ПАЙҒАМБАРДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Қиял Сабдалин 1948-ші жылы наурыздың 10-шы жұлдызы күні Алматы (бұрынғы Талдықорған) облысы, Алакөл ауданының Жайпақ ауылында жылқышылар отбасында дүниеге келген. 1966-шы жылы Мұқан Төлебаев атындағы орта мектепті бітірген алғашқы түлектерінің бірі. 1975-ші жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік университетін тәмамдады. Еңбек жолын жұмысшы болып бастады. Алғашқы өлеңдері мен әңгімелері аудандық, облыстық газеттерде жарияланды. Көптеген мақалалардың авторы, публицист. Жетпісінші жылдары Алакөл аудандық "Жаңа өмір-Новая жизнь" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, облыстық "Октябрь туы" газет редакциясында Алакөл, Бөрлітөбе аудандары бойынша меншікті тілші. Сексенінші жылдары Республикалық "Ара-Шмель" журналында фельетон бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. 1980-ші жылдардың соңынан АҚШтың "Азаттық-Азат Европа" радиосында қызмет атқарды. Радионың Қазақстандағы бюросының алғашқы жетекшісі болды.
 

Адам баласы жаратылғалы бері өзін қоршаған ортаның, тұтас дүниенің барлығына еш шүбә келтірмесе де, «табиғаттан тыс құдіретті күш бар ма, жоқ па» деген мәңгілік сауалға да жауап іздеумен келе жатқандай...

«Жоқ» іздегендер иттен көп. Бұл тақырыпты індете қазғандар, тіпті аз ғұмырын сарп еткендер де аз емес. Іштерінде «іздегенімді таптым» яки «адастым» дегендері де кездеседі. Артына еш мағлұмат қалдырмай, дүниеден баз кешкендері де баршылық. Себебі, ғұмыр шолақ, өмір өткінші. Өкінішті! Ия..солай, мына көк аспанның астындағының бәрі өткінші.

Ал, мына әрі таныс, әрі беймағлұм дүние ше? Дүние мәңгілік пе? Мәңгілік болса - оның бастауы немесе ақыры бар ма?! Міне, бұл сауалдарға да әркім өзінше жауап іздемек. Іздей береді де. Қиял Сабдалиннің «Пайғамбардың көз жасы» (Слеза пророка) романы да ендеше, әлгіндей шетен сұрақтардан шет қалмайтын тәрізді.

Шығарма желісіне екі ғасыр тоғысы - адам өмірін асау өзендей сапырған соңғы жүз жылдың өзекті оқиғалары, қара желдің өтінде ыңыршақ батқан арқаларына алмағайып заманы артқан, қара нардың белін үзердей зілмауыр жүктің салмағына ышқына сіңір созған, үш түрлі қоғамдық формацияны бастан кешкен үш ұрпақ, үш буын өкілдерінің өмірі арқау болған.

Кітап "Тоғанай Т" баспасынан жарық көрді. ISBN 978-601-7409-54-8 УДК 821.512.122  ББК 84 (5Қаз)-44

       

      «Біз - көрген түстеріміздің нәзік талшықтарынан әдіптелгенбіз»    

                                                                                         Уильям Шекспир.

   Зәу-зәуде баяғыда бақиға аттанып кеткен әке мен шеше, алдымдағы ағаларым түсіме енеді. Түсімде олардан көп жыл бұрын бұл Пәнимен қош айтысқан...жо-жоқ, әу дегенде әңгімені кір жуып, кіндік кескен Жайпағымнан бастайыншы..Уа, дүния-ай, Жайпақ жарықтығым қасқайып, қасиетті Алакөлге барып құлайтын тұста, қақаған қыста ғой, әлде Әділхат, әлде Қалиасқар марқұмның жүк машинасының астында қалып, қамыс шабуға барған әкем мен Төкен (Төлембек) ағам екеуі өлдіге санап, айдалаға тастап кетіп, алайда...араға үш күн cалып, сүйретіліп үйге жетіп, бір шаңырақ астында ынтымақпен түтін түтеткен үлк-е-н отбасының кәрі-жасы қалмай, қауғадай басын құшақтаcып жыласқан қайран маң төбет Майлыаяқ - қиралаңдап, қарияларымның соңынан еріп жүріпті...деймін. 

