Брайт сырқаты

Брайт сырқаты
жеке
блог

Бесінші сыныпты бітірген кезім еді. Біздің ауылда жаздыгүні ұл демей, қыз демей жиналып шабыққа шығатынбыз.  Күнұзақ күннің астында жүргендіктен ыстығымызды басу үшін үйге қайтарда ауыл маңындағы каналға  бір сүңгіп шығатын әдетіміз бар еді. Дариядан ағып жатқан су біздің маңайға келгенше лайланып, быт-шыты шығатын.  Ал біз баламыз ғой, әйтеуір ыстық күнде салқын суға түссек болды деп мән бермейтінбіз. Сол балалардың ішінде мен алаңғасарлығымнан ауруханадан бір-ақ шыққан едім. Дәрігер   бүйрекке су жиналған деді, аса қауіпті емес екен. Қажетті ем-домын жасап дәрігерлер көп ұстамай үйге жіберді. Сол кезден бастап менің фобиям- инъекция. Тіпті, саусақтан анализ алатын кезде ине көрсем жүрегім алқымыма тығылады. 


Денсаулық пен дәрігер егіз ұғым секілді. Сондықтан, осы тақырып төңірегінде Астана қаласындағы «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының»  уронефрология бөліміндегі  уролог Жандос Иманбердиевпен  әңгімелескен едім.

-Отаның  жеңіл  түрі бар ма?

-Отаның жеңіл түрі жоқ, әрбір ота  өзінше ауыр болып келеді. Оталар  жеңіл я ауыр  болып  бөлінбейді. Науқастың  жағдайы жақсы болғанмен  ота ауыр болуы мүмкін, тиісінше, жағдайы нашар науқастың отасы  жеңіл болуы мүмкін. Бірақ, таза медицина тілінде орта дәрежедегі болып  бөлінеді.

-Дәрігердің қателігінен  «барымнан, нарымнан айырылдым»  деп кейбіреулер айтып жатады. Шынымен дәрігерлер қателеседі ме?

-Қателеспейтін адам болмайды  ғой. Дегенмен олар бір қателіктен кейін  өз қателігін қайталамауға тырысады. Бірақ та дәрігерлердің қателігінен көз жұмып жатқандар болады, мұндай жағдайлар көп кездеспейді. Дұрыс диагноз жасалмай, дұрыс ота істелінбесе, әрине,адам қаза болуы мүмкін.  Біздің орталықта  мұндай оқиғалар тіркелген жоқ.


-Ота  алдында қорқыныш болады ма?

-Әрине, болады.  Дәрігер болып,  жұмысқа орналасқаннан соң бір жылдай уақыт толқу, қорқыныш деген сезімдер болады. Қолың үйренбеген, көзің үйренбеген, уайымдап қорқып отырасың. Екі-үш жыл өткеннен кейін отаның ауыр және ұзақ болатынын білесің , бірақ оған да  үйреніп қаласың. Ота біткеннен кейін денсаулығы жақсы болып кетсе екен деп уайымдайсың. Біз жасайтынды  хирургиялық, техникалық жағынан  жүз пайыз жасаймыз да, қалғаны Алланың  қолында. Қанша жақсы жасаған күннің өзінде  бір кемшіліктері болады. Ертесіне сол науқас алдыңнан  жүгіріп шықса қуанып кетесің.  Ал кейін үйреніп кетесің.

-Бұл саладағы ең қауіпті ауру?

-Уропатиалық ақаулар деп аталады. Бұл бүйрек зәр шығару  жолдарындағы ақаулар. Бүйректен бастап несепағар, қуық жолдары , қуықтан шыққаннан кейінгі уретраның бойындағы зәрдің толып қалу немесе шығармауы. Туа пайда болғандар да бар, жүре пайда болғандары да болады.  Туа пайда болған ақаулардың  әлі анықталмаған факторлары бар. Жүктіліктің алғашқы кезіндегі инфекциялардан  іштегі балаға зияны тиіп, осы ауру  туа пайда болады.  Бүйрек, зәр шығару орындарының қалыптасу кезіндегі  дисплазиялық  өзгерістерден, орындарының дұрыс қалыптаспауы әсер етеді.

Кейбір бүйрек ауруларында тоқтамайтын процесс болады. Қанша ота жасасаң да балада қалыптасып қойған процесс тоқтатылмайды .Мұндай жағдайда бүйрекке трансплатация жасайды. Яғни бір бөтен бүйрек алып балаға отырғызады.Бір бүйрек балаға бес-алты жыл өмір сыйлай алады.

 -«Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында  » мұндай оталар ақысыз жасалынады ма?

-Иә, квотамен  түседі.  Ал квотасыз болса ота бағасы әр науқастың жасалатын отасына байланысты әртүрлі болады. Жеңіл оталар ақылы түрде жасалынса шамамен 80-90 мың теңгені құрайды. Ал күрделі оталарды әлі ақылы түрде алып көрмедік. Ал, жалпы бір отаға   600 мың теңгеден бастап, бір миллионға дейін қаражат кетеді.

