Әлемдегі ең жеңіл кітап -- Еге университетінің музейінде

Әлемдегі ең жеңіл кітап -- Еге университетінің музейінде
жеке
блог

Осы аптада дәрістен соң университеттің этнографиялық мұражайы мен «Қағаз және кітап өнері» мұражайына экскурсия жасадық. Сіздермен сол «Қағаз және кітап өнері» мұражайынан көргендеріммен бөліскім келеді.

Мұражайдың ашылғанына бір жарым жыл ғана болса да, экспонатқа өте бай. Бұл мұражай –Түркияда тұңғыш және даралығымен ерекшеленеді. Бір қызығы, университеттің әр факультетінің ғимараттары үлкен болғанымен, ректор отыратын бас ғимаратты көргенде көңілің пәс болып қалуы мүмкін. Есесіне, тарихи ғимарат.  XIX ғасырда Еуропадан келген Левентен көпес әулеті, қазіргі Еге университетін орналасқан Борнова ауданы мен Буджа ауданында мекен еткен.  Әлі күнге дейін сақталған, еуропалық архитектурада салынған үйлерге қарап қаншалықты бай-қуатты өмір сүргенін байқауға болады.  Левентен үйлері үлкен бақшада орналасқан. Осы күні, бір бөлігі Еге университетіне мұражай мен әкімшілік ғимарат ретінде пайдалануға берілген.

Сонымен бұл мұражай,  екі қабатты үйден тұрады. Астыңғы бірінші қабаты «Қағаз» бөліміне арналса, үстіңгі қабаты «Кітап» жайлы. «Қолдан қағаз жасау» (жанландырма бөлмесі), «Қағаз тарихы», «Әлемдегі түсті қағаздар», «Модерн қағаз өнері», «Баспа станогы», «Кітап басып шығару техникалары», «Типография»,           «Кітап түрлері», «Миниатюр кітаптар», «Кітап өнері», «Экслибрис»(Exlibris), «Кітап жасау өнеріндегі ұсталар сияқты арнайы бөлмелер бар.  

Қағаздың алғаш қайда және кім ойлап тапқаны нақты емес. Б.з.б. 105 жылы Қытай императорларының сарай қызметкері Цай Лун деген кісі ойлап тапты деген мәлімет бар.  Цай Лун тұт ағашы қабығын, кендір, шүберек, ескі балық ауды сумен араластырып, әбден езіп бір електен өткізіп, суы аққан қоймалжыңды бір тақтайға жұқа етіп жайып, қағаз ойлап тауыпты. Одан кейін адамдар  XI ғасырда бамбук, XIX ғасырда күріш сабанынан қағаз жасауды үйренді.

Қағаз жасау ісі   600 жылы Кореяға,  610 жылы Жапонияға таралып, 751  жылы Самарқандағы алғашқы қағаз диірменімен батысқа қарай көш алды. Бөз, шыт, кенеп сынды материалдар  Араб әлемінде қағаз жасаудың негізгі көзіне айналды.

Еуропада алғашқы қағаз диірмені 1144 жылы Испанияда Хатива қаласында құрылды. Қағаз өндірісінің Еуропаға жайылуы:

1268 Италия

1326 Франция

1390 Германия

1411 Швейцария

1469 Австралия

1494 Англия

1573 Швеция

1576 Ресей

1586 Голландия

1744 Түркия


Музей координаторы, әрі коллекционер Недим Сөнмез мырза өзі ұзақ жылдар бойы Германияда тұрған.  Мұражайдың жартысы өз коллекциясынан. Сондай-ақ, аталған көрме әлемнің өзге де мемлекеттерінен келген басқа да коллекционерлердің сыйға тартқан экспонаттарымен толықтырылған. Көптеген қызықты экспонаттар бар еді. Фотоаппаратыма түсірген біраз суреттер жарамсыз болып қалыпты. Барымен базар болсын.

Еуропада ашылған алғашқы би клубтарына арналған тұңғыш шақыру билеттері. (Түпнұсқа)

Еуропа халықтарының алғашқы қолмен көркемдеп хат жазу үлгісі

Османлы дәуіріндегі құжаттар

Мына карта әлемнің әр түкпірінен келген қағаз жасаушылардың бір-бір қағаздарынан құралған жиынтық. Сондай-ақ, қағаздан жасалған аяқкиімді байқаған боларсыздар. 

Картаның екінші беті. Байқағандарыңыздай, әр елден келген қағаз жасаушылардың еңбегі. Бірі ағаштан, бірі кенептен, бірі түрлі қоспалардан осындай қағаздарды өз қолдарымен жасаған. 

Картадағы кейбір қағаз түрлері

Эбруден жасалған өнер туындылары. Эбру өнері туралы кейін толық тоқталамын. 

Өртенген кітап түрінде жасалған өнертуындысы

Бұлар да қағаздан жасалған. Жалпы қағаздан жасалған бұйымдар өте көп. Жеке-жеке тоқталудың қажеті жоқ деп ойлаймын. 

Баспа құралы

 

Эфиопиядан келген кітап түрі

Бамбуктан жасалған кітап

Мына көріністердің барлығы кітап түрлері. Басқа да қызықты кітап түрлері өте көп. Мысалы, мынау құтыдағы дүниедегі ең кішкентай кітап. Көлемі 2,4 x2.9 миллиметр. Анық арнайы үстінде тұрған ұлғайтқыш құрал арқылы ғана анықтап көруге болады. Сондай-ақ, осы мұражайда салмағы 2 грамм болатын әлемдегіі ең жеңіл кітапты көруге болады. 700-ге тарта экспонаттың ішінен XVII ғасырда жасалған түсті қағаздарды да көруге болады. Кітап бөлімінде Османлы дәуірінде Түркияда баспа үйін ашып, ең алғаш кітап шығарған Ибрахим Мүттефериктің түпнұсқа шығармаларын, Еуропада ең алғаш баспа үйін ашып, оны жолға қойған Иоган Гутенбергтің кейбір кітаптарының парақшаларынан бір мысал көруге болады. 

Мұражайда тағы бір ең құнды кітаптың бірі - Сальвадор Далидың мұқабасы өз қол өнерімен жасаған алғашқы 50 дана кітабының 11-шы кітабын қолтаңбасымен осы көрмеден көре аласыз. Сосын Этем Чалышканның қолынан шыққан Ататүріктің "Нутук" кітабы осы жерде. Кітаптан көргеніңіздей, мұқабадағы Ататүріктің осы қолтаңбасы Түркияда кеңінен танымал. Негізі түпнұсқада Ататүріктің қолтаңбасы басқашалау болған екен. Ал осы қолтаңбаны алғаш таңба түріне түсірген осы кісі --Этем Чалышкан.