Қысқы сағыныш

Қысқы сағыныш
жеке
блог

Кішкентай күнімде қыс мезгілін асыға күтетінмін. Пеш жағып, үй жылынған кезде әкем даладағы бар тірлігін аяқтап, үйге келіп теледидар қараушы еді. Әкемнің ерке қызы емеспін бе... еркелеп алдына отырып алатынмын. Аппақ жапалақтап жауған қар, суық ызғарлы күнде аққала жасап, сіңлім, әпкем, ағам төртеуміз қосылып қар атысып ойнайтын кезімді әлі күнге дейін сағынам. Әттең-ай, сол кез қайта оралса ғой?! Әрине, ол қол жетпейтін арман іспеттес күйге енді. Оралмайтын шығар. Оралмайды да.

Есімнен мына бір оқиға кетер емес. Мен туралы жазбайсың ба деп тұрғандай. Жіпке тізгендей жазып бере алмайтын шығармын, есімде қалғаны болмаса:

...қыстың соңғы айы еді. Сіңлім екеуміз далаға шығып аққала жасадық. Күн жаздың аптап ыстығындағы күннен айнымай кеткен. Жауып ұрған алтын шапағы даланы нұрға бөлеп, бізге де қуаныш сыйлады. Үйге көңіл күйіміз жоғары, мәз болып кірдік. Бұл жағдай әпкемді таң қалдырды. Себебі, менің жасым үлкен болса да, сіңліммен келіспей қалып төбелесіп қалатын кездер жиі болушы еді. Әсіресе, қысқы далада. Сонда әкем: «Еһ, ұл болып тумадыңдар-ау! Тусаңдар ғой, шіркін! Оңдырмас едім!», - деп ұрсушы еді. Қайдам, ол кездегі балалық па, білмеймін. Ойынға қызу беріліп, қалай шу шығарып, төбелесіп кететінімді байқамайтынмын. Бір қызығы, үлкен болсам да, сіңлімнің таяғын жеп үйге жылап бірінші болып өзім келетінмін. Міне, әпкемнің таң қалған себебі осы.

Балалық қой шіркін, Аяз атаны бар деп жүріппіз. Үнемі сыйлыққа кәмпит әкелетін еді. Аққаламыз бар, енді Аяз атаға хат жазуға бекіндік. Ойымызды әпкемізге айттық. Сіңлім мектеп табалдырығын әлі аттаған жоқ, жазу танымайды. Ал, менің жазуымды Аяз ата оқи алмай ма деп қорықтық. Сондықтан әпкемізден хат жазуын өтіндік. Хат мәтіні төмендегідей:

«Құрметті Аяз ата! Жаңа жылыңызбен! Біз сіздің барыңызға сенеміз. Жаңа жылға бізге 200 теңге салып берсеңіз болғаны. Ізгі ниетпен Алуа, Жанар».

Қуана хатты қолымызға алып, аққаланың қалпағының астына салып қойдық. Содан күнде аққаланың қалпағын бағумен жүрдік. Кейін ол туралы ұмытып та кетіппіз. Бірақ, 200 теңгені не үшін сұрағаным есімде қалмапты. Қазір есіме түссе, езуім екі айырылмай қоймас. Сірә, сол кездегі қымбат ақша секілді.

- Аяз аталарын жауап жазыпты, - деді әпкем бір күні. Қолыңдағы хатын жұлып алып, әріптерді бір-біріне әрең қосып (сол кезде 2-сыныптың оқушысы едім), оқып шықтым әйтеуір. Бізді де жаңа жылмен құттықтап, суреттер салып қойыпты. Сұрағанымыз болмай шықты. Хаттың сырты да ауыстырылмапты.

Алғашында сендік. Кейін оның әпкеміздің істеп жүрген ісі екенін білдім. Алайда, оны сіңліме де, әпкеме де айтқан жоқпын. Сол кезден бастап Аяз атаның барына күмәнмен қарайтын болдым. Есейе келе, оның тек ертегілер мен мультфильмдерде өмір сүретінін білдім.

...Арада бірнеше жылды артқа тастадық. Аула аппақ қарға көміліп жатыр. Әсіресе, биылғы жылы қар мөлшерінен асып түсіпті. Бірақ, ешкім аққала жасап, қар атысып ойнамайды. Далаға сән беріп, у-шулап жүгірген балақандар жоқ. Есейіп кеткен.

2.02.2013 ж.