                         

-Бүйрек ауруларының алдын алу үшін не істеу керек?

-Қарапайым адамдарда туа біткен ешқандай ақаулықтар болмаса:

Ащы суды көп ішпеу керек,спиртттік өнімдерден бас тарту керек. Бұларды қолданғанда  бүйрек  зақымданады да,  ауытқулар пайда болады.Дұрыс тамақтанбау,  диетаның  бұзылуы, құрамында тұзы бар заттарды шамадан тыс қолданғанда  бүйректі құртып алуы мүмкін.

-Бүйрек ауруларын шырақшылар емдеп беремін дейді. Осыған сенесіз бе?

-Мен ондайларға сенбеймін. Бір адамды емдегенімен, он адамды ауруынан айықтырдым деп өздеріне  жарнама жасауы мүмкін.  Қазір құдайға шүкір,  техника бар,  ауруханалар жетерлік, шырақшылар басын жағалағанша бүйрегін тазалауға дәрігерлерге қаралсын.  Қай  кезде болмасын, нендей күйге түссеңіз бірінші дәрігер кеңесіне  жүгінген жөн. Әйтпесе,  артық қыламын деп тыртық қылып, өзегіңізді өкініш  оты өртеуі мүмкін.

  Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы                                        

 1872 жылы Р. Брейт бүйрек патологиясын ең алғаш көрсеткендіктен бүйрек аурулары ғылымда Брейт сырқаты деп аталып кеткен. Қазақстанда аталмыш сырқатпен әрбір оныншы адам ауырып, оның 40%-ы ажал құшады екен.  Елімізде екі мыңға жуық науқас бүйрек трансплантациясына кезекте тұр.

Айдос: Інім 3 жарым жасар кезінде бүйрегіне сары су жиналып, Алматыда ота жасаттық.  Заңды түрде 2500-інші болып екінші бүйрек салдыруға кезекке тұрдық. Ол жылына 20 адамға жылжып отырады. Қазір інім 9-сыныпта оқиды, кезегі келгенше 90-ға да толып қалады-ау.  Бір бүйрегінің жоқтығына қарамастан спортпен шұғылданады. Бірақ, сырқаты өміріне кесірін тиігізіп жатқан  жоқ емес. Есте сақтау қабілеті өте нашар. Мектептегі сабағына дауындалу үшін кем дегенде 5-6 сағат отырып кітап оқиды.

Қазақстанда өз еркімен донор болатын адамдар аз дейміз. Бірақ, интернетте  өз еркімен бүйрегін саудаға қойғандар саны шексіз. Хабарландырулар бойынша арнайы хабарласып көрген едім: бірі тұтқаны көтермеді, ал сөйлескендерімнің сөзі әртүрлі болды.

 Таразық қыз:

-Сәлеметсіз бе?!

-Здраствуйте!

-Хабарландыру бойынша хабарласқан едім...

-Уже все...

 

Батыстың баласы:

-Алло, сәлеметсіз бе?!

-Сәлеметсіз!

-Хабарландыру бойынша хабарласқан едім...

-Қандай хабарландыру?

- «Продам почки»

-Иә,иә, айта беріңіз!

-Сіз ғой, иә?

-Иә, мен.

-Қан тобыңыз қанша?

-3+

-Қанша деп отырсыз?

-Сол, 25 (мың доллор). Оканчательно 20-ға түсем. Операциясына, жолына өздеріңіз төлейсіздер.Мен өзім Атыраудікімін, Құлсары қаласынанмын.

-Жасыңыз нешеде?

-Жасым 19-да.

-Ааа, жақсы.

-Одан да төменге келісуге болады. Маған просто, срочно ақша керек болып тұрған еді.

-Бірақ, ешқандай аурумен айырған жоқсыз  ғой, иә?

-Жо-жоқ, ондай дым ешқандай ауруым жоқ.

 Бұл балаға ақша не үшін керегін білмедім, бірақ, мен үшін дене мүшемнің бірі болмағаны-қоқынышты!

Суреттегі бала Ақмола облысынң тумасы , жеті жасар- Диас Омар. Екі күн бұрын отадан шыққан. Диагнозы- екінші дәрежелі гидронефроз. Яғни, бүйректің шамадан тыс ұлғаюы. Отадан кейінгі жағдайы жақсы болғанымен, баланың болашағы 6 айдан кейінгі тексеруде белгілі болады.    


 

                  

 

 

 

P.S. «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына» барғанда  дәрігердің қабылдауынан шыққан кішкентай баланы көрдім. Жасы шамамен 4-5-терде.  Киімінің ішінен өзінен үлкен ақ сым тетіктері бар үлкен аппарат  орнатылған екен, баланың өзінен үлкен дерсіз.  Ата-анасына барып, кішкентай тәтті баланы фотоға түсіруге жүрегім дауа бермеді. 

Деніміз сау, өз мүшеміз өзімізде болсын!