    ...Құдайдың күні қырық құбылып, ебінің желіндей есіп, түндігі желпілдеп отыратын ел Тоқ жайлауға ертерек құйысқан көтеріскен сыңайлы. Әні, мүйізі шаңырақтай ыңыранған қара өгізге ыңыршақты салды дейсіз! Хош, Қазан-шұңқыр...армысың, Қара Адыр! Пай-пай, шүйгінді сайлар мен құйқалы жоталардың пұшпақ-пұшпағында әлі күнге тоқымдай-тоқымдай, ойдым-ойдым қар жатыпты-ау! Күн сәскеге ауып, таңғы шыққа бөккен жота-жота бусанып, күнгей беттегі бетегеден мойны енді қылтиып, қауызын жаңа ашқан сары ала гүлі - алақандай сары ала көбелектің салмағын көтере алмай, сағағынан иіліпті.

          Көштің басын Аршалыға апарып, бел суытқан, арқаны кеңге салған жұрт бір-бірін ерулікке шақырысып, ағайын «айтшылаған»...екен деймін. Ата жұртқа қонған қараша үйдің қара қазаны астындағы тас жерошақта түтіні қайтқан дымқыл томардың шырыш безі шытырлап жатыпты! Шытыр-шытыр, шырт- шырт...Ағаш қақпақтың астынан асулы сырбаздың буы бұрқырайды. Аршаның түтінімен ысталған дөй қара сабаға саумал пісіскен, үй тола бала-шағаның қиқуы келетіндей құлаққа. Cай табанында күркіреп жатқан өзен бойындағы шалғында сауын биелері шыбындап, бөгелектеп тұрыпты...Қ-р-у, қ-ру! Желі басындағы құлын атаулы тыпырши бастаған. Сауын мезгілі таяған шақ, шамасы? «Е, мына бір әбігершіліктің бәрі көрші-қолаңға қымызмұрындық берудің қамы болды» деп қоямын ішімнен...

        Әке мен шеше - екеуі іркес-тіркес, іргедегі төбе басына көтеріліп, тү-у алыс көкжиекке, Көктөбе жаққа күн салыпты. Дегбірсізденулері тегін емес...Асылы, біреулерді асыға күткен сыңайлы. Сарғайып, кімдердің жолын күтті екен, жарықтықтарым? Бәлки, әдеттегіден ұзағырақ «айтшылаған» Тәукен мен Төкен ағалардың жолын тосты ма? Жоқ, әлде...жайлауға жылына бір ат басын бұратын Алдекеннің шылбырына оратылғалы жүр ме...кім білсін? Әйтеуір, екеуден екеуі, төбе басында балбал тастар құсап сопайып тұрғандары сол. Жандарына жалғыз Майлыаяқ байғұс шоқиыпты. Бөтен ешкімнің, ештеңенің қарасы байқалмайды...Әттегене, әлгі қияңқы сары ұлдың сабалақ сары күшігі - Сардауылдың сұлбасы көзге шалынбайтынына қайранмын! «Көк соққан пәңгіп, бытпылдық қуып кеткен бе қаңғып? Қолды болмаса игі еді? Қап, сайтан алғыр, қайда жоғалып кетті екен, ә?» деп абыржып жатып, оянып кетіппін...

   ...«Жә, Сардауыл құдай ұрғаныңа еш пәле жолай қоймас! Ол бұдан өзге бір... Ия-ия, бұдан өзге бір ғажайып тылсым дүниеде, жұмбақ та параллель әлемде итшілігі қозып, итмұрын кезіп...инелік, қоңыз-поңыз бірдеңе қағып жүрген де болар» деймін ғой баяғы, өзімді-өзім жұбатқан болып. Рас-ау, шынымен де, не деп болмайды мына пәңгі дүниеңізде! Е..е..ендеше, ұзамай және бір кірпік айқастырсам, әлгі түстің жалғасын да көріп қалармын бәлкім, деп те дәмеленетін сияқтымын ба? Әй, қайдам...«ояндым» деймін, оянған болсам, талтүске дейін төсекте омалып жатқан сиқым не мына? Япырай, мен бейбақ, қара басып, түсімде де...түс көріп жатпасам не қылсын?!

