Өріктер гүлдегенде...
жеке
блог

Өріктер гүлдегенде...


Көктем шығып айналаның бәрі құлпырып кетті. Жеміс ағаштарынан алғашқы болып гүлдейтін өрік те Шымкентте гүлдеп қалыпты. Оларға қарап тұрып, Сәбина есімді құрбымның өрікке қатысты айтқан бір әңгімесі есіме түсті. 
Біз Сәбина екеуміз жатақханада көрші бөлмелерде тұратынбыз. Ол мінезі тұйықтау болғандықтан, айналасындағылармен көп араласа бермейтін. Бөлмесінде де өзі қатарлы қыздармен емес, төменгі курста оқитын қыздармен тұратын. Оның бақытты жүзіне бір топта оқитын қыздары қызыға да, қызғана қарайтын. Себебі жігіт біткеннің келістісі, менің жарым болса екен деп әрбір қыз арман ететіндей Бақытжан деген келбетті бір жігіт Сәбинаға келетін. Ал қыздар жағы Бақытжанға ызаланып: «Тек сабақтан басқаны білмейтін осы Сәбинаның қай жеріне қызықты десеңші. Көзіндегі көзілдірігін алса, түрі де келіспей қалады. Сабақ, сабақ деп көзінен де айрылған», - дейтін. 
Біз институтты бітіретін жылғы көктем болатын. Бірде Сәбинаның анасы қайтыс болып, ол Түркістанға үйіне кетті. Араға бір апта салған Сәбина қайтып келгенде бәріміз бөлмесіне кіріп, көңіл айтып шықтық. Әшейінде құрбымыздың жанынан табылатын Бақытжан бұл жолы көрінбеді.
Көктемде қыз-жігіттердің бәрі кешке дейін жатақхананың алдына шығып, доп ойнайтын, біреулер гитара тартып, ән салатын. Бір сөзбен айтанда, жастарды жатақханаға вахтер апайлар қуғандай боп әзер кіргізетін. Ал Сәбина ұзақты күнге бөлмесінен шықпайтын болды. Бірде ол ерте тұрып, көшеге шығып кетті. Мен оны кітапханаға кеткен шығар деп ойлағанмын. Ол жатақханаға келгенде күн батып бара жатқан еді. Сабаққа неліктен қатыспағанын сұрайын деп бөлмесіне бардым. Есікті тартсам, ашық екен. Кірсем, жастыққа бетін басқан Сәбина төсегінде еңкілдеп жылап жатыр. Жанына жақындағанда ол орнынан тұрып, түзеліп отырды. Сөйтті де көзінің жасын тыя алмай тағы да жылады.
- Саған не болды? Анаң есіңе түсті ме? Өлгеннің артынан өлмек жоқ демеуші ме еді. Оның үстіне күн батарда жыламайды дейді ғой, - дедім, бар білген ақылымды айтып. 
- Мен тек шешемнен ғана емес, Бақытжаннан да айрылдым. Ол басқа біреуге үйленіп кетті, - деген Сәбина одан сайын еңірей жөнелді.
Бақытжан жұмыссыз сандалып жүргенде Сәбина күнде оған жылы-жұмсақ тамақ пісіріп беретін. Стипендиясын алған күндері ақша береді екен. Ауылына барған сайын әкеліп ет асушы еді. Ондай күндері жатақхана бойынша қазы-қартаның иісі мұрнымызды жарып, Сәбнаның ет асып жатқанын айтпай білетінбіз. Тіпті нағашысына айтып жүріп, Бақытжанды милицияға жұмысқа да орналастырып қойған еді. Екеуі үйленбегені болмаса, ерлі-зайыптылардай ақшалары да ортақ болатын. Бақытжан бар айлығын Сәбинаға әкеліп беретін. Сөйткен Бақытжанды Сәбинаға үйленетін шығар деп ойлайтынбыз. Оның үстіне екеуінің достасып жүргендеріне төрт жылға жуықтаған еді... 
