«ҚАРА ЖОҢҚАНЫҢ» АҢШЫЛЫҒЫ. 2-парақ. 2-бет

«ҚАРА ЖОҢҚАНЫҢ» АҢШЫЛЫҒЫ. 2-парақ. 2-бет
жеке
блог

Бердіқожаның басқа балаларының үйлерінен гөрі Әуез қожаның екі үйі мәдениетке ертерек көшкен болатын. Өйткені оның балалары Қасымбек, Ахмет, немересі Мұхтар жастайынан қалада оқып, жазда демалысқа келгенде ауылда таза жүретін. Мұхтарды апа-жеңгелері «қара жоңқа» деп атайтын. Себебі кішкене күнінде жуас, аңқау болған көрінеді. Мұхтардың қожа ауылының өзге балаларынан бір өзгешелігі ол демалысқа келгенде ер балалар мен қыздарды жинап алып, кеш болса дене шынықтыру деп барлығымызды ойнатып, жарыстырып, күрестіріп, қарғытып, бастан тік тұрғызып, кеудемізді жерге тигізіп үйрететін. Және күндіз жинап алып, қыста өткен сабағымызды сұрап, қыздар мен ер балаларды жинап алып, қатар тұрғызып қойып, Абайдың «Сегіз аяғын», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасын» айтқызып, хор үйретуші еді де, басқа өлеңдерін жаттауға беріп, сұрап отыратын. Ол жалғыз Абайдың өлеңін ғана емес, басқа өлеңдерді де жаттатқызатын. Сөйтіп, екі-екіден жекедей, не болмаса бір қыз, бір ер балаға біріктіріп барлығымыз үйренгеннен кейін хорға қосқызып айтқызатын.

14-15 жасында ол қолында тұрымтай ұстап жүрді. Оны ол ең алдымен үйдің ішінде қолына отырғызып, жас етке қант сеуіп жегізіп, дәндеткен соң өзі төрде тұрып, есік алдында біреуге ұстатып қойып, «көл-көл» деп шақырса, қолына ұшып келетін. Содан әбден үйренгеннен кейін далаға шығарып, алыста тұрып шақырып,  іннің басынан «шақ-шақ» деп отыратын. «Шақ-шақ» дегенде торғайға тұрымтай барып бас салғанда мәз болып, «менің тұрымтайым торғайды қырып салады» деп мақтанушы еді де, оған «қырғын тұрымтай» деп ат қоятын.

Мұхтар 16-18 жасқа келгенде тұрымтай ұстауды балалық кездегі аңғалдық деп білді де, кейін жазғы демалысқа келгенде ителгі, қаршыға ұстайтын болды. Және Семейден мол оқ ала келіп, қос ауызбен үйрек-қаз атуды әдетке айналдырды. Менің әлі есімде, ауыл Тума деген көлдің маңайында отыр еді. Бір күні Мұхтар: «Мәжит, сен менімен еріп жүр. Көлге барып үйрек атып әкелейік», – деп мені жанына ертіп алды. Сөйтті де көлдің маңайына келіп шешінгесін: «Сен ана шетке барып тұр. Мына суда қалқып жүрген бір топ үйрек осылай келеді. Мен атқанда кейбір жараланғандары судың арғы бетіне барып түсуі керек. Соларды ұстап аласың», – деді. Межелі жерге жеткенім сол еді, мылтық гүрс ете түсті. Сол кезде аспанға ұшқан бір топ үйректің екеуі менің алдымдағы қамыс арасына келіп құлады. Мен жүгіріп барып біреуін ұстап алып, екіншісіне суды кеше жүгіріп бара жатқанымда алдымнан ирелеңдеп бір су жыланы шыға келді. Оны көріп, үйрекке жете алмай қорыққанымнан: «Мұхтар ағатай!», –  деп айғайлап жібердім де, қаша жөнелдім. Сөйтіп, үйректен айрылып қалдым. Мұхтарға су жыланды айтып едім: «Ол шақпайды, одан қорықпа», – деді. Сөйтіп, екеуміз бір сағаттың ішінде бес-алты үйрек атып алдық та, үйге қайттық.

«Мұхтар Әуезов туралы естелік» кітабынан

Қосымша:

«Сегізаяқ» – Абайдың өлеңі және қазақ өлеңіне қосқан шумақтың үлгісі. Абайдың «Сегізаяқ» атты өлеңінің әр шумағы сегіз жолдан тұрады. Сегізаяқ өлшемін, шумақтық өрнегін Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, т.б. ақындар өз өлеңдерінде қолданған.

«Қор болды жаным» – Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 6 тармақты, 4 шумақтан тұрады, көлемі 24 жол. Өлең алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. «Барса ғашық маңына» деген Мүрсейіт қолжазбасындағы шумақтың төртінші жолы 1909 жылы жинақта «Ғашығымның жанына» болып берілген. Абай шығармаларының 1961 жылы шыққан бір томдығында бірінші шумақтың екінші жолы «Сенсіз не менің күнім» деп берілген. 1939, 1945, 1957, 1977 жылғы басылымдарда негізгі нұсқалар бойынша «Сенсіз де менің күнім» түрінде жарияланған. Өлең өзбек, қырғыз, орыс, тәжік, түркімен, қарақалпақ, ұйғыр тілдеріне аударылған. Абай бұл өлеңіне ән шығарған. Әнді А.В.Затаевич 1930 жылы жазушы Сәбит Мұқановтан Москва қаласында жазып алып, нотаға түсірген. Әннің бұл үлгісі Осман Қашағановтан жазып алынған түріне ұқсас. А.В.Затаевич: «Музыка тұрғысынан қарағанда, осы ұсынылып отырған «Татьяна хаты» – өте сәтті, ойдағыдай шыққан қазақ авторының шығармасы», – деп пікірін білдірген. Композитор Л.Хамиди жазып алған ән үлгісі А.Э.Бимбоэстің нотаға хаттаған түрімен өте ұқсас. 1939 жылы профессор Б.Г.Ерзакович те белгілі әнші Қ.Лекеровтен осы әннің тағы да бір түрін жазып алған болатын.

Тұрымтай – (латынша  Falco columbariusЕуразия мен Солтүстік Америкада, Орталық Азияда таралған. Қазақстанда дала және орманды дала аймақтарын, еліміздің оңтүстік-шығысы мен шығысындағы таулардың субальпілік белдеулерін мекендейді. Шәулісінің арқасы көкшіл сұр, мойнының артқы жағында қоңыр қызғылт дақтары бар, бауыры сарғыштау, құйрығының ұшында жалпақ қара жолағы болады. Наурыз-мамыр айларында ағаш басына не жерге ұя салып, онда қызғылт сұр дағы бар төрт-бес жұмыртқа салады. Тамыз-қараша айларында жылы жаққа ұшып кетеді. Оңтүстік Азия мен Африкада қыстайды. Ұсақ құстарды ұшып жүргенде қағып алып, қорек етеді. Кеміргіштер, кесірткелер, жәндіктерді жейді. Құсбегілер тұрымтайды қолға үйретіп, майда құстарға салады. Пайдалы жыртқыш.

Тұрымтай

Су жыланы – (латынша Natrix tessellata) жыланның бір түрі. Қазақстанның оңтүстік аймағына таралған. Теңіз, арал, ағысы қатты тау өзендерінің жағалауларын, қамысты көлдерді мекендейді. Тауда 2800 м биіктікке дейін кездеседі. Суда жақсы жүзеді, су астында жарты сағаттан артық уақыт бола алады. Денесі біршама ірі, ұзындығы 140 см-дей, денесінің үстіңгі жағы сарғыш қоңыр, кейде көлденең салалы ұзын жіңішке жолақты, желке тұсы қара дақты болады. Негізінен балықтармен, бақа, құрбақалармен, ұсақ кемірушілермен, кейде құстармен де қоректенеді. Ұстаған жемін тірілей жұтады. Топтанып қыстайды. Көбеюі сәуір-мамыр айларында басталады. Маусым-шілдеде ұзындығы 3-4,5 см болатын 6-23 жұмыртқа салады. Жұмыртқадан шыққан жыланның ұзындығы 15-22 см болады. Усыз жылан, сондықтан адамды шаққаны қауіпті емес.

Су жыланы

Үйрек – үйрек тұқымдасына жататын құстар. Шамамен б. з. 1000 жыл бұрын Еуразия, Солтүстік Африка, Солтүстік Америкада жабайы барылдауық үйректі қолға үйрету арқылы шығарылған. Үйректердің ең көп тараған түрлері: Пекин үйрегі, Мәскеудің ақ үйрегі, мускусты үйрек, үндінің жүйрік үйрегі, т.б. Пекин үйрегінің басы үлкен, жалпақ, маңдайы шығыңқы, тұмсығы қызғылт-сары, сәл имектеу, арқасы кең, шоқтығына қарай биіктеу, тұлғасы кең әрі ұзын, сирағы қысқа әрі жуан, қауырсыны ақ, денесінің түсі сарғылт болып келеді. Жасы 6-8 айға жеткенде жұмыртқалай бастап, 7-8 айдың ішінде 80-120 жұмыртқа табады. Мәскеудің ақ үйрегі сырт тұлғасы жағынан Пекин үйрегіне ұқсайды. Ол тез жетіледі, өте бейімделгіш, жұмыртқасы 90 г, жылына 100-ге дейін табады. Мускусты үйректердің кеудесі кең денесі ұзын, жақсы ұшады, қауырсыны қара, қара ала түсті болып келеді. 6-9 айлығында жұмыртқалай бастап, жылына 60-120-ға дейін жұмыртқа табады. Таза еті көп, майы аз, оның құс бауырын өндіруде маңызы зор. Үндінің жүйрік үйрегі жұмыртқалағыш тұқым. Оның денесі, мойны, сирағы, құлағы ұзын жаратылған. Жылына 200-ден астам жұмыртқа табады. Дәмі тауық жұмыртқасына ұқсайды.