«Далбаса тірліктен дәйекті іске бет бұрсақ»

«Далбаса  тірліктен дәйекті іске бет бұрсақ»
жеке
блог

Лингвистикалық сұқбат 7

 

  •  ·Саясатшы Петр Своик: «Орыс тілі – әлемдік тіл. Бұл тілсіз Қазақстанда мемлекет басқару ісі әлсірейді» деді. Бұл туралы не айтасыз? Негізі бұл шындық па?
  • Түрік тілі орыс пен ағылшынға сүйенбей-ақ мемлекетті басқартып отыр ғой. Әлемдік деңгейдегі технология меңгерген кәрей тілі де елін азиялық барыстардың бірі етті! Сол секілді өзбек,түрікпен,әзер тілдері де орыс тілісіз болмаса басқа бір әлемдік тілсіз мемлекеттік мәртебені аман-есен атқаруда. Әзербайжан даму рейтингі бойынша әлемде 46-орында, біз 51-орындамыз. Ал мемлекетті басқаруға келсек, Қазақстанды басқарып отырған лауазымдылар мен шенділердің кемінде 90 пайызы - қазақ. Солардың бәрі өзара бір күнде қазақша қатынасып кетті дейік, сонда оның мемлекетті басқаруға қандай кесірі тимек?

Әрине, мәселе тіліміздің мемлекеттік жұмыс тілі болуында. Ол тілдік ортаның қаншалықты қазақ тілін меңгеруіне қатысты. Тілдік орта ауызекі және жазбаша тілдік қолданыстан тұрады. Егер мемлекеттік қызмет саласында осы талаптар бойынша жұмыс жасалып, пәрменді міндет қойылса, 2-3 жылдың ішінде ешкімге байқаусыз-ақ қазақтілді мемлекеттік қызметке көшіп кетер едік.  Неге байқаусыз? Мемлекеттік дәліз бен кабинет тілі қазақ тілі болса, оны кім байқауы тиіс? Халыққа шенділердің өзара қай тілде сөйлесіп, жазатыны маңызды емес, бұқараға керек ақпаратты мемлекеттік тілмен бірге басқа тілдерге де аударып беру көзделсе - жеткілікті. Қағаздардың бәрі қазақша болып, баяндама қазақша жасала береді және басқа тілдерге ілеспе аударма жүре береді. Яғни қазақ тіліндегі мемлекеттік қызметтің ауыртпалығы Своикке де, басқаларға да түспейді. Мәселен соның қолға алынбауында болып отыр.Тіпті, қазақтілді қызметкер үшін орыс тілін мемлекеттік қызметке қолдануға душар етілген ақуал қалыптасқан.

Своиктің бір пікірімен санасқан жөн. Ол 2009 жылы Мұқтархан Тайжанмен пікірталаста, «20 жылдың ішінде қазақ элитасы тілге қатысты ештеңе тындырмады, ең болмаса қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне көтеру керек еді – дейді. Оның бұл сынына қосылам. Мемлекеттік тілді дамыту Президент қорында істегенімде, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер үшін кірікпелі қостілдік ақуал орнатуды ұсынғанбыз, оның мәні – қазақ тілін ұғатын, бірақ сөйлей алмайтын орыстілділер үшін, керісінше орысшаға шорқақ қазақтілділер үшін өзара бір тіл емес, оларды бір бірімен ана тілдерінде қатынастыру. Яғни сен ұйымдағы жұмыс барысында қазақша сөйлей бересің, ал орыстілді бауырың орысшасын қолдана береді, бастысы бір біріңді ұғасыңдар. Осы ақуалды Ісжүргізім тәжірибесіне де енгізуге болады, сонда бірте-бірте оны мемлекеттік тілдің пайдасына бұруға алғышарт жасалар еді. Кәзір қазақтілділер мемлекеттік қызметте тек қана орысша сөйлеп, жазуға мәжбүрленген. Себеп – билік дәлізінде орыстілділер түсінбейді деген қағида орныққан. Ең болмаса, мемлекеттік қызметке қазақша сөйлемесе де, ұқпайтындар алынбауы керек қой. Қостілді елде біртілді адам мемлекетте неге қызмет етеді?

2009 жылы Ерлан Қарин мен Берік Әбдіғалиевтер Қарағандыға қазақтілді қазақ емес 300 жасты жыйнап, форум өткізді. Сонда әлгі жастар қазақша сайрап, мемлекеттік қызметке бізді қашан аласыңдар деген мәселені төтесінен қойды. Бірақ ол Ерлан мен Беріктің қолында емес қой. Мәселе сол күйінде қалды. Своиктер осы жағдайды өз сөзіне арқау етіп, айта беретіні содан.

  • Тілдік сана мен тіл саясаты неге бір мақсатқа бірікпейді?
  • Тілдік сана деген ғылыми сала бар. Өкінішке орай, ол - біздің ғылымымызда әлі қалыптаса қоймаған сала. Бұл ғылым бойынша, әрбір тілге сәйкес этностық сана қалыптасатыны, ұлттық идентификациялық ойлау қабылеті орнығатыны,оның негіздері сол тілдегі әдеби-мәдени мұралар екендігі дәйектелген. Ойлау жүйесі орнықпаған баланың бірнеше тіл логикасын тежейтіні де осы салаға тән айтылуда.Егер біздің ел осы ғылымға назар аударса, баланы 7 жастан бастап үш тілмен мыйын ашытуды қолға алмас еді. Қысқасы, біздің елде тілдік саясат ғылымға маңдай тіремеген, көңіл күй мен өтпелі дақпыртқа, желбуаз насиқатқа  негізделген. Біз неғұрлым тілдік саясатты ғылымға арқа сүйетсек, бұл салада мәселе соғұрлым тез, сырқаусыз шешіледі. Сонда өзімізді өзіміз алдаусыратып, фестивальмен уақыт оздырмас едік.
  • Тіл саясатындағы тұйықтан шығар жол?
  • Шығар жол: тіл саясатындағы мәселелерді нақты айқындап, соның шешу жолдарының бәрін ғылыми негізде белгілеу мен заңдық құзырмен бекітуде. Бізде қазақ тілін үйрету әдістемесінің тілді үйрету мен оны бағалауды сабақтастыра қарастырған әлемдік деңгейдегі жүйесі жақында ғана ҚазТЕСТ орталығында пайда болды. Бұған дейін әр облыс, әр ұйым, әр мекеме,әрбір әдіскер өз әдістемесін, оқулықтарын балалатумен келді. Олардың тиімділігін ешкім бағалаған емес, олардың нәтижесін бағалайтын құрал болмаған. Қазтест орталығы қазақ тілін білу деңгейін бағалаудың мемлекеттік стандартын бекіттірді. Сайты мынау: http://kazakhtest.kz/kz/  Соның негізінде тіл деңгейін бағалаусыз үйрететің әдістемелердің тиімсіз екендігі мәлім болды. Яғни соңғы он жыл бойғы шығын мен тілді үйрету біржақты түрде бағалаусызжүріп келген. Біз осы мерзім ішінде жұртты тіл білу деңгейін бақыламай, оқыта беріппіз!

Тығырыққа тірелудің тағы бір себебі – тіл саясатын әркім қолсүрткі қылып отырғанында. Елде тілмен айналысатын қыруар мекеме,органдар мен ұйымдар бар, бірақ олардың ісі жүйесіз, кімнің немен шұғылдану керектігі айқындалмаған, ара-жігі ашылмаған. Мәселен, бір тіл басқармасы алады да мультфилм шығарады, біреуі балаларға арналған оқулық,әдебиет басады. Ал, бізде баланы оқыту мен тәрбиелеу мәселесі Білім және ғылым министрлігінің құзырында, оның жергілікті бөлімшелерінде емес пе? Кино,мультфильм шығаратын Қазақфильм студиясы бар емес пе?! Соларға неге тапсырыс мемлекеттік деңгейде берілмейді? Тіл басқармасы шығарған мультфилмьдер қандай сапаға ие?

Оның есесіне, ол басқармалар Тіл саясатымен айналысуы керек,яғни мемлекетті басқаруға қажетті қазақ тілін қолдануды үйлестіруі керек. Тілдік ортадағы қазақ тілінің ықпалын қалай арттырамыз? Мемлекеттік қызметте қанша шенді іс жүргізеді,қанша бастық баяндама,есеп жаза алады, кім ауызекі сөйлейді, кім әдеби, ғылыми, іскери тілді меңгерген? Соларды қолға алуы керек те, оларға қажетті құралдарды ғылыми түрде әзірлеуге міндетті білім мен өнер саласындағы мекемелерге тапсырыс берсе, жеткілікті. Сонда ғана әркім өз орнында міндетін атқарады.

Жыл сайын қыркүйек айында өткізілетін Тіл фестивалі де Тіл басқармаларының міндеті емес. Ол қоғамдық ұйымдар атқаруға тиісті үгіт-насиқат деңгейіндегі шаралар ғана.Ал, біз қазақ болып кеткен қазақ еместерді жыйып алып, солардан шоу жасаймыз! Өзімізді өзіміз солай алдаймыз, ол кімге керек? Қысқасы, далбаса тірліктен дәйекті іске бет бұрсақ қана тығырықтан жол табамыз.

  • Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен - Бейсен Ахметұлы.

"Қазақия" газеті

 

P.S. Құрметті оқырманым!

Жаңа әліпбидің тұжырымдамасына негіз болған лингвистикалық инновацияларымды, биыл жарияланған осы сұхбатты блогқа жариялап, сіздермен бөліскім келді. Терең ғылыми тұжырымды қабылдап, ілесетін оқырманның кейбір лингвист ғалымдардан артық жері мол екен. Көзім жете түсті. 

Әрине, бұл тіл мәселесін шешудің ішірткісі емес. Жеке ұстанымға,идеяға  және ұзақ жылдар бойғы тіл майданындағы тәжірибемнің нәтижесі. Назар аударып, уақыт бөліп, оқығаныңызға басымды иемін,ризамын. 

Бір жайтты бөлісейін: жуырда фейсбукта белгілі классик ақынымыз Хамит Ерғалиевтің (маған туыстығы жоқ :)) немересі - Айжан Хамиттің баласы жазған шығармада емле менің тезисімнің дұрыстығын тағы бір көрсетті: әдеттегі "арыстан" сөзін бірінші сынып оқушысы "арстан" деп жазады. Мұндағы "ы"әрпін жазсақ та, жазбасақ та дыбысталатынын әріпті енді таныған бала логикамен жетіп отыр...