Бүгінде келер еді 75-ке...

Бүгінде келер еді 75-ке...
жеке
блог

 

Таңертен сабаққа барарда әжем шығарып салып: « Бүгін атаң 75-ке келер еді, бұл оның дәптері»,- деп, маған бір дәптерді ұсынды. Бұл сонау 1959 жылдан бері сақталған дәптер екен. Менің атам – Шакенов Наурызбай қазіргі Әл-Фараби атындағы Қаз.ҰУ-ның филология факультетін үздік бітірген. Ол өзінің туған жері Орал қаласының ақыны болатын. Өкінішке орай ол дүниеден ерте озып, мен онымен көзбе-көз жолыққан емеспін.

Оның бүкіл жазған шығармалары Орал қаласында сақталған. Сол шығармаларға менің қолым жетпей жүр еді.Осы дәптер қолыма түскеніне өте қуаныштымын, бұл жерде оның біраз өлеңдері бар екен. Менің 2000 жылдан бері сақтап келе жатқан екі бет газетке енді осы дәптер қосылды. Бұл дәптерді ашып « Алғашқы танысқан сәттерден, 1959ж, май-июнь» деген жазуды көріп, атамның рухын сезінгендей болдым. Бұл дәптердегі барлық өлеңдер әжеме арналып жазылған, арасында әдемі сөздермен жазылған хаттары да бар. Оқып отырып көңілімде біресе қуаныш, біресе мұң ұялады. Қуанған себебім,  атамның дәптері қолыма түсті, оның өлеңдерін оқыдым, олар сондай тамаша, терең ойлы екен. Ал мұңайған себебім, оның өмірден ерте озғаны соншалық, мен оны көріп үлгермедім. Қазір тірі болғанда ғой, мені өз білгеніне үйретіп, ақыл-кеңесін берер еді. Ал мен оның үлгілі шәкірті болуға тырысар едім....

Нарынның нар ұланы Наурызбай,

Неге кеттің маған келіп жолықпай?!

Аспаннан қарап тұрған сәттеріңде,

Танырмысың сен мені адаспай?!

 

Бұл мен, сенің қаның, туған немерең,

Ізіңмен сенің жосып келемін мен.

Өлеңіңді оқыдым, ойы терең,

Дәптерге сызылған сұлу қәріппен.

 

Бір рет қана оқыдым өлеңіңді,

Құлағымда сөзі тұр жаңғырып енді.

Айтшы, сөздің неткен сиқыры мықты?!

Алып шығардай сыртқа сырыңды тіпті!