Сенің заманың өтірік. Бәрі өтірік
жеке
блог

Сенің заманың өтірік. Бәрі өтірік

       Дегенмен де, адамдар "жұлдыз" бола бастағанда "жұлдыз" ауруымен ауыратын сияқты. Мен сырттай танитын бір адам бар еді. Негізі ақын, әнші деуге де келеді. Сан оқырмандары секілді мен де Оны қашанда тірідей көргім келетін. Өнеріне тәнті екенімді айтқым келетін. Сол адамның кешіне барып, Оны өз көзіммен көру бұйырған еді. Тілегімді де, өнері жайлы ризашылығымды да айттым. Қарапайым деп ойладым. Иә, қарапайым. Дегенмен, солай көрінгісі келеді. Меніңше. Бірнеше аптадан кейін ол кісіні жазушылар одағынан көрдім. Негізі бір рет көрген адам болса да, таныс болып тұрады емес пе? Әдет бойынша бас изеп болса да ыммен амандасып жатушы еді адамдар? Әдетімше, анам үйреткендей, саналы адамдай... амандастым. Сәл қашықтықта тұрғандықтан, даусым жетпейтіндіктен, бас изедім. Ал, ол қарап, танып тұрса да, танымайтындай, көрмегендей болды. Жәрайды, артық таныс адам керек емес шығар. Қатқыл қабағым тартымсыз көрінген шығар. Суық болып көрінген шығармын. Дегенмен, ол да нәзік жанды қыз емес пе, мен сияқты (ұқсамасам да). Табиғат десек те, әйтеуір бір үйлесімділік бар ғой жалпы қыз баласында. Жәй ғана адам болған соң, адаммен адам амандасады емес пе? Ол кісінің кешіне барғанымды біледі. Ол мені біледі. Біледі! Иә, кім екенімді, атымды білмесе де, түрім таныс... Оқырманы, тыңдарманы екендігімнен де хабардар...

Жә, жарайды, амандаспай-ақ қойыңыз. "Аманыңды алмаса, сенімен періште амандасады" дегенді естіген едім. Періштеден артық емес екеніңіз анық..."Жұлдызым".

Шынтуайтында, мен үшін сіздің құныңыз - бес тиын. Тек сіздің сізге бұйырған бағыңызды, талантыңызды сыйлайтынымды білсеңіз болғаны... дегім келді. Жә, пендешілік қой. Қайда жүрсе де, аман болсын... Жұлдыздар тек көкте ғана...

***

-Анау алдайды осы, ә... Ананы айтамын. Алдайды бізді.

Халық банкін көрсетіп, осылай деп тұр. Апа. Аялдамада. Айналама қарап қоямын, маған айтып тұр екен.

-Нені айтасыз?- дедім.

-Анау ақша алатынды айтамын. Алдайды. Ақша беремін деп, ақшаңды ұстап қалады. Тып-тыныш банктен ала беремін десем, балаларым қоймай, мына бір «кәртішкіні» алып беріп еді, оңай деп. Көп ақшамды ұстап қалды. Сосын банкіге барып, кезек күтіп, құжатыммен алдым. Алдайды. Қазір бәрі алдайды. Бұл сендердің замандарың. Сендердің замандарың өтірік. Бәрі алдайды... Бәрі өтірік. «Алдайды» деп айта берді, айта берді...

Бұл заман апамыздың қашан, қалай көңілін қалдырғанын білмеймін. Бірақ бүгінгі банкоматтан ақша ала алмаған жағдайдан кейін туған ой еместігіне сенімдімін. Көңілі қалғандығын айтып, алдайды деп «біздің заманға» деген өкпесін менен алып жатқандай. Мені кінәлап жатқандай сезіліп кетті... Үнсіз тұра бердім, автобусты күтіп.

Кенет, «қар жауып қалса екен бүгін!» демесі бар ма апамыздың. Әңгімесін әлі де маған айтып тұр.

-Неге? – дедім.

-Демалыс күндері анау үйдегі бала-шаға далаға шығамыз деп жылайды. Сосын шығарсаң, үсті-басын былғайды. Одан да қар, не жаңбыр жауып қалып, үйде отырғандары жақсы... (21 наурыз күні еді. Енді 4 күн демалыс берілгендігін айтып тұр апамыз.)

Қазіргі кезде барлығын технология билеп кетті. Балаларымыз даланы, ойнауды, табиғатты, таза ауаны ұмытты... деп дабыл қағып жатқан заманда бұл апамның бұлай дегеніне таң қалдым. Енді тағы не дер екен деп тұрғанымда...

–Автобус келе жатыр ма? Келе ме өзі? Қайда кетті? Анау 34 пе? – апамыз сөйлей берді, сөйлей берді...

- Иә, апа, ол 34.

Болды. Басқа ләм-мим демедім. Шыдамым жетті. Автобус та келе қалды. Әркім өз жөнімен кетті. Апамның жайы мәлім болды. Мен қандай апа болар екенмін деп ойландым... егер сол жасқа жетсем...

Осындай жағдай жиі болып тұрады өмірімде. Әлде сіздерде де солай ма? Мені көрген адам, мейлі кім болса да, бөтен, таныс болсын, мұңын шағып, ашуын маған шығарғып, «сырласқысы» келіп тұрады... Қызық.

 

Н.ғ.: былай тартып өгіз де өлді, арбам да сынды... әуеге жол тарттым...