Нәзік гүл

Нәзік гүл
жеке
блог

Терезенің жақтауында қауыз жарған гүл нәзік,

Кетсем бе екен жапырағына күлгін түсті мұң жазып?

 

Мен бір гүлден қалдым бөлек, уысымнан шығардым,

Шындық үшін құлазыдым, шындық үшін қуандым.

 

Жек көруге күштеп жүрмін жүрегімді барынша,

Жұтар едім ойланбастан дәрісі оның табылса.

 

Сен алысқа кеткен сайын барасың-ау жақындап,

Тәуліктерге жұтылады сезім байғұс лапылдап.

 

Жырым бүгін жабырқады, жалтарасың деме сен,

Қызыл гүлім, қызылыңа ғашық болған емес ем.

 

Кірпігімде көлбеңдейді сары сағым қас-қағым,

Қауызыңды жарасың-ау топырағына басқаның.

 

Құдыретке жүгінсем де, басталады жол жаңа,

Өкінішті сол ғана.

 

...Терезенің жақтауында қауыз жарған гүл нәзік,

Кеттім жасыл жапырағына күлгін түсті мұң жазып.