БІЗ БЕКЕЖАНДЫ ӨЛТІРДІК...
жеке
блог

БІЗ БЕКЕЖАНДЫ ӨЛТІРДІК...

Төлегенді Бекежан ғой өлтірген. Иә, «Қыз Жібек» көркем киносында Асанәлі Әшімовке «осындай» рөл берілген болатын. Ең бастысы, «Қыз Жібек» тарихтық емес, «көркем кино» болып түсірілді. Ескерте кетейін, Мұхтар Әуезов «біздің» сөздерімізде «и» жұрнағының қолданылуына қарсылық білдірген. Оны «пір тұтқан» Ғабит Мүсірепов те бұл жұрнақтың сөздерге жалғануына қарсы болған. Әлбетте, Мұхтар Әуезов Мүсірепов үшін «№1» жазушы, яки «ұлы жазушы». Көркем киноның сценариін де жазған осы Мүсірепов қой. Ал оған 1955 жылы тарихтық шындыққа өте жақын Сегізсерінің нұсқасы («Қыз Жібек» жыры) көрсетілген болатын. Оның не үшін жырдың оқиғасын өзгерткенін білмеймін. Ол жағы маған аса қызықты емес. Сонымен қатар «Қыз Жібек» көркем киносын көрген емеспін. [No comments!] Мұқадес Есламғалиұлының «Төлегенді өлтірген кім?» (Парасат. №11, қараша, 2000 жыл) деген мақаласын оқыған едім, сол мақаланы негізге аламын.

Мүсірепов Ғабит

Әрбір адамның ақпаратты қабылдау санасы болады. Осыдан келіп пікірлер, көзқарастар туындайды. Дебаттың жүйесі де сол. Менің көңіліме осы кісінің мақаласы, яки, мақаланың тоқ етер сөзі жақын, әрі шындық деп қабылдаймын. Білемін, бұл тақырып әлі күнге дейін қозғалып келеді. Негізгі қуатты деректер аз болса да, жинақтала келе Мүсіреповтың құрастырып жазғанын теріске шығарады. Бәлкім, Сұлтан Қожықов режиссерлық тұрғыдан өзгерістер енгізген болар, болмаса, жұмбақтың шешімі сол жойылып кеткен ленталардың күлімен ұшып кеткен шығар. Әә-ә, тарих, өткен күндер қызық, ә!?

Бекежан Айбекұлы 1667 жылы Ақтөбе өңіріндегі Мұғалжар тауының етегінде дүниеге келген. Әкесі Айбек батыр сол маңдағы Шекті, Табын, Жағалбайлы, Тама руларынан құрылған жасақтардың қолбасшысы боп, аты шыққан ерлердің бірі.

Сегізсері 1834 жылы Шекті руының Қабақ тармағынан тараған батыр Арыстан Тіленұлының үйіне келіп түседі. Арыстан батыр оны қонақ етеді. Бұлармен бірге Жағалбайлы Жанқасқа жырау да болады. Бұл екеуі әуелі «Айман-Шолпан» жырының оқиғасын баян қылады.

Жез көмей ақын сол жиында «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» дастандарын жырлайды. Махамбет батыр өзінің «Сегізсеріге» деген өлеңінде:

         «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек»

         Жырларың елге тарады.

         Қашқын болып жүрсең де,

         Аузыңа халық қарады, – дейді.

Махамбет сол кезде осы жырдың туған топырағы Шалқар жеріндегі Шекті, Жағалбайлы руларының ең беделді адамдарымен аралас-құралас, сыйлас жағдайда жүргені – тарихи шындық.

         «Бас болған елдің бұзық наданына,

         Мәз болған айласы мен амалына.

         Қожадан ел тонаушы сотқар шыққан

         Бекежан Айбекұлы заманында.

         Есімі тонаушының Кескентерек,

         Тыңдамай ата-анасын, жүрген бөлек.

         Ұрлыққа бала кезден болған әуес,

         Қан төккіш, мейірімсіз, қара жүрек...»

