ШАШУБАЙ ШАЙМЕРДЕН

ҚОШ, ІҢКӘРІМ...

 

Қош, іңкәрім...Таусылды бұл әңгіме,

Дөңгеленіп айналды жер ләңгіге.

Жылы іздерің қала берер сайраған,

Жүрегімде бір сызық боп мәңгіге.

 

Қала берер, суға бөккен жағалар,

Үйеңкі  мен арша толы сағалар.

Мен бе екенмін, әлде сен бе мүлт кеткен,

Кірге салып уақыт өзі бағалар.

 

Бағалар да, тағар талай сындарын,

Өкініштің білем желі тынбарын.

Қаперіңнен ақырын сусып шығармын,

Бұлттар басып сағыныштың шыңдарын.

 

Қош, іңкәрім...Күн де шықты, ай қалып

Реніштерің жүрер біраз байқалып.

Аяқ асты солған гүлдер орнына,

Басқа гүлдер өсіп шығар жайқалып.

 

Көп ішінде таба алмайтын қарасын,

Басқаға сен бір қыз бала ғанасың.

Ал мен үшін ең түбінде санамның,

Мәңгілікке іңкәрім боп қаласың!

 

                                 11.06.1980 жыл



Бөлісу: