Атам туралы естелік

Атам туралы естелік
жеке
блог

Былтыр жазда еңбек демалысқа шыққан уақытымда жазылған. Ауылға барған соң аздап сырқаттанып жатып қалғаным бар. Сол уақытта біраз кітаптарды ақтарып едім. Жаныма жақын болған біреуінен қысқа естелік.

Қолыма ілінген кітаптің бірі Қайыржан қажы Макиннің «Біз қазақпыз» атты еңбегі болды. Кітаптің алғашқы беттерін ашып оқи бастағаннан-ақ бұрыннан естіп, көріп жүрген дүниелерді неге қайталап сала берген, осыны да кітап деп жазып отырма деген ойға қалған едім. Бірақ, кітаптың атауы «Біз қазақпыз» деп өзіне тартты да тұрды. Әдептілік турасындағы, әдеп-ғұрпымыздан сыр шертетін тұсына келгенде қызыға түскендеймін. «Қазақтың ата-әжені сыйлау» атты тақырыбына келгенде, тіпті көз жасыма ерік бердім.

«Атаның «Айналайын», «садағаң болайын» деген сөздері оның ұрпағы үшін жанын да аямай, құрбандық болуға даяр екендігін көрсетеді».

Ауылыма көңілімді тартып тұратын елестің бірі Атамның «Айналайын Арыштаным деп» оты сөне бастаған жанарындағы туындаған ерекше нұрмен қарауы, қос бетімнен кезекпен сүйіп, ал мен өз кезегімде жарқыраған маңдайынан иіскеп тұратын сәттер еді. Төсекте ұйықтап немесе газет-журнал оқып отырған сәтінде кіріп келіп «Ассаламауғалейкум» деп айғайлай сәлем беріп, селк еткізуші едім. Қос қолымды ұсынып амандасқанда, әлі қайтқан қолдарымен өзіне тартып сүймекші болғанда, талай мәрте бетімді тосып, еңкейіп едім ау. Осылайша Ата мен бала махаббаты Арыс ауданының шалғай бір ауылында өрбуші еді.

«Ет жүрегі елжіреп, ұрпағының амандығы мен жақсылығын бақыт санайтын атаны ардақтап, оның алдынан қия өтпей, айтқанын орындау, атаға қашан да қамқорлық жасау, қиындықтан қымсынбай қызмет көрсету – сенің адамгершілік парызың».

Қазір адамгершілік қағидалар туралы сыни пікірлер көп айтылады. Енді оны жолға салудың түрлы жолдарын ұсынамыз деп, бұрынғы жаттанды сөз тіркестерын будақтады. (Тәрбие, мектеп, ұстаз, ата-ана) Менің ойымша адамгершілік, жанашырлық қасиетті бірінші өзіңнің бойыңнан көрсетіп, үлгі көрсету керек. Өзге түгілі өз бауырларымның жанашырлық қасиетін туындата алмағаным менің үлкен кемшілігім деп ойлаймын. Жаңа жылдан кейінгі кезекті жұмыс апталығы соңындағы демалыс күндерін пайдаланып, ауылға бардым. Амандық-саулықтан кейін, Атамның жүзінен абыржулықты байқадым. Өздігінен зорға тұрып, кіріп-шығып жүрген атамның кешкісін мәсісін шешіп қарасам, сұмдық болып жатыр екен. Сонда барып білдім. Үйдегі үлкен ағамның соншалықты безбүйрек болғаны ма? деген сұрау жаныма батты. Дереу жылы су даярлап, аяғын жамға салып, әбден күстенген аяқ саусақтарын жібітіп, тырнағын алып, тазалап жуып, жылы орап төсек орнына жатқыздым. Ертесіне үйдегі моншаны жағып, шашын алып, сақалын бастырып, шомылдырып, киімдіріп едім, нарттай бозарып, сүйкімді қарияға айналып шыға келді. Түріне қарап күліп алып едім. (Сақалын бастырам деп, ортадан сәл ауытқытып алып, соны теңестірем деп жүріп «ақ сақалын» кішірейтіп қойыппын.) Сонда атам тұрып: «Айналайын, кішкентайыңда арқама салып баққанымды қайтардың-ау» деген еді. Осыдан шамалы уақыт өткеннен кейін атам ұзақ ауырмастан дүниеден өтті. Атамның разылығын ал деп, қанша айтқаныммен де ағамнан түк шығара алмадым. Соңғы мәрте 22 наурыз (2013ж) мерекесіне орай берілген демалысты пайдаланып барып едім ауылға. Онда да «блогкэмп» деп, атамның қасында ұзақ аялдай алмадым. Адамгершілік парыздан гөрі перзенттік парыз жоғары деп есептеймін. Әскерге кеткенде ақ батасымен шығарып салған атамды бір жыл уайымдағаным (қайта көрем бе, көрмеймін бе деп) да әлі есімде. Алдымнан шыға келгенде, ыстық жас ытқылап кетіп еді ол кезде де. «Балапан қанат қағып, ұядан ұшты деген осы» деп қаладан сағындыра келгенімде айтып отыратын, қайтсін қарт көңіл ең жақын немересін сағынад та.

Пысы: Зымырап өтіп жатқан уақыт. Атаммен енді мәңгілікке қош айтысқанымды мойындағандаймын. Жайың жәннәтта болсын Аташым.