Бұдан әрі жырда Кескентерек Тасымқожаұлының Хиуадан қашып келген қарақшы екендігі ұзақ баяндалады. Ол әуелі өзінің туған нағашысы, Жағалбайлы руының елге аса сыйлы мырзасы Әбусағитты қалай өлтіргенін, оның тоқалын алып қашып кетіп, қалың құм ішінде қаңғыртып тастап кеткендігін толық мәлімдейді. Сосын: «Менің айтқан кісіме шықпадың, өзің қалаған жігітің Қарабалаға тұрмысқа шығам дейсің» деп, туған қарындасы Қаламқастың екі емшегін шауып өлтіріп, Ойыл бойына келіп, өзінің жетпіс екі сыбайласымен баспаналап жүрген нағыз қанішер екендігін оқимыз. Бұдан әрі оның Жібекке ғашық қырық батырдың бірі болғандығы, бірақ Төлеген тұрғанда өзінің оған қолы жетпесін білген соң, Қосаба көлінің жағасында атып өлтіргенін оқимыз.

Сосын қайыра жыр жолына үңілесің:

         «Естек пен Әлімұлы қатар қонған,

         Мекендеп Орал тауы мекен болған.

         Бекежан Айбекұлы ордабасы,

         Қол жинап, мұсылманға бопты қорған...»

         «Бекежан Айбекұлы деп атанған,

         Қалмаққа Еділ өтіп ойран салған.

         Қасына мың жарымдай сарбаз ертіп,

         Кәпірдің мықты елінен барымта алған.

         Құс салып, тазы ерткен аңға құмар,

         Көрген жау айбатына емес шыдар.

         Кіші жүз Әлімұлы, алты Шекті,

         Елінде бес жүз алпыс мырзасы бар.

         Басшысы жиырма алтыға жасы келген,

         Тартатын жылқы, түйе Түрікпеннен.

         Зайыбы Салиха атты Естек қызы

         Мезгілсіз ажал жетіп, былтыр өлген.

         Жетім қалған үш ұл, бір қыз баласын

         Немере ағасына мүлде берген...»

Бұл жырдың оқиғасын айтушылар Шекті Арыстан Тіленұлы мен Жағалбайлы биі Жанқасқа екен. Арыстан Тіленұлы Шекті, әрі Бекежанның әкесі Айбектің туған ағасы Қарабастан тараған боп шығады. «Е-е, аталас болғасын Бекежанды арашалап, ақтап, болған оқиғаны бұрмалап жеткізген шығар» дейін десең, Сегізсеріге әңгімелейтіннің бірі Төлегеннің руласы Жанқасқа би.

Бекежан қалмақтармен соғысқанда Кескентерек өзінің жетпіс екі қарақшысымен қатысып, сеніміне кіріп алады. Ал Бекежан бірінші әйелі Салиха қайтыс болып, жылын өткізгеннен кейін түрікмен жұртындағы құда түсіріліп қойған қызын алып келуге кеткенде Кескентерек Төлегенді өлтіреді. Екі жылдан кейін барып, Төлегеннің бозжорғасын Бекежанға сыйламақ болады. Бірақ Бекежан Төлегеннің атын танып қояды. Кескентерек «айдалада қаңғып жүрген жерінен тауып алдым» деген дәлел айтады. Әйтсе де, Бекежан оны өз маңынан қуып жібереді.

Табын елінің мырзасы Нұрғожа дегеннің әйелі ұл тауып, соның шілдехана тойында қарамай қойғаны үшін Жібекке Кескентерек тіл тигізеді. Сол кезде «Шекті көп пе, шегіртке көп пе» деген мәтел тарағанындай, Жібектің жеті ағасы сол жерде Кескентеректі дарға асып өлтіреді. Ал Жібек Төлегеннің інісі Сансызбайға ұзатылады. Одан Төсбатыр деген ұл туған.

Жаманқала елтаңбасы

Сегізсері осы 1834 жылы Жаманқалада (Орскіде) Сансызбайдың немере, шөберелерімен әңгімелескен.

         «Жағалбайлы Жанқара, Шекті Арыстан

         Қайтпайтын қайсар ерлер жолбарыстан.

         Осындай абзал жандар өтінген соң,

         Шығардым «Қыз Жібекті» етіп дастан».

Сегізсерінің Шекті елінде болғанын, оның «Қыз Жібек» дастанын шығарғанын Т.Сүлейменов өзінің «Сегізсері» кітабында, ал Е.Жақыпов, С.Қарамендин, М.Есмағамбетовтар мақалаларында жазған болатын. Сонымен бірге олар «Қыз Жібек» оқиғасының 1692-1694 жылдары өткенін және бұл кезде Бекежанның 26 жаста екендігін, жырда аталатын жер атауларының түгелдей Шалқар ауданында болғандығын дәлелдеп көрсеткен. Олар шежіре тарата келіп, кейін Шекті атанып кететін Жаманақтан туған Өрістен Жібек, ал Мәкуден Бекежан тарады деп жазады. Аралары – алты ата.  Бекежан 1667 жылы туып, 1730 жылы қайтыс болды деген деректі Сегізсері жырынан оқимыз. Осы деректі Мүсіреповтің «Жұлдыз» журналында жарияланған «Қойын дәптерінен» оқығанымыз бар-ды. С.Қарамендин 1955 жылы Сегізсері жырының нұсқасын Мүсіреповке әкеліп көрсетіпті.

Бекежан 40 жасының шамасында бір шайқас үстінде белінен қатты жараланып, мүгедек боп қалады. Бұдан кейін қолма-қол ұрысқа жарамаған. 1730 жылы балалары Аңырақай соғысына аттанған кезде түрікмендер Шекті жеріне шабуыл жасап, сол ұрыста батырға улы жебе тиіп, қаза тапты деседі. Енді біреулер 63 жасында ақ төсегінде жатып, бір кездегі жарақатының салдарынан қайтыс болды дейді.

Жүсіпбекқожа Шайхислам (1861-1941) жырдың бүкіл мазмұнын өзгертіп, Бекежанды да қарақшы етіп көрсетіп, әрі оны Шектінің емес, Арғынның батыры етіп «түзетулер» жасағанын, сөйтіп, 1904 жылы сол нұсқаны Қазан баспасынан шығарғанын жоғарыдағы авторлар айтады.

Жүсіпбекқожа 30 жылдардың аяқшамасында жырды «өзімнің жазғаным» деп Әуезовке келіп көрсетеді. Ғұлама жазушымыз: «Бұл жыр әуелде бар, сен мұның халықтық дүние екенін теріске шығарма, сен соны жинаушы ғанасың», – деп тоқтатса керек.

Қазақ

Ақтөбелік авторлар С.Қарамендин мен М.Есмағамбетовтардың жазуы бойынша, Бекежан Сансызбаймен де сыйлас боп өткен. Жырда баяндалатындай, сол кезде Жағалбайлы мен Шекті арасы аса жақсы бола қоймағанға ұқсайды. Төлегеннің Шекті жеріне жалғыз аттанатынын да бұл авторлар жоққа шығармайды. Төлеген аттанарында інісі Сансызбайға: «Қандай жағдайға да әзір жүргейсің. Қиын жағдай бола қалса, сол елде Бекежан деген батыр бар. Соған жолықсаң, қол ұшын берер», – деп кетеді. Төлеген өлгеннен кейін Сансызбай мен Жібектің қосылуына бірден-бір көмектескен жан Бекежан болып шығады. Әрі ол Сансызбайға өкіл аға атанады. Қорен қалмақтарының жасағын талқандауда (Бекежан мен Сансызбай) екеуі тізе қосып, қол бастап, үлкен ерлік көрсетеді. Осы шайқаста Бекежан қоршауға түсіп қалып, белінен қатты жараланыпты.

Қосымша:

Жағалбайлы Жанқасқа – батыр әрі би болған кісі. 1805-1810 жылдары Ор өзенінің бойында дүниеге келген. ХІХ ғасырдың басында ұлт-азаттық көтерілістің басшылары Шектіден шыққан Көтібар, Арыстан батырлармен тізе қосып,  Ресей патшасының қазақ халқына жасаған қиянатына жиі бас көтеріп отырған. 1835 жылы  Ресей губернаторы жіберген жалдамалы қарақшының қолынан қаза табады. Батырдың сүйегі Жем өзенінің бойында жатыр.

Сегізсері, Шалқар ауданы.

Салиха – башқұрт мырзасы Құрамыс байдың қызы.

Жаманқала (Орск/Ор) – Ресейдің Орынбор облысындағы қаласы. Ор өзенінің Жайық өзеніне құятын жерінде орналасқан. Қаланың аты Ор өзеніне байланысты қойылған. 1735 жылы 15 тамызда сенаттың обер-секретары И.К.Кирилов бастаған экспедиция әскери бекініс ретінде сала бастады. 1865 жылы қала мәртебесіне ие болды. Көшпелілерге қарсы озбырлық, әділетсіз әрекеттердің ұясы болғандықтан, қазақтар Орды «Жаманқала» деп атаған.

