Наурыз бұрынғыдай тойланбайды "бізде"

Жылдағы әдетіміз бойынша көктемді асыға күтеміз. Бала болсын, жас болсын, кәрі болсын... барша адам баласы көктемді тым асыға күтеді. Соның ішінде қазақтар ерекше сағынышпен күтетіні рас. Себебі, көктеммен бірге біздің төл мерекеміз, Жаңа жылымыз - наурыз келеді! Қазақ халқына тән салт-дәстүр, әдеп-жоралғының теориядан тәжірбиеге ауысып, сөз емес іске көшетін кезі. Наурыздың, қазақтың Жаңа жылының қандай мереке екенін, ол мерекеде қандай салт-дәстүрлер орындалып, қандай қызықтар болатынын, қандай ерекше мереке екенін тек кітаптан оқып білетін жастар, жаңадан бүршік атып келе жатқан жас өркендер, тіпті басқа ұлт өкілдері де, мектептегі оқушыларымыз да осы мерекеде біршамасын көзбен көре алатыны да рас. Қазақ даласының қай жерінде болмасын ерекше аталып өтетін дәрежесіне жетіп, бұрынғыдай бір күн емес, 2-3 күн тойлауға дейін жеткен мерекеміз биыл да ерекше өтетітініне сенімдімін.

Қыс мезгіліндегі атап өтіліп, соның құрметіне де бірнеше күн демалып, өз дәрежесінде арнаулы кештерін өткізіп, сыйлықтары сыйланатын өзге дін өкілдерінің жаңа жылынан біздің жаңа жыл да кем түспей келеді. Бұл расында қуанатын жайт. Шүкір делік.

Жылдағы әдет бойынша (ұстаздық еткеніме биыл төртінші жыл) гимназиямызда наурыздың құрметіне бір күнді мереке етіп (20-сы демалысқа шыққанша), бүкіл гимназия бойынша атап өтетінбіз. Акт залында немесе күн ашық болса, ғимарат алдында гинмазияның мақтаныштары, өнерлілердің өнерінен сусындап, асхананың тіл үйірер көжесінен дәм татудан тыс, 1 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін барлық оқушылар, тіпті ұстаздарымыз да барынша қазақы киімдерін киіп, әр сынып бір-бір ауыл болып, наурызды атап өтетінбіз. Сол күні қай сыныпқа кіре қалсаң да, мерекенің иісі аңқып тұратын. Әртүрлі әдіспен жасалған наурыз көже, құрттың түр-түрі, бауырсақ, шелпек, жент, талқан, тары, ірімшік, қазақы ыдыстарға: тостағанға, оюлы кеселерге құйылып берілетін қымыз, шұбат дейсің бе, қысқасы, қазағымның иісін аңқытып, көңіл қошыңды табар, денсаулығыңа кіл пайдалы тағамдар, қазағымның кең молынан жайылған дастарқаны. Ал, сынып қазақ үйді еске салар әдемі суреттермен, жақсы тілектер жазылған плакаттармен безендіріледі. Қазақы киімдер киген сынып жетекшісі мен ата-аналар, оқушылар "ауылдарына" келген қонақтарға құрақ ұшып, төрді ұсынып, мереке жайлы жаттаған тақпақтарын айтып, өлеңдерін шырқап, қысқасы, гимназияның ішін бір сәтке қазақ даласына айналдырып жібереді. Барлығы да көңілді! Бір-біріне тілектер тілеп, ағынан жарылады! "Ауыл-ауылды" аралап, әртүрлі дәмді татып, "көже жеті дәм, демек, жеті "ауылға" кіру керек" деп, қарнымызды әбден тойдырып, бір марқайып, мерекені мерекедей атап өтуші ек.

Ал, биыл жоғарғы жақтан мынандай бұйрық түсіпті. Қала бойынша мектептерде наурыз мейрамы тек концерт пен асхана көжесімен, бір 45 минут тәрбие сағатында наурыз туралы "айтылумен" шектелсін, сынып болып атап өтілмесін, оларша айтса," чаепитие" болмасын, ол "жемқорлықтың" алды. Басқа-басқа дәл осы наурызда балалардың ерекше қуанып, ата-аналардың бар құлшыныспен атсалысып, қазақтың төл мерекесіне деген ықыластарын байқауға болатын жалғыз мереке - наурызымыз еді. Оны да "қысқартты". Оны да көп көрді. Жарайды. Тек акт залында бір сағаттық концерт болсын, асханадан бір кесе көже ішейік. Болды. Осымен мектеп балалары наурыз туралы не ала алады, не біледі, не көрді, не ұғады? Концертте наурыз туралы тақпақтар айтылып, әндер шырқалар, бір қазақ биі биленер, мектеп басшысы мен құрметті қонақтар - ата-ананың бірі сөйлер, ары кетсе, арқан тартып, асық... салт-дәстүр, ойын түрінен бірді-екілі түрі көрсетілер. Болды. Ал, тәрбие сағатында сабақ уақыты болғандықтан, тек тезис түрінде, сұрақ-жауап түрінде, көрнекі материалдармен ғана 45 минут қалай өтіп кеткенін білмей қаласың. Мейлі, қаншалықты шебер ұстаз болсаң да, уақыт сыйдырмайды. Міне, биыл бізде осылай өтетін болды. Бұған қалай қарайсыз?

Өз басым, құптамаймын. Осыдан кейін қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-жоралғысын, ойын  түрлерін, қазаққа тән ерешеліктерді білмейсің деп балаға ұрсып көріңіз. Өз бетінше екі кітап оқығаннан, бір рет көрген артық, меніңше. Бір ғана наурызымыздың ішінде қазақ халқының әдет-ғұрпының, салт-дәстүрлерінің, ойын түрлерінің т.б... қаншама қазаққа тән "дүниені" қамтуға болатынын бәріміз де білеміз. Бірақ... бірақ... Жә, "иә" дейміз. Басқа не амал. Айтпағым осы.

Сонымен, Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын, Қазағым!!!

Суреттер интернеттен алынды.



Бөлісу: