Кезексөз жеңімпазы: Есімде қалған жаз

Кезексөз жеңімпазы: Есімде қалған жаз
жеке
блог

Massaget.kz редакциясынан: Бұл блог "Есімде қалған жаз" кезексөзінде ең көп дауыс пен көрілім жинап, аталған кезексөз жеңімпазы атанды.  

Пікір жазуға пысықтық танытқаныммен, блог жазуға аса батылым бара бермейтін маған кезексөздің кезегін ұсынған Айшаға алғыс айтам.

      Әрбір жаздың бір ерекшелігі бар. Сабақтан, оқудан, жұмыстан демалатын бір тамаша кез ғой. Жаз десе бірден балалық шақтарымыз есімізге түсетін шығар көбіміздің. Мен қазір ақтаулық атанып жүргеніммен, өзім Ақтөбеде туылып, Ырғыз ауданында өстім (7 жасыма дейін). Ауылымыз (аудан орталығы) өзенге жақын болатын, жаз түсе салысымен өзенге шомылып, ересектер балық аулап, қызыққа бататынбыз. Күнге жай ғана күйіп емес, қақталып қалатынымызды, табанға кіретін тікенді елемей, жалаң аяқ өкпеміз талғанша өзенді жағалай жүгіріп, ойнап жүріп қозы-лақ бағатын кездер әсте ұмытылмас.

    Үйдің сырт жағында жүрмей тұрған жарамсыз бір үлкен арба бар еді. Үйден мамамызға көрсетпей жасырып алып шыққан үлкен простыня, жұқа маталарды сол арбаға іліп, шағын «сахна» жасаймыз. Мектептің 3-4-сыныптарында оқитындары арамыздағы ең «ересектері». Солар концертті басқарып, жүргізеді. Біз кезегімізбен қолымыздан келген өнерді көрсетуден аянып қалмаймыз. Ол кезде үнді фильмдерінен көрген-білген ән-билерді ортаға салу сәнде еді ғой. Ауылдың бүкіл балалары көрермен болады. Әр номер сайын сыйлыққа бір-бір ойыншық иемденеміз. Артынан бір «үлкен себептермен» ренжісіп қалсақ, сыйлаған ойыншықтарды қайта тартып алады иелері, «Енді мен саған концертте қол шапалақтамаймын! Ештеңе сыйламаймын!» деп қоятындарын қайтерсің)). Көрермен боп келіп, «сахнамызды» төңкеріп, «кешіміздің» астаң-кестеңін шығарып кететін жазғы каникулға келген бөтен ауылдың бұзақы балаларына әбден қанымыз қайнап, әліміз келмегесін бір жылап та алатынбыз.

      Ауылдың таңғы саф ауасы ерте тұрғызбай қоймайтын. Ертелетіп таңғы шай ішіп алып, орталық көшеге көз тігеміз. Ол жолмен ауылдың бүкіл сиыры өріске аттанады, жай аттанбай, жолды «олжаға» толтырып кетеді. Сиырлар үдере жүріп өткен бойда, ауылдың бар баласы жолға жүгіреді, олжадан құр қалмау үшін. Бір-бір толы қапшық, қап-қара болған қолдар. Кімнің қапшығы ауыр екенін салыстырып, мақтанамыз. Қолдағы иістің оңайлықпен кетпейтініне бас қатырмаймыз. "Қыстың қамын ойлатқан" жаздағы үйреншікті әрі көңілді жұмыс осы - тезек теріп, оған шөп, т.б. араластырып, қи басып, кептіріп, оны "әдемілеп" сатылап жинау болатын.

      Жыл суытпай ауылыма барып, аунап-қунап қайтуға асығып тұрам, маған салса балалықпен ешқашан қоштаспас ем, ешқашан көңілге күз түспейтіндей сезінетін бала кездің жазын, сол алаңсыз шақты сағынарымды кім білген?..

     Балалық бал дәуреннің ең қызықты, қуанышты сәттері осы жаз мезгілімен байланысты болса керек. Ең көңілді әндерді де құлпынай, қарақат теріп жүріп, осы мезгілде айтушы ек қой?..

      Ал қазіргі, ақылы кемерінен асып тұрмаса да, есейген Нұршаттың ең ұмытылмас жазы былтыр болған сияқты. Сыршыл, жұмбақ мезгіл тек күз шығар деп ойлайтын маған бұл бір тосын құбылыс болды. Аздап мұңды әндер де сол жазда сыңсыған болар. Десе де, салтанатты сазым шырқалатын, жүрегіме жасыл желегін жаятын жазым әлі алда деп үміттенем.

 

Кезексөзді жазбаны аз, бірақ әдемі жазатын Нұрлан Оралбайға ұсынамын, ол әлі кезексөзге қатысып көрмепті.