 

ШЫМЫЛДЫҚ АШАР

 Жастықтың буы масайрап кеткен әңгүдік, 

                                    Көбелек ғұмыр отқа да түскен пәңгіріп!

                                    Өткінші-ау бәрі: серілік, жастық, достық та,

      Мына жалғанда - жалғыздық қана мәңгілік!

             

            «Сұм жалған -- деп, -- дүние шіркін ант атқан»,

                                     Айтушы-ақ еді, алжыған шалдар шау тартқан.

                                     Қаусаған шақта қарға адым жерің мұң болды,

            Қылыштан өлген жөн еді бұдан, жау шапқан!

                                         .......................................................................

                                      Құбыжық арман, құбылжып алдан...қу сағым,

                                      Қуған құл жетпес, тұлпар да болып туса мың!

                                      О, Киелі Бұлағым, сүйегім жатсын іргеңде,

                                      Жағаңа біткен мен сенің бір түп жусаның!

        

      ...Инанжы Білгі Бұқа Қағанның барында көк найзаның ұшы едік. Мұзбалақ қыран құс едік. Боз айғырға мінгенде, мұздай сауыт кигенде - дұшпан үркер күш едік. Ірі едік. Қанымызды ішкен қарақытайдың тұлымдысын тұл қылып, айдарлысын құл қылып, мейманасы асқан бір жұрт едік. Тәңірден басқа табынарың жоқ. Ұранымыз - Бөрі Ана, Бөрібай! Атамекен - Алтай, Алтын Шоқы, киелі Орқон, Қара Ертіс, қасиетті Қарақорым! И..я, ұлы байтағымызға қағанатымыздың тоғыз шаш-ақты тоғұлығы тігулі еді. Дос жалпақтап иіліп, жау жалтақтап жанынан түңіліп, ит басына іркіт төгіліп, қымыз сапырып, қымыран ақтарған бір күн еді...

          Беу, дүние! Қағанымыздың дәм-тұзы таусылып, арулап ақ жуып, аруақтар мекені - Тасбейітке апарып, бетін топырақпен жасырған күн кеше-дүр. Бүгін міні, бақ тайды, басымызға күн туды. Уайым жұттық, у ұрттадық. Иттің боғынан қыл шықпай қоймады..Ай мүйізді құлжамыз - Қағанымыз алтын астауға «кіш-кіш»теп тосып-шаптыртып, айдар-тұлымын алтын тарақпен тарап, үкілеп өсірген екі ханзада - Бай Бұқа мен Бұйырық бір-бірімен итше тартысып, бұдынымызды екі дәулетке жарып, қырық ру, қырық пышаққа түсірді...Хоросұбек баһадүр, Жеті Тоғұлық, Есен Бұқа, Темір Аю Бұқа, көк сауытты Көк Сәуірік нояндар қос шаңыраққа жырылды. Қос ханның қолтығына ақылы к..тінің аузында тұратын қатындары да су бүркісіп, ағайынның өзара итырғылжыңынан қан-жыны бір жаратылған қағанатымыз қақ айырылып, исі бұдынымыз ит мініп, ирек қамшылап кете барды...

          Бұғып отырған бұйығы жұртқа топалаң келді...Сауды жын ұрды. Қояншыққа бақсылық дарыды. Әзәзіл мен әпербақан әкім болды. Төрт түлік малды індет шалды. Желі басында сауып отырған керала биенің кер маңдай құлынына кер жылан тиді. Жөргектегі нәрестені айырқұйрық тістеді. Ел ішін үрей кезді...өз жұртында өздері босқын болды. Ал, асыл текті бектеріміздің санасын албасты басып, алтын-күмістің сылдыры биледі. Көзімізді шел басты, көкірекке көк ала бас құрт түсті. Бұл дүниеқоңыз жәндікке қарсы еш ем табылмады.

