Ақша толы себет

Ақша толы себет
жеке
блог

-Жандос, қарашы, мен  себет тауып алдым.

-Кәне,көрсетші. Ол қандай себет,не бар ішінде?

-Ешкімге бұл туралы тіс жармаймын деп уәде бере аласың ба?

-Мені білесің ғой,уәдеде тұратын жанмын.Ешкімге айтпаймын.Қызықтырмай көрсетшііі.

Жандостың шыдамын тауыспайын деп Абзал жасырып қойған себетін шығарып,досына көрсетті.Жандостың көзі шарасынан шығып кете жаздап:

-Абзал,мұны қайдан алдың?Бұл,бұл тым көп ақша ғой...Неге жасырып қойдың?Сен үнемі ақшам жоқ деп жүретінсің.Ал мынауың...

Осы сияқты сұрақтар Жандостың мазасын кетірді.

-Мен бар ғой...Мен...жаман іс жасамадым,тек,бүгін...таңертең...

-Таңертең?Адам тонадың ба,әлде одан да сорақысын жасадың ба?

-Жооқ,тіпті олай емес.Айтсам сенбейсің ғой,тауып алдым,-дегені сол еді:

-Мұнша ақшаны...сен...тауып алдың?

-Ия...

-Неге егесіне қайтармадың?Қайдан тауып  алып жүрсің?

-Аялдамадан...Егесі ол маңнан кетіп қалғандай көрінді.Мен алмасам да,басқа біреу алатын еді ғой.Және маған ақша ауадай қажет.

-Ақша кімге қажет емес,бәріне керек.Маған да,саған да.Бір қызығы,неге себетте тұр бұл ақша?Иесі бар ғой,қызық адам екен.Енді не істемексің?

Абзал күрсініп,үйінде ауырып,шарасыз жатқан анасын ойлады.Ойлады да,өзіне қалдыратын болып шешті.Бірақ досы Жандос аздап қасарысқан еді,кейіннен досының анасын ойлап Абзалдың ойын құптады.Абзалдың шарасыз күйіне шешім табылған соң жаны жадырап сала берді.Жандостың ата-анасы бай болатын.Ал Абзал байдың балаларын ұнатпайтын,өйткені бар мәселе ақшада еді.Ал Жандос болса досына өзінің отбасылық жағдайы туралы ауыз ашпайтын.

    *  *  *

Екі дос екі бөлек жолмен үйлеріне кетті.Бірі сарайына,енді бірі лашығына.

...Жандос үйіне кіре салғаны сол еді,бойжеткен әпкесі айқай шығарып жатқанға ұқсайды.Жылаған дауыс естіледі.Асықпай ,аяңдап барып,анасынан не болып жатқанын сұрады.Анасының айтуынша әпкесі ақша толы себетті жоғалтып алыпты.Жандостың ойына бірден Абзал келді.ӘпкесІ әкесіне қарап жылап:

-Мен енді қашан машина аламын?Басқа құрбыларым біреуінен екіншісіне ауысып жатыр.Ал мен болсам...Әке,қайтадан ақша берші,сенде көп қой,туған қызыңнан аяйсың ба сонда?..

...Жандостың тілі күрмеліп,ол ақшаны досының тауып алғанын айтпады.Айтқысы келмеді,дүниеқоңыз әпкесін көріп.Айтқысы келмеді,баласының бар тілегін орындайтын әкесін көріп...Себебі...ақшадан да маңызды дүниелер бар ғой,мысалы жан жылуы.Әкесінен көрмеген ыстық ықыласты досының әкесінен байқайтын.Кешке ғана отбасысының басы қосылып,қызметшілер жасаған дастарханнан ас ішкеннен гөрі,Абзалдың анасының пісірген тәттілері,әпкесі дайындаған тағамдарды жеу ұнайтын...Сондықтан ол әпкесінің қалауынан досының анасының өмірін қымбат санап,ақша толы себет хикаясын құпия ұстады.

    *  *  *

Жандостың әпкесі сәнқой еді.Кейде есі шығып не болса соған қызыға беретін.Биыл себетке ұқсас сөмкелер сәнде дегенді естіп себет сөмкенің біреуін артық болмайды деп өз гардеробына жайғастырған еді.Қымбат көлік алуға барғанда,банк есепшотынан ақшаларды алып,себет сөмкесіне салып алған болатын.Ақша толы себет сөмке қолында,аялдамада тұр,такси  шақырайын деп.Аялдамада бүрсеңдеп автобус күтіп бір он жасар бала отыр.Жандостың әпкесі телефонмен сөйлесіп тұрып таксиге отыра кетті.Себет сөмкесін сол жерде ұмытып,қалдырып кетіпті.Абзалдың ойы тек анасында,ақша керек,ота жасау үшін олар үшін үлкен сомада қаржы керек.Бір қараса жерде жаңағы себет сөмке.Жан-жағына жалтақтап иесін іздей бастады.Автобуста жақындап келеді.Кейінірек іздеп табармын деген оймен қолына алып,автобусқа мінді.Межелі жерге жеткен соң қолындағы себетте не бар деген оймен ашып көрді.Өмірінде мұндай ақшаны қолына алып не көзімен көрмегеннен бе,таңырқап тұрып қалды.Ұзақ тұрды,сілтідей тынған миына дерексіз ойлар келе бастады.Ойымен күресіп әлек...

