Жетім бұрыш
жеке
блог

Жетім бұрыш

Алматы қаласындағы Д.Қонаев пен М.Мақатаев көшелерінің қиылысында орналасқан «жетім бұрыш» барлығына да таңсық емес. Атауы да өзіне сай. «Жетім бұрыш»... Тек жетімдер емес, кәдімгі пана іздеп жүрген адамдардың келер шаһары іспеттес. Жетім бұрыш – бизнес көзі де. Ал, менің сөз еткелі отырған «жетім бұрышым» өзгеше. Ол кәдімгі бұрыш. Жатақхананың ұзын дәлізіндегі терезесі бар түкпір – жетім бұрыш. 

  Менің жатақханадағы бөлмем дәл осы «Жетім бұрыштың» жанында орналасқан. Күні бойы сабақта болған соң, тек азанмен не болмаса кешкі уақытта шай ішіп отырып «Жетім бұрышқа» келіп ашулану, жылау, күлу тәрізді эмоцияларға берілген қыз-жігіттердің дауысын естисің. Әрине, бұлар жетім бұрышқа келіп, өкпе-наздарын айтпайды. Телефонның ар жағындағы адамға айтып жатады-мыс. Алайда, басқа емес, осы жерге келіп күнде сөйлесулерінің өзі жетім бұрышты жетімсіретпеудің жолы секілді. Бұл жерге жетімдер емес, жақын жанмен хабар алмасу, әңгімелесуге, жырақта болғаннан соң көрісуге зар болып жүрген студенттер легі жиналады. Сондықтан да, мен осы бұрышты «Жетім бұрыш» деп атап кеттім. Бөлмедегілер де осы сөзді алып кетіпті, «Жетім бұрыш бос емес» деп күліп жатады.

Бізге қызық. Ал, біреу үшін «жетім бұрыш» ашуын басатын не болмаса көңілін бір серпілтіп тастайтын жер шығар. Кім білсін?! Көңіліңіз жабырқап тұрса, не қуанышыңызбен бөліскіңіз келсе «жетім бұрышқа» келіп кетіңіз!