   И..я, тәңірдің күні де тәубадан айнығанға, ниет-иманы бұзылғанға алақаншықтанады екен. Бұлықсыған бұлт та бұзылды. Барша түрік баласына қасиетті Бесіктастың бауыртілді бастауы - Киелі Бұлақтың кәусары тартылып, аңқасы кеуіп, арнасы құрғап қалды. Аспанмен таласқан асқарымыз - Алтын Шоқының ақ бас шыңын тұман шалды. Бекзаттарымыздың, даналарымыз бен дарқандарымыздың әзиз сүйегі жатқан ұлы қорым - Тасбейіттің басында тазқара талтаңдап, күшіген бүкшиді. Ай тұтылып, ақсирақ жұт келді. Бақырарға шыбыш қалмады. Қара бұдын қара жерді сипалады..Ала сауысқан жұтап, ала баc өгіздің ыңыршақ ойған арқасын шоқып, шуалшаң ілер шымшық торғай шыбжыңдап, шыбық басын мұжыды. Төрт көз өлекшін ындыны кеуіп қыңсылап, босағадағы бос тұлыпқа итеңдеп, қызылсыраған қызылқарын бала-шаға қышқырып ішіп, шыңғырып тышып, қатын-қалаш қатықсыз қара суға қырық қуық шыжың болып, бүйірден бүйі тиіп, іргеден су шығып, туырлығымыз тілініп, қабырғамыз сөгіліп, қан сигенімізде - алтын саптыаяқпен ас ішкен, басы мүйіз, к..і киіз бектеріміз қисапсыз байлықтан миы айналып, қара басып қағынан жеріп, қыздан-қыз таңдап, қатыннан қатын алысып, қырық күн ойнас, қырық күн тойласпен күн өткізіп, жүн жеп жабағы тышты...

          Иман қашты. Ұят - дамбалмен қосып далада қалды. Серкеміз бен уәзіріміз азып, мекіренген теке болды. Айналдырғандары ұзын етек ұрғашы, ішкендері «жынды су» болды. Қатынқұмар қос ханзада марқұм әкесінің жас тоқалына таласып...ақыры, жолы үлкені олжа қылды. Е..е, ханы қағынған елдің қарасы оңдыра ма? «Тойып алған» жандайшап уәзірі, нояны бар - жүндес қолды енді бір-бірінің ұрын барып алған ұрғашыларының борбайына салды...Бас жарылып, балақ жыртылды. Төрт қатын төркін асты.

           Мұңлықтар мұнымен де тынбады. Ақ дастарханымызға жынын құсқызған, төрімізге шығарып, төбемізге тайраңдатқан қырықсідік келімсектерін соңынан шұбыртып, өз бұдынын өзі итше талап, жол тосқан қарақшыдай тонады! Бірақ, тойынбады. Сатылмаған, таланбаған нәрсе қалмады...Қарсы келгенді атты, асты. Үріккен, шошынған жұрт босып, көрші елдерге қашты. Қашпасқа не шара? Жасауылы - қарақшы, биі -жемқор - жиылған ұры мен қары! Қайран, хан ием... қайран, ханзадам! Барға қанағат болмады. Қанша тығындағанмен, күшігеннің бөтекесіндей бүлкілдеп, жемсауларың толмады...

           «Иттің боғы дәрі болса, дәрияға тышады»...Ата дініміз - тәңірден безіндік! Қара бұдынымызбен қарғыстың астында қалдық. Рухынан айрылған бейбақтарды тізеге салып, христиан-несториан дінін зорлап қабыл еттік, тәңірді налыттық! Ата жазуымыздан айрылдық. «Бізден көш ілгері екен» деп, көрші біреудің жазу-сызуына көше салдық. И..я, жан бергенде, шыбыш-екеш шыбыш та бір бақырушы еді. Мал екенбіз, маңырағаннан жазбайтын, иілгеннен басқа иіс алмайтын. Тұяқ серпуге  жарамадық. Өзімізге де обал жоқ...сауап болыпты! Көш бастаған серкелері оңбаса (өзім де оңбаймын), топалаң тобыры не оңдырушы еді? Көсемі қисық елдің көсеуі түзік бола ма?

       ...Е-е, Cеркелер сертінен тайды дегенше: Ниет бұзылды. Ынсап жоғалды. Береке қашты. Ырыс кетті. Бақ ұшты. Ел азды. Жұрт тозды. Ақыры, ақыреттік мұра - түп ата, түрік тіліне де келіп ауыз салдық! Жұлмалап жүріп, оны да тоздырдық...Тозғаны соншалықты - тостаған шалап сұрап ішуге жарамай қалды! Бәсекеге бәсі шыдамады. Жүні жығылды. Таңы айырылып, тауы шағылды...

