Адам зердесіне ой салатын сөздер
жеке
блог

Адам зердесіне ой салатын сөздер

- Қабыш пен Тәкенде тыным жоқ, - дедім мен осы кезде қасымдағы жолдастарымды сөзге шақырып.
- Елге жеткелі екеуі енесінің айналасында күлте құйрығын көкке тігіп алып шапқылаған құлындай құлдырап жүр.
- Шіркін, туған жерге не жетсін, еркелегендері ғой, - деді ақын.
- Рас, көп қыздың ортасында көлге сүңгіген үйректей боп жүр өздері, - деді колхоз председателі. Аупартком секретары үндеген жоқ.
- Қарағым, бүгін бұл үшеуінен осы елдің аяры жоқ, - деді құла жорғаның үстінде шайқалып келе жатқан ақын.
- Мінген атыңның бір терлеп, қиналғанына қарамай, мынау балалармен қосылып, сен де бір көсіле шауып, сергіп алсаңшы.
Осылай деп ақын артқы қатарда келе жатқан әнші қыздарды нұсқады. Мен күліп, басымды шайқадым.
- Әлде атқа шаба алмаушы ма едің?
- Атқа шабамын ғой, бірақ айға шаба алмаймын, - дедім тағы да күлімсіреп.
Ақын жорға ырғағымен қайтадан теңселіп, біраз үнсіз отырды да:
- Ай аяғыңның астында жатса ше? - деді менің бетіме тіке қарап.
- Айды таптауға болмайды ғой, аға, онда айналып өтемін.
Ақын тағы үнсіз қалып, шоқша сақалын разылықпен сипады.
- Оның жөн екен, бауырым, - деді содан соң.
- Менікі өзің сонау алыстан, өлім мен оттың ішінен келіп, астыңа жүйрік ат тигенде тақымың нәумез болмасын деген ғой жай. Сенікі жөн. Әйтпесе осы күні, - ақын оң жағындағы председательге бір қарап қойды, - көп азаматтар көзіне жылқы баласы көрінсе болды, соған бұт артып, шаба жөнелетінді шығарды ғой. Қолына түскені жас жабағы ма, үйретілмеген тай, құнажын
байтал ма - шаруасы жоқ. Жас жылқының қолы түсіп қалады-ау, обал-ау деп ешкім ойламайды. Осы соғыстың кесірінен жылқы да жуасып кеткен бе, әйтеуір көне береді.
Осылай деп ол атын бір қамшылап қойды. Құла жорға мойнын құрықтай созып, тайпала түсіп ілгері ұмтылды. Біз көп уақыт үнсіз келе жаттық.