Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!
жеке
блог

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте

Әр халықтың тағдырына табиғатпен тартылған сыйы: біріншісі – жері, екіншісі – тілі. Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің  түп тамыры, қатынас құралы. 

Демек, тілдің, сөздің орны ерекше екені бесенеден белгілі. Міне, осы орайда ана тілімізді қастерлеу  әрқайсымыз үшін парыз.  ХХ ғасырдың ұлы жемісі – қазақ халқы үшін егемендіктің көк туы желбіреуі. Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз – ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру.

Осынау құнды сыйды бағаламасақ, қазақ болып не керек? Халық болып не керек?

 Осы орайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», деп тілдің мәртебесі нақты анықталып көрсетілген. Ал Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 4 – бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматтың парызы» деп көрсетілген.

Қазақ тілі – халқымыздың тарихы, шежіресі, арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы, күллі рухани өмірінің үні. Қазақ тілі – халқымыздың өткен ұрпағын тарихи біртұтастық, ажырамас бірлік жағдайда мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Мұны елбасымыз Н. Назарбаевтің сөзімен айтқанда «Өзіміз ана тілімізде сөйлемейінше, өзге ешкім де бұл тілді шындап құрметтей қоймайтынын түсінуге тиіспіз. Бұл – аз уақыттың аясында тындырып тастайтын іс емес. Бұл мемлекеттік тұрғыдан, ұзақ жылдар бойы, ұдайы айналысатын іс» деген. 

Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты Қазақстан Республикасы Конституциясының, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.

Ел басы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп көрсетуінде үлкен мән бар. Республика Президентінің Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Біздің міндетіміз-2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деп ашып айтып,  осы жолда еліміздің мемлекеттік тілін одан әрі дамытуға барша күш-жігерімізді жұмсауымыз керектігін азаматтық  борыш ретінде жүктейді.

Елбасымыздың  аталған нұсқауларын жүзеге асыруда, мемлекеттік тілдің өз тағына нық отыруы үшін, төменде аталған жағдайларды басшылыққа алсақ игі болар еді:

  1. Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасауды жүзеге асыратын уәкілетті органның өкілдігін кеңейту және оның  өзіне жүктелген міндетті тиесілі деңгейде жүзеге асыруды қамтамасыз ету;
  2. Басқару тетігіндегі тілдік ахуал әр салаға тура ықпал етеді. Сондықтан, қоғамдық өмірдің қай саласы болмасын мемлекеттік органдар арқылы басқарылатындығын ескеріп,  мемлекеттік органдарда іс жүргізуді толық мемлекеттік тілге көшірудің үлкен стратегиялық маңыздылығына көңіл бөлу.
  3. Қазақша ойлауды жетілдіру. Ол үшін буыны қатаймаған балаға патриоттық тәрбие беру. Баланың санасын ояту, өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейту үшін, олардың қызығушылығындағы әлемдік әдеби шығармаларды мемлекеттік тілге сапалы етіп аудару,қазақша сайттар санын көбейту т.б. жолдармен  мемлекеттік тілге қызығушылықты арттырып, сол тілдегі ұшқыр ойлардың егесі болуға жетелеу;
  4. Егемендіктің нышаны болып табылатын мемлекеттік тілді сүюді, оны құрметтеуді, сол мемлекеттің азаматы болып табылатын әрбір тұлғаға азаматтық айнымас борыш ретінде жүктеу;

Біз бүгін Тәуелсіз Қазақстанда, құқықтық мемлекетте өмір сүріп келеміз. Өз кең байтақ жеріміз, мемлекеттік тіл статусына ие ана тіліміз бар. Бұл – ел ынтымағы пен бірлігінің үлкен жемісі. Ендеше, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген халқымыздың даналық сөзін жадымыздан шығармайық, ағайын !

 

                               Заң факультетінің студенті

                                                                          Закирова Толғанай