Жоспармен жүрген жақсы, бірақ одан ауытқыса ше?

Жоспармен жүрген жақсы, бірақ одан ауытқыса ше?
жеке
блог

Менің тамыз айында келгендегі ойларым, мақсаттарым және армандарым мүлдем еді. Ой, Алла-ай, өзімді қара күштің иесі санап, тау қопарардай болғам. Сөйтсем, тосын сый деген аяқ астынан екен. Не дегенмен ауа басқа, орта басқа. Осыған қарап, «бұзылып кеткен екен» деген ойға кезігіп қап жүрмеңіз. Жооқ, олай емес. Мәселе басқада, мектеп кезінде өзіме бақылау оңай еді. Кесте, тізім дегендерді жасаудан алдыма жан салмайтын едім. Ал, қазір бір қайыры болар деп жүре беремін. Енді осының барлығына себеп не? Бірге анықтап, бірнеше шешім шығарып көрейік:
1)Ортаның өзгеруі.Бұлай дейтінім — бұрын ата-анаң жаныңда, қалағаныңды алып береді, бастысы сабағыңды оқысаң. (Иәә, кейде болады мамаң ұрсып береді, ананы жасап қоймайсың ба? Сабағың қайда қашады? деген сынды). Қазір достарыңмен бір жерге шыққың кеп кетті ме? — Шығасың! Ал, оған кеткен уақыт ше? Оны ешкім есептеп те жатырмайды. Міне, ортаның әсері, ортаның өзгеруі. Жоспарыңды бірінші кезекте бүлдіретін осы!
2) Өз еркіңдегі дүниенің көптігі. Бұрын қашан өз еркім өзімде болады екен, сол кезде мен өйтемін, бүйтемін деп сайраушы ем. Қазір, одан қайта мама-папаның жанында жүре берген жақсы еді мее, деп қоямын. Әрине, қалжың! Десе де, шаршап не тығырыққа тірелген кезде ойыма сап ететіні осы. Неліктен, бұл да жоспарды бұзады? Себебі, қадағалайтын ешкім жоқ. Ұйықтағым келе ме? Төсегімді аша салып, 5 сағат ұйықтасам да өзім білемін. Не сабаққа барғым келмей ме? Тағы да өзім білемін. Осы секілді «тиыннан құралған теңіз» мәселелер.
3) Ерік-жігердің аздығы. Иәәәә, осы да үлкен себеп. Шынымен, тым әлсізбіз. (Оның ішінде мен де бармын. Ренжіп жүрмеңіздер, ақыл айта ма мынау, қалай? деп). Бүгіннен бастап былай болады деген түсінік жоқ қой, ертеңнен бастап деген үміт қана бары. Диета ұстаймын, сыптай боламын деген жоспар бар қыздарда (әсіресе, жатақханалық қыздарда). Неге нәтиже көрмейміз? Жұмыс істемеген соң. Күректі алып, қар күре деген мағынада емес. Өзімізбен жұмыс істемейміз. Диета бір ғана мысал. Ерік-жігердің аздығына. 
Сонымен, менің шығарған негізгі үш кедергі осылар. Сіз қалай ойлайсыз? 
P.S Мүмкін кедергі емес, жәй ғана салдар деп қарармыз. Оны да өзіңіз шешесіз!