«ЕС 145» тікұшақтарын құрастыратын зауыт

«ЕС 145» тікұшақтарын құрастыратын зауыт
жеке
блог

Халықаралық «KADEX-2014» қару-жарақ пен әскери-техникалар көрмесі қарсаңында «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» бірлескен кәсіпорны ЕС 145 тікұшақтарын құрастыратын зауыт жұмысымен таныстыру мақсатында Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырды.

Зауытта әуелі біліктілігі жоғары мамандар өздерінің қызметтері жайында баяндап, жұмыс жасау процесстерімен таныстырды. Қазіргі таңда зауытта көпсалалы ЕС 145 тікұшақтарын құрастыру, оны бояу, медициналық құрал-жабдықтар орнату, қосылған құрылғылар мен жүйелерді икемдеп, тестілеуден өткізу, сондай-ақ ұшу сынағы жүзеге асырылады.

Тікұшақтың басты ерекшелігі – үнемділігі: сағатына 200 литр жанармай жұмсайды. Ұшу қашықтығы – 715 шақырым. Екі ұшқышпен қатар, көлік бортына арнайы мақсаттағы отрядтың 8 сарбазы немесе 2 зембіл сияды, сонымен қатар мұнда қосалқы медициналық құрал-жабдыққа арналған орын бар. ЕС 145 әуе көлігі әлемдегі ең қауіпсіз тікұшақтардың бірі болып саналады. Компанияның оқыту орталығының жетекшісі Мадияр Қаражановтың айтуынша, «Еврокоптер Қазақстан Инжиниринг» компаниясы техниктер мен ұшқыштарды ТМД және Орта Азия аймағында ағылшын және орыс тілдерінде оқыту ісін жүзеге асырады. Мамандардың айтуынша, зауытта тікұшақтарды құрастыру жұмысының көлемі ұлғайып келеді. Алдағы 6 жылдың ішінде өнім жұмысын 30 пайызға дейін арттыру межесі тұр. Айта кетейік, Халықаралық «KADEX-2014» қару-жарақ пен әскери-техникалар көрмесі Қазақстандық тұтынушымен қатар, шетелдік тұтынушыға да өз өнімін таныстыруға мүмкіндік береді. Аталған көрме 22-25 мамыр күндері Астанада өтеді. 

Дайындаған: Олжас Болатбекұлы