          Уа, жамағат! Ақ басты, қара қойдың құмалағы болса дағы, мына қос ханның қозып алған қояншығына жабыла бір ем таппасақ - тоғыз шашақты тоғұлығымыз жасақты жау келмей жатып жығылмақ! Жатырлас керейіт, меркіт, жалайыр, қоңырат, барлас, татар бауырлардың да тірліктері қожырап отыр...Олай болса, ортамыздан - тоз-тоз болған рулар мен тайпалардың басын біріктірер, иман-ынсабымызды түгендеп, көне жазуымызды қалпына келтірер, қасиетті тіліміз бен қасиетті дініміздің жоқшысы болар, ұран салар ұл, қыран туар қыз шықпаса, тумаса - қағанатымыздың шаңырағы қақ ортасына түспек! Күні кеше шалқып тұрған дәулеттеріміз сөйтіп, құрдымға бет алмақ. Сол құрдымыңа батып, бәріміздің қарамыз жоғалмақ!

           ...Уа, тәңірім, түрік баласын сақтай гөр өзің!

                                                 Бесіктастағы жазудан,

ХІІ ғасырдың соңы.

Құбай Тегін жырау айтыпты-мыс.

 

  ІБІЛІС ЖЫЛҒЫ ШУАҚ 

(Бірінші бөлім)

Б Е С І К Т А С

 ...Ат құлағы көрінбейді. Айналаны соқыр тұман тұмшалап алыпты. Қиялап еңіске құлап, сай табанына да түстім-ау дегенде, астындағы аты оқыстан осқырынып, жамандатқыр жалт беріп...жалына жабыспағанда, ауып астына түскендей екен! Әй, төс айылы босап кеткен-ау, шамасы. Япырай, бейшара, қараптан қарап...неден үрікті? Түн жамылып жем ілген, далпылдап ұшқан үкі я жапалақ бірдеңе болды ма? Әй, жоқ...ұшқан құсқа да ұқсамады-ау! Ит-құс емес пе екен әлде, түн қатып жортуылдаған?

    Үрей соққаны ма, жон арқасы тітіркеніп, тұла бойы түршігіп сала берді...Бүгін және құдайдың түні де салқын екен-ау, ә?! Япырай, жаурай да бастағандай ма? Қап, әттегене...белінде белдемшесі де жоқ, жын ұрғандай желбегей шығып, жел ұстайтын болды-ау екі ортада?! Әкесі «Томарқорадағы малдың жай-күйін біліп қайтайық» деп қарбаласып жүріп, иығына іліп жүрген ескі тулағын да сүйрете шықпапты ғой, тарс есінен шығып. Соңынан іле жүгіріп, анасы шығушы еді...Жә, бұл жолы ол да ұмытқан болды.

       Жол ортада жолдан да адасқан сияқты. «Жол анасы із» деуші еді...Е, ендеше, ол ізі бар болғыры қайда қалды? Әй, айрылып қалғаннан сау емес! Әншейінде тақымың тисе-ақ, кердең қағар кер төбел құдай атып, желе шоқытып келе жатып...жерошаққа ма бірдеңеге сүрініп, жолжорғасынан жаңылып, ақыр аяғы жалғызаяқ жолдан да адасып бірақ тынды. Енді Үңгірлісайға келіп, үркіп үрейін алып тұрғаны...

    Аңлап қараса, жолдан шынымен де адасыпты. Албаты айдалада, жападан-жалғыз қалған екен...Не бағыт, не бағдар жоқ. Тым құрыса, жылт еткен жұлдыз көрінсеші көзге! Япырай, жамандатқырды жын ұрған ба, үркетіндей Үңгірлісайға да жетпепті ғой...Құлазыған құла медиен екен бір. Боз селеу жапқан боз далада, боз тұман ішінде қалқып, боздата, қос бүйірін солқылдата, шымырлата кісінеген керіскедей кер төбелдің үстінде кежегесі кейін тартып келе жатқан түрі мынау енді!

                 (романнан үзінді)




Бөлісу: