші, күнделікті түскі, кешкі асымызда ет, тауық, балықтан көз ашпадық. Кесек-кесек қаракесек еттерден мол салады екен тәрелкеңе. Измирде ет дегенде тек фаршты ғана жеп үйреніп қалған асқазаным біраз етті жатырқап қалыпты. Алғашқы күннен соң ет жеуден қалдым. Асқазаным ауырсынды. Мұнда бір қойдың бағасы 80 доллар. Бұл дегенің кәдімгідей арзаншылық. Негізі тағамдары ұнады. Ыстық нандары мен, ірімшік қосылған салаттар. Ірімшіктің де жеті атасы бар. Сондай-ақ, бал арасын өсіру жақсы дамыған. 80 мыңнан аса омарта бал береді. Міндетті түрде шәймен бірге кез-келген тамақтану орны бал ұсынады. Өзіміздің сүтті шәйді де қалағанымыздай тапсырыс беріп жүрдік. Түркияда іше алмаған сүтті қою күрең шәйді македондықтар дайындап берді. Түркияда шәйға сүт қосып ішсең де біздегідей шықпайды дәмі де түсіде. Осылайша, жат ел жатсындырмады. Достарымыз бізге күліп қояды. Қазақтар ағылшындықтар ұқсап қашаннан сүтті шәй ішетін болғансыңдар өздеріңше болып деп. ))  Тамақты суретке түсіре алмайтын ұялшақтығымнан, суреттерді көрсете алмай отырмын.  

Елдің басым бөлігін тік жартастар мен терең аңғарлар, жап-жасыл орманды аумақтар алып жатыр. Алла табиғатты аямай беріпті.  Маған ұнағаны, әсіресе Албаниямен шекаралас жатқан Струга деген жердің табиғаты.

Охридтен бір көрініс.

Астанасы Үскіптен бөлек Охрид қаласында осы атпен ең үлкен көлдері бар. Охрид қаласы Македонияның туристік мекені. Қала айтарлықтай көрікті емес. Тек Охрид көлімен Арбатқа ұқсаған бір көшесі өте сәнді көрінді. Мұнда Еуропадан келген туристерді көп кездестірдік.  Македония саяхаты жайлы бірінші бөлімді аяқтадым. Жалғасы бар.