Бұл көктем бұрынғыдан өзгерек

Бұл көктем бұрынғыдан өзгерек
жеке
блог

Еркелеп аққан Есілдің жағасынан еншімді алғаныма да біраз уақыт болыпты. Осында келіп, есін жиып, есейген сыңай танытатын еркенің өмірінде көктемді махаббатқа теңейтіндей қай бір естелік жатыр дейсіз? Мен көктемді махаббатқа теңемеймін. Себебі, махаббат жасқа қармағаны секілді, мезгілге де қарамайды емес пе?! Адам түгілі Жер-Ана ескі шапанын шешіп жатқанда, менің ойлайтын көктемім - жаңару маусымы.  Қыстан аман-есен шығуларыңмен деп бір-бірімен «көрісуі»;  Ұлыстың Ұлы күнінен береке күткен адамдардың  бар өкпе-реніші,  қыстай мұз болып қатқан жүректерінің  еруі; қытымыр қыстың қаһарына булығып  кеудесіне ашу-ызасы толған жандай  өзендер мен көлдер де арнасынан тасуы;  үш ай бойы аспанмен астасып арқасына ауыр жүкті көтерген таулардың мінез көрсетуі;  араны ашылған аңдай  аурулардың адамды «жейтіні»;  бұлтты аспанда қол бұлғап кеткен құстардың қиқу салып мекендеріне оралуы; мына аласапыран  дүиені құстардан қызғанғандай төрт түліктің  жарыса  төлдеуі;  «тоңдың»  деп, тонын қабаттай берген табиғаттың қысқа тән  тартуына  алғыс білдіріп, қар атаулымен қоштасып, елге егісітік сыйлау үшін жердің рақаттана тарануы, тонын тастап жаңаруы осы көктемде  емес пе?! Айтпақшы, қазақ тілді блогшылардың көктемде жиналып, бір жылға жетерлік энергия алып, жаңаша серпіліспен блог бастайтын болғандықтан құрылтайды да жаңашылдыққа балаймын.

Өмір деген жалпылама бір  болғанымен әр адамда әр түрлі болады. Көктем де сондай: атауы-бір, сипаты-көп. Қанша өмір сүрсең оның бәрі жадыңда сақталуы мүмкін емес. Тек тәтті естеліктер ғана жүрегіңде менмұндалап  тұрады.   Атауы бір болғанымен, сипаты әртүрлі болған  жыл мезгілі  кімге қаншалықты әсер етіп жатыр екен?

Ильяс, 11-сынып оқушысы:

-   Бұл көктем - мектеп қабырғасындағы соңғы көктемім. 11 жыл бұрын тарыдай болып кірген білім ошағынан таудай болып шықпақпын. Қарасам, мектеп бітіруіме саусақпен санарлықтай күн қалыпты. Ыстық мекенімді қалай қиып кетеді екенмін?! Оқушылық өмірдегі соңғы жылым екенін ойласам, жүрегімнің бір бөлігін біреу тартып алардай қынжыламын. Енді бұл орындықтарда оқушы болып отырмайтыным ащы болса да шындық қой.

 

Әмина, І курс студенті

- Бәлкім, жыл өткен сайын есейгенімнің де белгісі болар. Алайда, бастысы, бұл көктем - студенттік шағымның алғашқысы. Тіпті, күн көзінің шуағы өзгеше нұрлана түсіп, ерекше ләззәт алғызатындай көрінеді маған. Асылы, әрбір адам баласы айналасындағы  жаңару, қайта жаңғыру  кезеңінен айрықша  әсермен қабыл алатын шығар. Дәл сол секілді мен де көптің бірі іспетті ересек өмірге  қадам басқанымдағы алғашқы жаңару мезгілі-алғашқы көктемді ғұмырының жаңа парақшасы ретінде ашып, ақтарып келем. Мүмкін содан да болар, бұл көктем бұрынғыдан өзгерек...

Тоғжан, ІV курс студенті

-Астанаға көктем кеш келеді десек те биылғы көктем жылдағысынан ерекше әдемі, мәнді де сәнді басталды. Адам жанын жадыратар, тіршілікке өмір сыйлайтын осы көктем біз үшін кішкене мұңды болмақ. Неге десеңіз бұл көктем менің студенттік кездерімнің соңғы көктемі. Жерге көк шығысымен сыртта  ұзақ серуендейтін студенттер үшін көктем мезгілінің жөні бөлек. Даладағы гүлдер тәрізді жайқала түсетін жастар бұл жыл мезгілінде ерекше құлпыра түсетіні сөзсіз. Арман қуып Астанаға келгеніме де биыл төртінші көктем екен. Уақыт-ай, неткен жүйрік едің?! Көктемім қайда асығасың?!  Әр көктемнен ерекше әсер алып, бір жақсылық күтеріміз белгілі. Жыл сайын келер көктемімді қайда қарсы алатыным айқын еді, ендігісі белгісіз. Бәрі бір тылсым күш тәрізді. Көзді ашып жұмғанша, күн артынан күн, жыл артынан жыл өте бермек. Осы тұста Мұқағали атамның бір өлеңі еріксіз ойға оралады:

Санаулы күн, санаулы ай, санаулы жыл

Санай-санай самайлар ағарды кіл

Не пайда уақытты санағаннан

Өмірден алатұғын бағаңды біл.

 

Аяулым, Қытайдағы Тиан Джин медициналық университеті, студент:

-Астанада жүргенімде көктемді ойласам балшық көшелер көзіме елестейтін. Ал Қытайда көктем асықпай келеді, байқамай қаласың, тіпті. Өйткені қар аз, сакура ашылғанда ғана    « е, көктем келіпті ғой» дейсің. Астанаға көктемнің келгендігін Наурыз мерекесіне жасалған дайындықтан аңғарасың, түрлі түсті гүлдерді қолдан отырғазып, ғимараттарды көктемге қарай безендіреді. Ал Қытайда Наурыз болмайды, университетте 20 шақты қазақ студенті жиналып, мерекені өзімізше атап өттік. Оның үстіне, мұнда көркемдеп оюлайтын, гүлдермен  әртүрлі дизайн істейтін жер де жоқ.. Жері саз болса да, аспаны ашық Қазақ елінде өткен көктемім ерекше еді...

 

Қуаныш, Малайзия, LUCT студенті:

-Екі елдің көктемі екі түрлі екен, өз алдына ерекше. Бұрын мен жылдың төрт мезгілін көрсем, мұнда келіп    қазір қандай мезгіл екенін ұмытып қалдым. Өйткені, күн ыстық, қыс та болмайды, көктем де, күз де... Кей кездері жаңбыр жауып қалса қуанып қаласың.

     Әркімнің көктемі әрқалай... біріне кеш, біріне ерте, бірі салқын ызғарын айыптаса, енді бірі жылылық күтеді, жақсылықтан үмітін үзбейді. Десе де, әр Көктемнің өзгерек келгені де бір ғанибет емес пе?!