Мәңгілік қарсыластар...
жеке
блог

Мәңгілік қарсыластар...

Жақында ауылға барып қайттым. Құр бармайын деп, сыйлық ала баруды жөн санадым. Ал сонымен не апарамын деп жүргенде бірнеше күннің жүзі де өте шығыпты. Алдында бір телефонмен хабарласқанда апамыздың «гәп» өткізейін деп жатқаны туралы айтқан болатын. (Өзге өңірлерде «черная касса» дей ме?) Олай болса, сол өткізетін бөлмеге әдемі бір жерге төсейтін кілем апарғаным жақсы емес пе?-деген ой басыма келді. Содан артынып-тартынып кілемді құшақтап ауылға да жеттім. Үйге де бардым. Бәрі қуанып қарсы алды. Содан бір мереке басталып кетті.

Ауылда жүріп талай қызық көресің ғой. Күніге кешке – футбол. Бара сала жұлдызсың. Айтпақшы футбол демекші, үйде атам мен інім мадридтік «Реалдың» жанкүйері. Ал мен болсам – «Барселона». Содан басымыз сыйыспай қалатын сәттер де болады. Осы жолы барғанымда тағы бір қызық байқадым. Біреу білсе, біреу біле бермейтін әр өлкенің жазылмаған заңы дейміз бе? Әлде сақтанғаны ма? Әйтеуір ауылды өлкенің өзіндік ерекшелігі болады. Соның бірі – гәлөшке (галош) ен салу. Оны өзіңіздің үйдегі үлкен адамдардың аяғынан да байқаған шығарсыздар, бәлкім...

Сонымен осы жолы барғанда атамның аяғындағы гәлөште «Реалдың» эмблемасы жабысып тұр. Айй, осы інімнің таппайтыны жоқ. Атамның тігіп жасап қойған енінің үстіне әдемілеп тұрып інім «корольдік клубтың» танымбелгісін жапсырыпты. Кішірек болғаннан соң, аса қатты байқала да бермейді екен.

Сонымен үлкендер бас қосқан кеш те бір күнде өте шықты. Кешқұрым басталған отырыс түннің бір уағына дейін созылды. Менің өзім түн жарымда келіп, қалған-құтқаннан ауыз тиіп, құлай кеттім. Таңертең атамның інімді іздеген дауысынан бір-ақ ояндым. Қарасам атамның қолында гәлөш тұр. Ата не боп қалды? – десем. Гәлөшті көрсете береді. Қайта төсекке жантая бергенде, апамның да қаттырақ шыққан дауысын естіп, қайта тұруға тура келді. Сонымен үлкендердің отырысы өткен бөлмеге беттедім. Бардым. Қызықтың көкесін сонда көрдім ғой...

Мен сатып алып келген сарғыш түсті кілемнің үсті қап-қара бояумен боялған. Кім істегенін ешкім білмейді. Апам мен атам ғана бір-бірімен ұрысып отыр.

- Осы кілемді кеше төсемей-ақ қою керек еді – дейді атам.

- Не болды әне. Білген ем кеше.

- Не білдіңіз ата? – дедім.

- Ой, ана біреуінің мәсісін арзан қара маймен жақсылап тұрып қарайтып келетінін...

Сонда барып бұл ғажаптың сырын ұқтым...

- Ой сен бір гәлішіңді бар ізде – деп апам шықты бір мезетте.

Қарасам атамның гәлөші ауысып кеткен. Гәлөшінің бір жұбында – «Реалдың», бір жұбында – «Барселонаның» эмблемасы тұр. Мен күліп жібердім. Одан да қаттырақ күлдім. Сөйтсем, ауылда кішкентай балаларға аталарының гәлөшіне сүйікті командаларының эмблемасын жапсырып беру сәнге айналып кеткен екен... Айтпақшы бүгін тағы - «эль-класико»! Көрерміз, кімнің жеңерін! Не де болса мықтысы жеңсін! Сәттілік тілеймін!

Ал сол жолы өзім апарған кілемді өзім жуып қайттым...