Қапелімде аузыма сөз түспей таңырқап тұрғанымды сезген құрбым сөзді өзі бастады. Ол орнынан тұрып, терезенің алдына барды. Мені де қасына шақырып:
- Қарашы, қандай әдемі, - деді. 
Жатақхананың алдында үш түп өрік бар еді. Өріктер әппақ болып гүлдеген. Қарасаң көз қуантады. Сәбина терезеден көз алмаған күйі әңгімесін бастап кетті. 
«Менің әжем әкемнен өзге перзенті болмаған соң анама ылғи да: «Бала-шағаң – бау шарбағың. Көгеріп өсе беріңдер. Тумай қоюшы болма», - дейтін. Сондықтан да болар біз үйелмелі-сүйелмелі он бала бір-бірімізді жетелеп өстік. Әкем болса, анам әр баласын босанған сайын бір түп жеміс ағашын отырғызуды әдетке айналдырған. Ұл туылса бауға - алма, қыз туылса – өрік ағашын отырғызыпты. Содан әрқайсымыздың ағаштан сыңарымыз бар болатын. Сонымен, бақшада алты түп алма мен төрт түп өрік өсті. Әкем оларды да жақсы күтіп-баптайтын. Көктем шығысымен әрқайсымыз өз ағашымызды әктеп қоятынбыз. Бірте-бірте өрік алмалар жемісін де бере бастады. Мен үйдің кенжесі болғандықтан, менімен құрдас өріктің жемісін жеуді ұзағырақ күттік. Ол бақшаның шет жағына отырғызылған еді. Алғаш жемісін берген жылы өрікті ортаға қойып, әкем құран оқыды. Бата қайырғанда: «Қызымның өмірі осы өріктің дәміндей тәтті болсын!», – деп бет сипады. Өрікті жапатармағай жабылып жей бастадық. Оның еті тамырланып кеткен екен. Үлкен ағам әкеме қарап: «Көке, қызыңыз тәтті болғанымен, өрігі тәтті болмай шықты ғой», – деді. Мен үнсіз сыртқа шығып кеттім. Жерден тас тауып алып, қолымдағы өріктің дәнегін шаға бастадым. Дәнек ащы болып шықты. Міне, сол өріктің дәнегіндей өмірімнің де ащылығы өзегімді өртейді. Анам қайтыс болғалы ат ізін салмаған Бақытжанды жұмысына іздеп барған едім. Ол үйленіп, үш күннен бері жұмысқа келмепті. Мына жаңалықтан басыма жай түскендей болды. Ұяттың бәрін жиып қойып, оны Ленгірге, үйіне іздеп бардым. Сонда есігінің алдында көгілдір халатты, көгілдір орамал тартқан уыздай жас келіншек маған: «Үйге кіріңіз», – деп бәйек болды. Мен үйге кірмедім. Оның жүзіне үнсіз қарап тұрып қалдым. Осы кезде арғы жақтан: «Балжан, шайыңды әкелсеңші», - деген Бақытжанның даусы естілді. Ол мені көргенде аң-таң болды. Келіншек самауырды көтеріп, үйге кіріп кетті. Бақытжан менің көздерімнен аққан жасты саусақтарымен сүртіп: «Кешір мені, кешіре алсаң», – деді. Мен бұрылып, қақпадан шығып жүре бердім. Бақытжан мелшиген күйі орнынан қозғалмады. Мен өзімді неге тастап кеткенін сұрағым келді. Бірақ сұрамадым. Оның себебін өзім де білемін. Себебі биыл үйге барғанымда менің өрігім үсік шалып, гүлдемей қалыпты...»
Мен гүлдеп тұрған өріктерге қарап Сәбинаның өрігі неше рет гүлдеп, неше рет жеміс берген де болар деп ойладым... Ал оның өз өмірінде тәтті күндер көп болса екен деп тіледім.