Мен ҰБТ тапсырған күн

Мен ҰБТ тапсырған күн
жеке
блог

04.12.2012

Күні кеше ғана соңғы қоңырау үні сыңғырлап, алтын ұя мектебімізбен, ондағы тұлпарларын баптап ұшырғалы отырған аяулы ұстаздарымызбен, бірнеше жыл бірге оқып, тай-құлындай тебісіп бірге өскен сыныптас достарымызбен, енді бізбен ешқашан қауышпайтын мектеп формасымен, мектеп күнделігімен, қос бұрым етіп тағатын әдемі ақ бантикпен, балғын балалық шағымызбен қимай қоштасып, тест болуына бақандай он күн бар деп жүргендей едік. Көзді ашып-жұмғанша келді де қалды маңызды сынақтан өтетін күніміз.

...Тестке де кірдім. Ұялы телефондарды металл іздегішпен тексеріп кіргізді. Бейнебақылау жұмыс жасап тұр. Кезекші мұғалім өз жұмысына адал, адамгершілігі мол, өте керемет ағай болды.
- Мен бір оқушыны көріп тұрмын, жарты сағаттан бері «шпорын» ала алмай қиналып отыр. Ол уақыт орнына қаншама есеп шығаратын едің. «Попытка» деген соңғы жарты сағатта да болады ғой. «Шпорларыңды» сағат он екіде шығарасыңдар, - дейді. Жел соққанда есік «тарс» етіп жабылып кетіп еді, өлі тыныштықта отырған біз шошып кеткенімізді жасыра алмай қалып жатсақ: «Не бойтесь, я с вами»,- деп күлдіріп алады арасында. Сағат он екі болғанда: «Ал шпорларыңды шығарыңдар», - дегенде көпшілігі жапа-тармағай шығарып жатыр еді, барлығын жинап алды. Кейбір қыздар мысқылмен өкпесін білдіріп жатыр:
- Ағай, не деген ізгі ниетті жан едіңіз! Солай жасауға да бола ма екен?! – деп. 
- Мен пайдаланасыңдар деген жоқпын. Шығарасыңдар дедім, өздерің шығардыңдар, - дейді. 
Ойдағыдай тапсырдым. Ақылым мен еңбегім екі жақтап өзімді алып шығады деп сеніп бардым. Ештеңе пайдаланбай, ешкімнен көмек алмай, тым қатал болатын тесттерді бұрын соңды көрген жоқпыз емес, көріп жүрміз. Өзімді байқау сынағында (пробный)  отырғандайдай сезініп, еркін отырдым.

Көп ұзамай қорытынды шықты. Қуанып жүргеннен мұңайып жүрген адам көп. Тіптен 100-ден жоғары ұпай жинаған оқушының да жүзінде қуаныш толқыны байқалмайды. Ауыз толтырып айтуға жарайтын ұпай болғанымен көңілге қонымсыз. Қаншама жыл «беске» оқып келіп аттестатымда «төрт» алдым деп жылаған оқушылар аз болмады. Барлық оқушы тарих пәнінің тестіне өкпелері қара қазандай. Жартысынан көбі жаңа сұрақ. Мұндай сұрақтар болса ең құрығанда соңғы шыққан алпыс байқау кітапшасына енгізгенінде, сол арқылы дайындалушы едік қой. Бағы жанып аз ғана дайындықпен кірген оқушылар «бестік» алып жатқанда, қаншама уақыт бойы дайындалып, байқау тесттерінде 25 ұпайды толық жинап жүрген оқушыны бұл жағдай қынжылтары сөзсіз. Шынтуайтқа келгенде, оқушының тағдырын шешетін тест деген нәрсе дұрыс емес. Оны тек дұрыс нұсқасымен жаттауға тура келеді. Әйтпесе шегіне жету мүмкін емес. Каншама жыл бойы солай дайындалып дағдыланған оқушы біреу кез келген сұрақ қойса вариантын сұрауға дайын отырады. Мұндай жағдайда сұрақ қойған адамның өзі ыңғайсызданып, ойдан вариант жасауға тырысады. Қазақстанның дамыған мемлекеттер қатарынан қалмаймыз деп ҰБТ енгізуін құптамаймын. Баланың ойлау қабілетін шектейді. Барлық оқушы билет суырып, емтиханға дайындалса тестке қарағанда бір тақырыпты қамтитын бірнеше нәрсе білер еді. Дамып кеткен елдермен салыстырғанда Қазақстан білімі төмен. Оқушыларға білім беріп жүрген кейбір оқытушылардың өзін оқытатын адам керек. Көп жердегі «мен мұғаліммін» деген «жалақы алсам болды» деп мектепке орналаса салған адамдар жоқ деп айта алмаймыз. Балалардың білім мен тәрбиені қатар сіңіріп, жақсы азамат болып қалыптасуына әсер ететін маңыздысы – мектеп болып табылатын шақты, мектептің жүректері, яғни ұстаздары әлсіз болса одан қандай білімді, тәрбиелі ұрпақ күтуге болады!? Келешек ұландар болашақ өздерінің қолында екенін түсініп, білекті емес, білімді жығатынын шын сезініп, бар күшін оқуға салса деймін. Қазақстанның болашағы үшін бар үмітім жас ұрпақта. Аз болса да осындай ұландар өсіп келе жатқанына, оларға сындарлы ақыл мен сана бергеніне Аллаға мың шүкір.

Екі жыл бұрын күнделігіме осылай жазыппын.

Енді биылғы ҰБТ тапсырушыларға сөз арнайын десем, олар қазір тесттен басқаны көруге көздері босамай жүріп, мұны оқитына күмәнім бар.  Дегенмен, бір адамға болса да көмегі тиетін болса, жаза кетейін. Қатты қорқып, уайымдай бермеңіздер! Тест кезінде өздеріңізді өте еркін ұстаңыздар да, кез-келген қиындықты күліп қарсы алыңыздар. Жүректеріңізде Алла, жандарыңызда ата-ана бар кезде, ҰБТ-ның қиындығы деген түк те емес. Жоғары оқу орнына түскенде мұны жете түсінетін боласыздар. Сол күнге жетесіздер, бұйырғаны болады! Мен сіздерге сенемін!