Жігермен сырласып қайтқан "Сырласу" кеші жайлы

Естеріңізде болса, бірааааз уақыт бұрын жаңадан бүршік атып келде жатқан ақын жігіттің жыр кеші болатыны туралы айтып өткен едім (https://massaget.kz/blog/10548). Иә. 10 наурыз күні сол кеш өтті. Уақыты таяған шақта мен де театрға жетіп барғанымда, театр алды адамға толы болды. Билетімізді алып, орнымызға жайғасқаннан 10-15 минуттан кейін кеш басталып та кетті. Туыстары, достары, бейтаныс жыр сүйер қауым мен жанашырлар, қызығушылығы оянып досымен еріп келген жақсы жандар... қысқасы зал лықа толы болды. Көпшілікпен амандасып, кештің басталғандығын жария еткен жүргізушілер - ақын бала Медет пен ақын Мақпал Мыса сахна төріне кеш иесі Жігер Сопиевті шақырды. Кеш үш бөлімнен  тұрды. Алғашқы бөлімі Жігердің жеке өзін таныстыруға, жалпылама кіріспе ретінде, екінші бөлімі махаббат тақырыбына, үшіншісі Хақты тану, яғни Алла Тағалаға, Жігердің көптен бері жаза алмай жүрген екі тақырыбы-анасы мен Аллах жайлы жырларына арналды.

Кештің басында М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Алматы облысы Райымбек ауданының Құрметті азаматы Айтақын Әбдіхалықұлы Жігерге деген өз тілегін айтып, үлкен қалаға келіп аттаған арманға деген қадамында сүрінбеуін тіледі. Кешті Төреғали Төрәлі, Мақсат пен Мақсат тобындағы әнші Мақсат, дәстүрлі әнші Ақылбек Жаңабаев, "Жігер" тобының мүшесі әнші Қанат және Жігердің өлеңдерін жатқа оқыған  кішкентай бүлдіршіндер жандандыра түсті. Аты айтып тұрғандай Жігердің жан-дүниесімен "Сырласу" болған кеш өр дәрежесінде өте жақсы өтті, меніңше!

Өмір

Өмір, сен не, шыға алмайтын өр ме едің?

Шыңың тұрмақ, белесіңді бермедің.

Қиындығың қисапсыз боп келгенмен,

Қызығыңның біреуін де көрмедім.

 

Қақпастан-ақ қырқылғанда қанатым,

Енді нең бар менен тағы алатын?

Көрсетпедің көлегейлеп күн нұрын,

Көрсеткенің қорқынышты қара түн.

 

Қырыңа алдың тыныш жүрген пендені,

Ала алмаған кегің бар ма мендегі?

Өмір деген – құтылғандар санаулы,

Құрып қойған өрмекшінің өрмегі.

 

Бір мен үшін кетсең-дағы тарылып,

Ая деп те сұрамаймын жалынып.

Ту тігемін шырқауына шыңыңның,

Адамға тән әлсіздіктен арылып.

 

Бауырым-ай, жығылсаң да тұрып кет,

Арманға ұмтыл, алға қарай жүріп кет.

Қанша жерден қан жұттырып жатса да,

Өмір сүру керектігін біліп кет.

Кішкентай бүлдіршіндер Жігердің "Күш бер" деген өлеңін мәнерлеп, нақышына келтіріп жатқа оқып бергенде...

КҮШ БЕР

Күш бер маған, қара жер, қайыспаған,

Күш бер маған, таулы өлке, ойыс далам.

Мынау елдің болайын мен батыры,

Күн қондырып, қолымен ай ұстаған.

Күш бер маған, көкте Күн күлімдеген,

Торласа да қара бұлт бүлінбеген.

Ыстық нұрдан жаныма тастап жібер,

Ұранменен «Қане, тұр, тіріл!» деген.

Күш бер маған, кіршіксіз көк аспаным,

Күш бер маған, Хантәңірі – көк асқарым.

Сендей биік болсам ғой, сендей биік,

Қызғанбас ем бақытын мен басқаның.

Күш бер маған, о, Тәңір, жаныма бір,

Мың тілді құс, мен үшін жалына жүр.

Бір қопарып тастайын бөгеттерді,

Қара дауыл қақ жарып қаныма кір.

Мектеп қабырғасында тәлім берген ұстазы мен ендігі бары, Жігерше айтсақ Жігердің "жүрегінің жүрегі" - әкесі сахна төріне шығып, ағынан жарыла, тілектерін білдіріп, көрермендер тарапынан құшақ гүлдер сыйланған нотада кеш аяғына да жетті. Екі сағат зулап өте шықты...

 Жігерді қаншалықты жігерлендіре алғанымызды білмеймін, бірақ "осы залдағы әрқайсыңызға рахмет айтамын. Бұл бекер сөз емес. Мың алғыс. Әрқайсыңыздың мен үшін қымбат екеніңізді біліңіздер..." деп, "Шүкір" деген өлеңімен Жігер кештің шымылдығын жапты.

Шүкір деймін осы күнге, Жаратқан,

Шамам келмей, әлім құрып, бұқсам да.

Шүкір деймін таңым үшін әр атқан,

Дөңбекшумен ұйықтай алмай шықсам да.

Мінеки, осылай бір күнім аяқталды. Есте қаларлық бір күнім. Ендігі кезекті  сүгіреттерге берсем. Жеке фотоаппараттан түсірілгендіктен, соншалықты сапалы емес. Дегенмен, сусындай отырыңыздар... (кейбіреуі суретші Бекен Нарбайдың жеке қорынан, фб-тан алынды)


 



Бөлісу: