Әкетайым-ау
жеке
блог

Әкетайым-ау

Әкетайым-ау,

Салса да өмір келмейтін әлім сынаққа,

Кетпеймін сіз бар мекеннен ешбір жыраққа.

Жауабын кейде аламын сізден, білесіз,

Өмір-ұстазым қоятын сансыз сұраққа.

Ей, өмір, енді әкемді менің жылатпа.

 

Асқар тауым-ау,

Борыштымын мен,

Кеудемнен жаным кеткенше.

Ғұмыр жас тілеп,

Өтермін, білем.

Ажал да маған жеткенше.

Екі әлем бағын,

Тілеймін, әке,

Дәм-тұзым менің біткенше.

 

Әкетайым-ау,

Қорғаным, панам, ақылшым-дағы өзіңіз,

Тағдыр сыйлаған сынақтарға да төздіңіз.

Күлдіріп тұрып, жылататұғын өмірдің,

Орман, тауын да біз үшін талай кездіңіз,

Түбі бір бақыт боларын, сірә, сездіңіз.

 

Әкетайым-ау,

Шыңыңды қырау шалған ба, бүгін байқадым,

Жас шықпай көзден, басыңды тағы шайқадың.

Бер десе мейлі жанымды сізге сыйлар ем,

Шыдашы, әке, уақытша бәрі, қайтар мұң.

Әлі-ақ туар сіз жайлы дастан айтар күн.


Н.ғ.: мұның да әуені бар еді... тек "қара" дауыспен айтылған еді... жүктесем бе, жүктемесем бе деп ойланып...

https://www.youtube.com/watch?v=SeEy1nsK4Qs&feature=youtu.be