«Орыс тілінен кек алып керек емес»
жеке
блог

«Орыс тілінен кек алып керек емес»

Лингвистикалық сұқбат 2  

 

 

  • Емле реформасын жасау жолдары қандай?
  • Біріншіден, қазақ тіліне тән дыбыстарды таңбалайтын әліпби қажет. Екінші сатыда шетелдік кірме сөздерді жазу емлесін ойластыруымыз керек. Кез келген кірме сөз қазақ тілінде тұтынысқа түсетіндіктен, ол қазақ тілінің лексикалық қорын байытатын тілдік бірлік қана емес, одан бас тарту да, құтылу да мүмкін емес. Тек қана оның тілге икем қолданысын қарастырып, ауызша әрі жазбаша тұтыныстың форматын нақты белгілеп, ережелеп, грамматиканың бір бөлігіне айналдыруға мәжбүрміз. Бұл барлық тілдер бастан кешіп отырған жайт. Мәселен, ағылшын тіліндегі бір дыбыстың бірнеше таңбалық сыйағының (аналог) болуы, ежелгі латын, грек тілдерінен енген сөзді ағылшынша әріптермен жазудың мүмкін болмауынан туындаған. Біз де бұл жағына мән бермесек, тілді мансұқ ететін жағдайды қордаландырып аламыз.

Алайда, бұған дейін қалыптасқан әлемдік сөздерді тек қана орыс тілі арқылы енгізу салдарын жойуды қолға алу керек. Бұл - орыс тілінен кек алудың реті емес, ағылшын тілінің қазақ тіліне барынша жақындығынан. Орыс тілінен кек алып керек емес. Орыс тілінің қазаққа белгілі бір деңгейде қылған қызметін жоққа  шығару қыйын. Алайда, орыстанған инвестиция, эволюция сөздері ағылшын тілінен енгенде, қазақша: инвестмент, еволушн түрінде жеңіл жазылып, оңай (инбесмент, еболушн) айтылар еді.

Әлімхан ағамыз ұсынып жүрген Байтұрсынұлы түгендеген қазақ дыбыстарын таңбалайтын әріптермен бірге әлемдік сөздерді бұрмаламай әрі тілге икемді жазатындай В,Ф секілді әріптерді таңба ретінде қабылдағанымыз жөн. Әріп ретінде емес,таңба ретінде! Яғни, бұл таңбалар белгілі бір дыбысты білдіретін әріп емес, таңбаның орнына ғана жүруі керек. Таңба ретінде  енгізсек, сонда олармен бірге тілге бұралқы дыбысты енгізбейміз, транскрипция үшін таңбасын пайдаланып, ал айтым үшін соған сәйкестенген өз дыбысымыздың орнына өгей дыбысқа жол бермейтін боламыз. Бұл – әлемдік тәжірибе, ағылшын тілінде бірдей дыбысталатын фонемаларды алуан түрде әріптермен таңбалау осындай талаптан шығып, орныққан. Бұл тілдің орфоэпиясына қойылған шекара деген сөз. Олай болмаса, кәзіргідей дүбәрә, ортақ әліпбиді тағы да туындатамыз. Мысалы, «орфография» деген сөз қазақ әліпбиімен «орфографиа» түрінде жазылып, [орпограпия] түрінде айтылар еді. Кәзір мұны орысша солай жазып, орыс айтымымен [арфаграфия] деп жүрміз. «Вагон» деп жазғанмен, [багон] деп оқуды қолға алсақ, тілдің  әлеуетін әлсіретпей, басқа тілге бағындырмай, дамытуға мүмкіндік туады.

Ахметұлы Бейсен: Онда орыстың тағы да біршама әріптері қойдай тоғытылып, кіріп кетеді ғой!

Серік Ерғали: Жоқ! Жоғарыдағы мақсат үшін 2-3 таңба ғана жеткілікті, мысалы: Ц – с/тс; Ч – ш/тш; Щ – шш; Я - йа,йә; Ю – ыйу,ійу; Ё- йө,йо; Э – е; Һ – х түрінде жазу мүмкіндігі бар, қалғанын шұбыртып қажет емес.

Қысқасы, қазақ әліпбиінің жеңіл әрі сауатты жазылуы мен дыбысталуын барынша қарапайым, оңай әрі тілге тән қағыйдаларды рәсімдейтін толыққанды тұжырымдамасын қолға алу керек. Бұл тұжырымдама қазақ тіліне тән жазым мен айтым үдерістерін бір біріне мейлінше бауырластырған әліпбилік жүйені қамтығаны жөн.

Сөйтіп, мұндай    әліпби жасақтау арқылы біз бүгінгі заман талабы болып отырған барынша оңай жазу мен жеңіл оқылатын, дыбысталатын тілдің мүмкіндігін ашатын реформаны қабат қолға алуға мәжбүрміз. Бұл реформа - науқандық емес, пайдалы үдерістік сыйпатта жүрсе, ешбір қыйындыққа душар етпейді. Содан кейінгі кезекте қарып таңдау өзінен өзі шешіледі. Ең бастысы, тілдің лингвистикалық жағынан басқа тілдерге тәуелсіздігін қамтуымыз керек, әйтпесе, қазақ тілінің құны мен қадыры кетіп, оны тұтынушылар өзге тілдің аумағына оп-оңай көшеді. Сол үдеріс астыртын түрде болып жатқанын біз сараптамай отырмыз.

 

Сұхбаттың жалғасы бар.