Шалалық

Шалалық
жеке
блог

Қыстың ызғары сай-сүйектен ғана емес жан-тәніңнен өткен кезде менде бір үміттің ұшқыны бар еді-көктем деген. Бейне бір көктемде үйреншікті телехиқаямыздағы  happy end- ке жеткен тұсындай елестетінмін. Міне, келді, көптен күткен көктем. Ал жаным сол баяғы күйде... баяғы Айша- сол Айша. Бірақ Айшаға не жетпейді дейтін боларсыздар. Өзім де сол сұрақты өзіме сан қойдым. Бала шағасы бар, отбасы бар, Ин Ша Аллаһ ештеңеден тарлық көрмеймін, ішсем асым, кисем киімім (керемет болмаса да) бар. Бірақ бірдеңе жетпейді жаныма.  Өзіме көңілім толмайды. Толған да емес. Мектепте де солай еді. Өзімді  «өз тәрелкемде» сезіне алмайтындай. Оқу орнында да солай болды. Негізі сырттай оқу-оқу болып жарытпайды екен. Белгілі бір саланың білікті маманы бола алмайсын. Тұрмыс құрғаннан соң сырттайға ауысып, барлық білімім (әрине егер ол бар болса), барлық мақсатым құм болып ұшып жоғалғандай болды. Толыққанды білім алу мүмкін болмай кетті. Қазір соның зардабын тартудамын. Өзімді  «топас» деп есептемесем де «ақылды» деп айтпаймын. Белгілі бір мамандық иесі емеспін. Бір саланы толық қамтып жұмыс істей алмаймын. Бәлкім менің ісім- шала болғандықтан шығар. Иә, мен шала туылмасам да ісімнің көбі шала.  Аллаға тәуба екі қызымды шала тумағанмын.  Бастаған ісім ортасынан қалып жатады. Қатты асығамын, сонда да  ештеңеге үлгермеймін. Осы қасиетім үшін енемнен талай ұрыс естіген едім. Ол кісінікі жөн –ақ.  Не отбасыма, не достарыма, не жұмыстағы қызметтестеріме пайдасы жоқ жанмын.   Блоктарды да менің массагеттік достарым секілді әдеби тілде, тереңнен, шыңыраудан алып жаза алмаймын.  Менің жазғандарым жеңіл, өмірге тым жеңіл қарайтын жеткіншектікіндей болар. Массагеттік достарыма қатты қызығамын. Олар белгілі бір мәселені қозғап, ой салып жатады. Қайтейін, шала  қыздың шала блоктарына реніш білдірсеңіздер орынды ақ.

 

Шынымды айтсам осыны жазып отырып жылап отырмын, неге екенін білмеймін. Бірақ жылағаным шала емес.