Ор өзені

Қарамендин Сейітқали

Қарамендин Сейітқали Ыдырысұлы (1913-1997) Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Әйтей ауылында дүниеге келген. Ауыз әдебиетін зерттеуші, Абай мұрасын насихаттаушы. 1928 жылы Семей мал дәрігерлік техникумында оқыған. Көкбай Жанатайұлы туралы ел аузында жүрген шығармаларды алғаш жүйелеп топтастырған. 1993 жылы Көкбай ақынның «Сабалақ», «Төрт төре», «Наурызбай – Фатима» дастандарын «Абылай» деген атпен жеке кітап етіп шығарған. Абай төңірегіндегі Алтыбай, Байқұлақ шешендердің, Көбей, Қараменде, Алшынбай билердің, Шөже, Көкбай, Әріп, Ағашаяқ, Қаумен, Байкөкше, Өмірбай т.б. ақындар туралы материалдар жинап, Абайдың бірқатар сөздерін, ауызекі өлеңдерін «Сөз тапқанға қолқа жоқ» жинағына енгізді. Абай өлеңдері хақында («Қазақ батырлары», 1992 жыл, №5), Абай өлеңдерінің текстологиясы туралы («Аласыз қара көзі нұр жайнайды», «Білім және еңбек», 1988 жыл, №7) өз тұжырымдарын ұсынды. Абайдың өмірі мен қоғамдық қызметіне, өлеңдеріне байланысты 40-тан астам мақала жазып, деректер қалдырған.

Шайқысламұлы Жүсіпбек/Жүсіпбек қожа (1857/Отырар ауданы, Қожатай мекені – 1937/Шыңжан өлкесі, Іле Қазақ автономиялы облысы, Текес ауданы, Шиеліөзек ауылы) – ақын, аудармашы, қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы, насихаттаушы, жыршы. Ауыл молдасынан оқып, кейін медреседе білімін жетілдірген. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін толық меңгерген. Оқуын аяқтаған соң ақындық, серілік жолға түсіп, ел аралайды. Сыр сүлейлері мен Қаратау шайырларымен, Сарыарқа мен Жетісудың ақын-жырауларымен жүздеседі. Олардың шығармаларын жазып алып, ел ішінде насихаттаған. Фирдоуси, Хафиз, Жәми, Физули, Науаи жырларымен жете танысқан. XІX ғасырдың 90-жылдарынан бастап Петербург, Қазан, Уфа, Ташкент баспаханаларында қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын, Шығыс сюжетіндегі қисса-дастандарды бастыру ісін қолға алады. «Қыз Жібек» (1900, 1903, 1905, 1908, 1909, 1910, 1911), «Айман – Шолпан» (1896, 1901, 1913, 1916), «Сара қыз бен Біржан салдың айтысы» (1898, 1900, 1901, 1902, 1907), «Алпамыс» (1899), «Кенесары-Наурызбай» (1903), т.б. ұлттық фольклордың асыл мұралары мен «Сал-сал», «Зарқұм», «Жүсіп – Зылиха», «Мұңлық – Зарлық», «Шәкір – Шәкірат», т.б. шығыс сюжетіндегі қисса-хикаяттарды бастырып, алғаш рет жарыққа шығарды. «Мың бір түн», «Кербаланың шөлі», «Тотының тоқсан тарауы», «Дариға қыз», «Қасым Жомарт», т.б. аңыздардың мазмұнын өз бетінше жырлады. Жүсіпбек айтыстарға да қатысқан. Оның Шөкей (Уәзипа) қызбен, Жалайыр Бақтыбаймен айтысқаны белгілі. Алғашқы айтыстары жеке жинақ ретінде басылып (1897, 1910), кейін «Айтыс» томдарына (1964, 1965, 1988) енгізілді. Жүсіпбек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, кейін жеңіліс тапқан халықпен Қытай еліне қоныс аударуға мәжбүр болады. Сол өлкеде тұрақтап қалып, бала оқытумен, емшілікпен шұғылданған.