Кешегі бизнесмен-бүгінгі қайыршы

Кешегі бизнесмен-бүгінгі қайыршы
жеке
блог

«Дүние алма-кезек» деген рас екен. Күн өткен сайын көзім жетіп келеді. Бұрын әкемнің әруағына дұға бағыштап, Алладан жанын жәннатта етуін сұраушы ем. Ал қазір оның «дұшпан достарына» да медет тілейтін болдым. 

Осыдан он жыл бұрын әкем өмірден озғанда, оның серіктес досы (кезінде айырылмас дос болған) оны банкрот деп жариялап, бізді тіпті баспанасыз да қалдырып еді…

Негізінен газетіміздің мәселе бетіне тек қоғамдық мәселелерді жазып жүргем. Өткен аптада қоғамның әлеуметтік бір тобы қайыршылар туралы жаздым. Сол кезде адам көп шоғырланған жерлер деп, Көк базар, Саяхат, Алтын орда сияқты базарларды аралап шықтым. Қайыршылармен сөйлесуге, сыр тартуға тырыстым. Бірақ айтпағым бұл емес. Сол қайыршылар туралы зерттеп жүргенімде өмірімде алғаш рет қатты толқыдым. Не істерімді білмей састым.

Бір қайыршыға жақындап, қағаз ақшаны алдына қойдым да, отырып сөйлеспекке бекіндім. Мен жанына отырғанда ол басын көтеріп қарады. Жанары сондай таныс. Ой, Алла… Мұндай да болады екен. 

Жерде тізерлеп отырған қайыршы он жыл бұрынғы бізді жылатып далаға шығарып жіберген кісі. Әкемнің серіктесі. Түрі сондай қорқынышты болып кетіпті. Кір-қожалақ. Қолтығынан демедім да мекен-жайын сұрап, үйіне әкелдім. Қанша дегенмен әйел адам емес пе, мені көріп жылап алды. Басында танымаған еді. Өткенді айтып есіне түсіруіме тура келді.

«Мені Құдай ұрды. Сенің әкеңнің әруағы атты. Сендердің көз жастарың жібермеді. Біраз уақыт өткенде өзім банкрот болдым. Жиған-тергеннің бәрінен айырылдым. Қызым шетелдік азаматқа тұрмысқа шығып, бізбен атқұйрығын кесісіп кеткен. Күйеуім мен ұлым сотталып кетті. Соқа басым сопайып жалғыз қалдым. Бір кездердегі сендер сияқты мен де далада қалдым» деп көз жасын көл қылды. 

Бұл ұйғыр әйел кезінде өте іскер еді. Оның жұбайы мен менің әкем дос болатын. Екі ер-азаматты бизнеске тартып, жетелеген де осы әйел еді.

Бұрынғы қорлықтары дәл бүгінгідей көз алдымда болса да, ол әйелге жаным ашып кетті. Қанша мықты бизнесмен болса да, әйел ретінде менің анамдай мықты емес екен. Менің анам бұрын үй шаруасындағы ғана әйел бола тұра, әкем қайтыс болғанда кәмелет жасқа жетпеген төрт бала-шағамен күнін көріп, ел қатарына қосып, тіпті еш қиындық көрмей өсуімізге жағдай жасады.

Ал мықты деген мына бизнесмен әйелдің бүгінгі тіршілігіне жаным ашып кетті. Үйге келіп, «Арада қаншама жыл өтті. Бәріміз есейдік. Сіз бізді қатарымыздан қалдырмай өсірдіңіз. Енді бізде сізді жарқырап жүруіңіз үшін жанымызды саламыз. Десе де әлгі әйелге көмек берейік» дедім. Мамам қаладағы мектептердің бірінде комендант болып жұмыс істейді. "Өз жаныңа алшы, пол жуса да күнін көрсін" деп өтіндім. Мамам үндемеді. Жүректе қатқан жараны тырнап жіберсем керек, сірә… Әлі де ойланып жүрген болар деп үміттенемін. Анамды да түсінем. Қиын. Бірақ ол әйелге шынымен көмек бергім келеді. Еш міндетсіз. Қайтсем екен…

P.S. Әлгі әйелді суретке түсіріп алайын деп ем, бірақ табалағандай болып қалармын деп ыңғайсыздандым.

БІР КЕМ ДҮНИЕ...