Ойланғанды ұнатамын...
жеке
блог

Ойланғанды ұнатамын...

Көптен бері блог жазбай кетіп едім, біртүрлі жатсынып қалған сияқтымын ба, ойларым шашырап, не айтқым келетінін жинақтап жеткізе алмай-ақ қойдым. Тақырыптар келгенімен оны өрбіте бастасам, қисынсыз болып кететіндей. Сондықтан, көптен бері өзім түртіп алып жүрген, ойымда жүрген ойларды топтастырып жазуды жөн көрдім. Бұл тұжырымдар ешқандай дәлелсіз екенін білесіздер, сондықтан келісу-келіспеу өз еркіңізде...

* Бұл өмірде кімге актерлік қабілет берілген, соларға өмір сүру оңайырақ сияқты.

* Путин мен Кабаеваның кездесетіні ешқандай деректермен нақтыланбаған. Деcе де неге бұған көбі сенеді?

* Ақылды мен дана болу - екі бөлек ұғым екен. Әсіресе әйел адамы үшін ақылды емес, дана болу маңызды.

* Бүгін мен демалғым келіп тұр деп Мальдив аралдарына тартып тұратын Қазақстанда да адамдар бар шығар, иә?

* Не істесең де бәрі өзіңе қайтып келеді: сөз де, іс те.

* Жануарлардың да жаны бар, азық табады, көбейеді, бірақ санасы төмен. Олар да өмірлерін қимайтын шығар. Бірақ бұл басқа әңгіме...

* Дарындылар байқауларға қатысып, сахнаға шыққысы келеді. Біреулер даусы жоқ болса да ақшасымен шыға салады.

* Кішіпейіл болсаң - қызығасың, тәкаппар болсаң - қызғанасың.

* Проблема жоқ па - оны ойлап табу керек. Адам табиғаты сондай болса керек...

* Өзіңнен бір кінә болмаса, адамдар сені шеттетіп, орынсыз қиянат жасайды дегенге сене алмаймын.

* Бұл дүниеде адамдар агентте айтатын әңгімесін толық жазып жіберетін, және сөйлем-сөйлем ғып жіберетін болып екіге бөлінеді.

* Бұрын лас жерлеріңді оң қолыңмен ұстама дегенге қатты сенетінмін. Қандай мүшең болса да ол сенің мүшең ғой және сол қолдың не кінәсі бар?

* Өз-өзіңді жарнамалау үлкен рөл атқарады екен! Кім көп жылтылдап шыға берсе, атақ сода!

* Той-жиынға барсаң, қыз-келіншектер басыңнан аяғыңа дейін қарап, шолып шығады. Мұның мәдениетсіздік екенін білмей ме?

* Қанша жерден бірдеңеге фанат болсам да, ұлтшылдылығымды жоғалтпауға тырысамын. Бірақ фанатизмге беріліп, ұлтын, ділін, дінін сатып кететіндер көп. Ұлтшылдық та қанға сіңген қасиет пе?

* Жалпы бұл өмірде фанатизм, еліктеушілік, қызығушылық - бәрі уақытша сияқты. Бұл дүние кәсібіңе айналмаса, ертең-ақ нан табу үшін күйбең тіршілікке берілесің.

* Сөйлеп үйреніп қалған тіл – үндемей қалуға қалай келіссін?

* «Өйткені мен солай қалаймын!» деп өмір сүру - жалғыздыққа бастар жол.

* Виртуалда жазатын жазбаларымыз бен айтатын ақылдарымызды шынайы өмірде іске асыруымыз екіталай. Бірақ ниеттену керек...

* Нақтыласаң, әр адам бір адам жайлы ой білдіре алады, мінезіне анықтама бере алатын болып шығады.

* Виртуалда - виртуал тролльдар, реалда - реал тролльдар. Әдетте олар ағаң, не інің :)

* "Гранат" сөзін гугл-аудармашыдағы барлық тілде аударып көрдім. Хинди тілінде Anāra деген мағынаны білдіреді екен :)) – осындай позитивті нотада жазбамды аяқтаймын.