Ұлт болашағы тәрбиелі ұрпақта
жеке
блог

Ұлт болашағы тәрбиелі ұрпақта

Ұлт болашағы-тәрбиелі ұрпақта

   Ұлт болашағы - тәрбиелі ұрпақта. Байқасаңыздар әр сөздің астарында бір-бірімен шиеленісе байланысқан, біз үшін аса маңызды ұғым жатыр. Сол ұғымдарды тарқатсақ. Алдымен болашақтан бастасақ. Негізгі ұғым да сонда, беймәлім тұсы мен болжамдысы көп  келешек. Енді осы сөзді ұлт сөзімен байланыстырып көрелік. Ұлтты өзен арнасына теңесек, заманға қарай өмір сүріп жатқан халықты елестеміз. Өткен, осы, келер күн уақыт қойнауында. Ендеше ағыс уақыт көші болмақ. Бізді алаңдататыны не, алаңдататыны өзен арнасының ағысы дұрыс па деген сұрақ. Алдағы өміріміз жайлы ойласам санамды мына сұрақтар мазалайды: келешегіміз қандай болмақ, қалай болмақ? Қуанатыным, тәуелсіз елміз, өркендеп келеміз, бақыттымыз. Соған орай қауіпім де жоқ емес. Ол, әртүрлі себеппен судың тартылуы сияқты, ұлтымыздың жойылуы. Жоятын өзгелер емес, өзіміз боп жүрмейік ағайын. Ұлт - тілі, діні, ділі бір, біртұтас халық. Ұлтымыздың қазіргі жағдайы қандай? Саралап көрелік. Құдайға шүкір, тіліміз де, дініміз де, салт-дәстүріміз де жанданып келеді. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, жоғалтқанымызды қайтарып жатырмыз. Бірақ неге күнделікті жаңалықтардан кем дегенде бір суық хабар естиміз? Неге? Неліктен? Не себепті? Себебі қоғам сондай. Сіздерге бір дерек келтірейін, келіншегін қызғанған күйеу, әйелін бауыздамақ болып, күнәға бата жаздаған.  (Астана телеарнасындағы "оқыс оқиға" бағдарламасынан). Ол мал емес, ол ана. Сондықтан құрметтеуге лайық. Жалғыз ғана мысалдың өзі жан түршігерлік. Ал өмірде осыған ұқсас қаншама мысалдар бар. Меніңше мұның бір ғана жауабы бар. Ол - адамзаттың рухсыздануы. Осы сәтте Абай атамыздың тоғызыншы қара сөзі есіме түсіп тұрғаны. Онда "осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?" - дейді. "Тисейін десем жалғызым, тимейін десем жалмауызым" демекші, ұлтшылдық қанымда бар. "Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді." Иә, Абай атамызды күйзелткен ұлт мәселесі мені де жай қойған емес. Өз ұлтымнан безіп қайдан опа таппақпын. Өмір бойы ұстаз болуды армандаған менің ендігі жолым дұрыс бағдар көрсетуде болар сірә. Түңілу жоқ емес, түзету бар.

   "Бес саусақ бірдей емес" немесе "бір құмалақ бір қарын майды шірітеді" деген сөздер осы жерде керекті. Қытай философиясына үңілсек адамды екіге бөледі. Бірі мәрт (жақсы) адам. Екіншісі нәммәрт (жаман) адам. Енді ұлы Абай атамыздың жетінші қара сөзін еске түсірейік: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген...  Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз». Біз қай қатарға жатамыз? Жомартпыз ба, Жоғалғанбыз ба? Әйгілі Қытай философы Конфуций мәрттің бес қасиетін айқындап береді. Адамның адамгершілік қасиеті, ата-анаға деген құрмет, шектеуі бар дүние, парыз сезімі, білімге деген құштарлық. Абай атамыз да адамға тән бес асыл істі «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде келтірген. Олар, талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым. Ал өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек пен бекер мал шашуды бес дұшпан қылып көрсетеді. Біз қолдайтын қасиет дос па, дұшпан ба? Білесіздер мұның бәрі тәрбиеде жатыр.

   Газет беттерін парақтап отырып жастар мәдениеті жайлы мақала оқып едім. Қазіргі жастар мәдениетті ме немесе олардың мәдениетсізденуіне не себеп дегенге әркім әрқалай жауап берді. Бірі ортасының, бірі ата-анасының кемшілігі деп түсіндіріп бақты. Себебін мен де ойша бағамдап көрдім, жауабын тапқандаймын. Сәби дүниеге келгенде ең алдымен ата-анасының қолында, сол жерде бейімделіп, әкенің қаталдығы мен ананың аялы алақанын сезінеді. «Отбасында не көрсе, ұшқанда соны іледі», дейміз. Ол да рас. Ал бала есейді, сыртқы дүниені тани бастады. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», ортаңа бейімделесің. Ол да рас. Бірақ, үстіңнен бақылап тұратын бір басым күш бар екенін есімізден шығармақ емеспіз. Барға шүкірлік қылып, алғысымызды айтатын, қиналсақ көмек сұрап жалбарынатын, біз сиынатын Алла тағала.  Ол маңдайыңа не жазса сол болады. Демек жауабы өмір дейтін күштіңде. Өйткені сондай отбасыға, сондай қоғамға алып келетін жалғыз-ақ нәрсе өмір. Адамды жүдететін де өмір, түзететін де өмір. Тәрбиелі ұрпақ осы шығар. Болашағымның не болары белгісіз. Дегенмен өз таңдауымды жасап қойғанмын.

   Ұлтым қазақ, тірлігім қазақ, бар білгенімді неге қазағымның болашағына сарп етпеске. Ұлт қай кезде мәңгі жасамақ. Жүрегі қазақ деп соғатын ұлтшылдарымыз өмір сүрсе ғана. Ұлтшылдық қайдан шығады. Елін сүйгендіктен, елім деп күйгендіктен. Елін сүю отбасынан, қоғамнан берілетін ұлы қасиет, патриоттық сезімнің санада сезілуі. Дүниені ақ пен қара деп танитын маған басқа түстің керегі жоқ. Артық айтсам айыбым, кем айтсам қателігім болар. Тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру алла қолында, менің жолымда деп түсінемін. Ал оған күш салатын сіз бен біз жұртшылық.