    *  *  *

...Үй-ішіне айтайын десе,олардың бұған сенбейтінін біледі.Алдымен досына айтып алды.Досы мақұлдаған соң үйіне келіп ,анасына жақындап:

-Анашым,маған уәде берші ұрыспаймын деп.

-Құлыным-ау,айта бер,не бүлдіріп қойдың?

-Сен маған уәде бермедің ғой...

-Уәде беремін,құлыным.

-Анашым,біз сені дәрігерге апарамыз,емдетеміз.Сен сауығып кетесің!

Анасы көзіне жас алып,ем-дом жасауға қаражаттың жоқтығын біліп:

-Балам-ау,мен үйде жатып та жазылып кетемін,уайымдама!

-Жоқ,ана!Сен әжем сияқты бізді тастап аспанға кетіп қалмақшысың ба?Әжем де осы үйде жата-жата ауруына ауру қосып кетіп қалды ғой...

Анасымен бірге баласы қосылып жылап жатыр.Шәй демдеп отырған әпкесі де үн шығармай жылап отыр.Ал әкесі болса бес-он тиын болса да таппай үйге қайтпаймын деп үйінен шығып кеткен болатын.

-Анашым,мен көп ақша тауып алдым,-деп себет толы ақшаны ұсынды.Анасының ойыны жаман ойлар сау ете қалды:

-Не дейсің,ақша...осыншама...қалай?Балам,сен осы жаман іс...

-Жоқ,олай емес.Айтсам сенбейсіңдер ғой,тауып алдым...

                 *  *  *

...Әкесі келді.Анасы мен әкесі ұлының ісіне разы емес."Бізден де нашар адамның ақшасы шығар,бізге ата-анамыз ешкімнің ақысын жеме деп үйретті.Сондықтан полицияға тапсырайық,иесі табылып қалар "- деді де Абзалдың әкесі үйден шығып кетті.Абзал қанша рет өтінді,қарсыласты,анасын ойлады,бірақ анасы да ,әкесі де ұлының ойын құп көрмеді...

Абзалдың әкесі жол-жөнекей тұңғиық ойдың құрсауында шырмалып,басын көтере алмай жатқан босағадағы жарын ойлап күңіренеді,қу кедешлік,себеттің иесін де ойлайды,қиянат жасап қоймаймыз ба деп,тәуекел,иесі табылып қалар деп ақыры полицияға табыстады...

    *  *  *

Жандос әдеттегідей досына келе жатыр.Екеуі бірін-бір көрмесе тұра алмайтын,себебі шын достар еді.Жандостың алдынан басы салбырап,қабағы түсіп Абзал шықты.Жандос болса досының анасы жазылып кететініне мәз болып келе жатқаны сол еді,салы суға кеткен жолдасын көріп өзгеріп сала берді.

-Абзал,не болып қалды?Кеше ғана қуанышты едің ғой,мен саған бүгін бар шындықты...- деуі сол-ақ екен,досының сөзін үзіп:

-Жандос,мен қатты үміттенген едім.Мен ғажайыптың болатынына сенген едім,сендім де,бірақ ... ол ғажайып көзден ғайып  болды.Ұшты,кетті,жоқ енді.

Баланың тауы шағылып,еңсесі түсіп,қу өміріне лағнет айтып,өкіріп жылап жіберді.Жандос түсінбей әлек.

-Кеше,әкем...ол ақшаны,ақша толы себетті...бізге қалдыруға болмайды,иесіне керек болар,бәлкім,деп...

-Полицияға апарды ма? Неге,қап,қырсық-ай,- деп тістеніп тұрып қалды.Себебі ол бар шындықты айтуға үлгермей қалды.Іштей,"ол менің әпкемнен гөрі сендерге қажет еді ғой,жоооқ,енді не істейді Абзал,ақша керек оларға" деп ойлады.

Ақша толы себет Абзалдың үмітін жандандырған еді,сөнді де кетті...Ол енді ғажайыпқа сенбейді,тек ақшаны қайдан табамыз деген ойдың  шырмауында қамалып келеді.Ал досы Жандос бір амалын тапты.Ол,..ол,өз үйінен ақша ұрламақшы...Әкесі тасбауыр болғандықтан досына көмектеспейтінін біліп,жаңадан жоспар құрастыруда.Бәлкім,орындалып қалар,кім білсін...Нағыз достар қуанышты да,қайғыны да бірге бөлісетіні рас екен...Ал ақша ұрлау...Ол досы үшін,досының анасы үшін...