СОНДА НЕНІ ЫРЫМДАМАҚПЫЗ? НЕ ЖҰҒЫСТЫ БОЛУЫ МҮМКІН?

СОНДА НЕНІ ЫРЫМДАМАҚПЫЗ? НЕ ЖҰҒЫСТЫ БОЛУЫ МҮМКІН?
жеке
блог

...Әселхан апамыз айтқандай "құшағы қатты халық екенбіз, Бекзатты үш ай құшағымызға қысып өлтіріп алдық" па екен...
Несіп Жүнісбаевтың екі ауыз пікіріне құлақ түрсек, "Олимпиададан қайтқан соң Бекзат үш ай аттан түскен жоқ. Аузы астан, құлағы мақтау мен мадақтаудан сарсылды. Аста-төк сый-сияпаттан аяқ қана емес, көз де сүрінді. Ұйқысы қанып жатпады, шөлі қанып ішпеді, ойы қанып ойланбады. Ойландырмады. "Қой, болды, тоқтат!" - дейтін жан, "Сап-сап батыр, сап батыр", - дейтін жанашыр болмады..." Шексіз-шетсіз мадақтау жарға жығатынын, шексіз-шетсіз таңдану, сұқтану өлтіріп жіберетінін қазақтан артық қай халық білуші еді?!" Бұл - Мықтыбек Оразтайұлының парақшасындағы жазба. Несіп ағаның "Бекзатты жоқтауы" - Бекзат жайлы көлемді мақаласынан келтірілген мысал... Бүгін ФБ лентасынан көрген тағы бір жазба 15 сәуір - Ғашықтар күні, яғни Қозы-Көрпеш Баян сұлу күні екенін "еске" салыпты... Бірінің екіншісіне қатысы жоқ, әрине... Бірақ... Қазақтың ырымшыл халық екенімен барлығыңыз келісесіздер ғой. Сонда... Ғашықтар күнінде нені насихаттап, нені ырымдамақпыз? Астарына үңіліп көрдік пе? Жарайды, бұл анау Әулие Валентин күніне тосқауыл болсын делік... Бірақ ғашықтық сезімі адамнан уақыт пен күн сұраушы ма еді??? Біріншіден, қос мұңлық армандарына жете алмай кетті. Екіншіден, Қозы кісі қолынан өліп, Баянымыз өзіне қол жұмсаған жоқ па? Сонда "Ғашықтар күнінде" өрімдей қыз-жігіттеріміз бұл күні сүйіктілеріне не тілемек? Баянсыз махаббатты? Келте ғұмырды? Қазақтың ырым-тыйымы өзіне ғана жұғысты болмақ. Өзге ұлттың дүниесі қазаққа жұқпайды. Қанша жерден бақаның аузына тиын қыстырып, анабір қарны дәу "кісінің" сувенирін жұмыс үстеліңіздің үстіне қойып қойғаныңызбен, байып кетпейтініңіз белгілі... Осыны ойланайықшы...
Айтпақшы, Валентин күнінде қаншама жап-жас қыздар өздерінің абыройынан айырылады дегенді де оқыған едік... Ендеше, өрімдей қыздарыңыз "Ғашықтар күні" деп барын жоғалтып алмағай...