Ой

Ой
жеке
блог

Жыр мұңайса, мен де бірге мұңайдым
Өлең -аққу, ал қараңғы түн -айдын.
Сен туралы жазбағалы, жарығым...
Көрініпті аппақ жүзі бір айдың...
Ойламаймын десем дағы ойдасың
Енді тағы сағынышқа құлаймын...

Сағыныш бұл махаббатқа сай ұғым
Сағынамын - осы ма еді айыбым?!
Есіп келем жалғыз сезім ескегін
Кешіп келем сенсіз өмір -Жайығын...
Ренжімеймін, жағада тұр, мен мінген
Болашақтың күтіп алсаң қайығын...

Ұшып кетті маңдайымнан бақ тағы
Бақытыма мендік сезім жақпады.
Сен -суретші, қылқаламың қолыңда
Шимайладың жүректегі тақтаны...
Соның бәрін өзің келіп өшірер
Атар ма екен өмірімнің ақ таңы?!

Бір қинайық деді ме екен екеуін?!
Оңайлықпен татпаспын бақ шекерін
Жүректегі сезімімнің білмеймін
Қаншалықты құр-бос, жалған, бекерін...
Бақытыңа жету үшін бір күні
Білем үміт үзбеу керек екенін...

Санап қалдым бақытымның бақырын,
Ал үнсіздік қиратты үміт шатырын.
Күнде көрем мен өзіңді түсімде
Ал өңімде - арамызда шақырым...
Сенен көзді алмау үшін ешқашан
Кетсем бе екен мәңгі ұйқыға ақырын...

Авторы: Назерке Семей