Өлең

Өлең
жеке
блог

Көзіме өзім көрініп,
Өзімнен өзім жерініп.
Кеудемде жүрек бұлқынад(ы),
"Шықсам" деп сыртқа, тебініп.

Түн кетті, әні, маужырай,
Шығарып салып жас Айды.
Жұлдыздар тұр тапжылмай,
Оларды таңым "асайды"...

Жастанып алып шашымды,
Барамын қалғып, түн-Досым...
Армандар көкке шашылды,
Үнсіздікке үн қостым...

Кірпіктер қалса айқасып,
Оятып ойым алуда.
Дейді ойым: "Арман ояуда,
Болмайды ұйықтап қалуға..."

Әрнәрсені бір шалып,
Жатырм(ын) енді қиялдап...
Бәрі жақсы болар деп,
Жүректі жүрмін жиі алдап...

***

Олар маған ұнайды,
Төрт тал гүл.
Бір және үш - тақ,
Енді оларсыз қалса да бақ,
Түстері болмаса да ақ,
Туса да "өлер" сол шақ.
Олар маған ұнайды...

Маған сыйланбаса да,
Маған сыйланғандай,
Көз-көңіл жиі алданса да,
Өздерінің өлетініне,
Төрт тал гүл иланбаса да,
Олардың топырағына,
Енді су құя алмасам да,
Ең соңғы күндеріне дейін,
Сүйсінемін,
қарап... отырамын да.

Үш бірге, біреу жалғыз,
Үйлесім таппаса да,
Жат көзге жақпаса да,
Оларға бүгіннен соң,
Ертең таң атпаса да,
Дәл қазір бірге олар.
(Дәл қазір менде олар.)
Жерде өсіп тұрғанда да,
Әдемі ед(і), "шаппаса да",
Тым көркем гүлдер еді,
"Әшекей" тақпаса да...
Алайда, адам біткен,
Ұрлауға құштар әркез,
Гүлдердің "сұлулығын",
Өзгені қуантам деп,
Өлтіріп тынатынын,
Қаудыр бас ұқпаса да...
Ұнайды олар маған,
Үш бірге, біреу жалғыз,
Үйлесім таппаса да...

Үшеуге бірді қостым,
Өмірде бәрі де жұп,
"Жұптарға" қонады құт,
(Жұбыңды тауып ал да,
Өмірден, сен де, дос, ұт)
Болса да әлемде жұт,
Адамдар гүл жемейді...
Жаны шын ашығанда,
Сорлы адам не демейді...
Ғұмыры бұл гүлдердің,
Біткенін көретін жан,
Болсам да... қалаусыз - мен,
Иісіне қанығып сәт,
Тұрсам да, бармайды дәт,
Оларды солған күні,
Қоқыстың жәшігіне,
Апарып тастар түні,
Естілер еміс-еміс,
Төрт гүлдің... соңғы... үні...

Ұнайды маған олар...
Төрт тал гүл.

***

Енді ешкімді сүюге себебім жоқ,
Енді ешкімге, білемін: керегім жоқ.
Бәрі жалған, адам да, сөздері де,
Жер бетінде, білсеңіз... сенерім жоқ.

Менсіз күндер рауандап атады да,
Менсіз өзен суы да қатады да.
Менсіз көктем келеді, жаз да өтер,
Менсіз... менсіз талай күн батады да...

О, неге, бүгін күн тым шуақты екен,
(О, неге, шабылыпты, жылапты емен...?)
Жүрекке жасырынған сағынышты,
О, неге, жанарымнан құлатты өлең...?

Құлап бара жатқанда басым төмен,
Бірге құлап барады қасымда өлең.
Өлең мені, мен оның жұбатамын,
Өлең өлмес, ал, мен...
...мен, расында, өлем...