«Мен қазақтың әкесіндей адаммын!»

«Мен қазақтың әкесіндей адаммын!»
жеке
блог

«Егер айналаңызға назар салар болсаңыз біздің бодау беруге, ықыласымызды арнауға, ләззат алуымызға және жан-тәнімізбен сүюімізге татитын көптеген істердің, адамдардың бар бар екеніне көзіміз жетеді. Сен өзіңді елеусіз кісімін деп төменшіктете берсең ешқашан ештеңе тындыра алмайсың.» Бұл қытай жазушысы Санмаудың күнделігіндегі ойлары екен.

Бүгінгі қазақтың жас жеткіншек, талапты буынның бәріне топырақ шашуға келмес, бірақ, менің ойымша жастардың тәні мен жанын жалқаулық, бойкүйездік, менмендік, атаққұмарлық жаулап алған. Қалыптасқан ойлау жүйесінен, бүгінгі күнге дейін жасалып қойған дүниелердің шеңберінен алқып шығуға талпынысты көру өте қиын.

Мағауиннің: «Мен қазақтың әкесіндей адаммын» дегені бар еді. Мұхаңа ол жарасады. Себебі, Мұхаң жиырма жасында Ұлттық кітапхананың қорындағы бар кітапты оқып тауысты. Қазақ әдебиетінің тарихы туралы зерттеуі сол кездегі шірені қалай бұзғаны жайлы, әрине Мағауиннің өз жазғанынан оқыған әбзал. Мұхтар Мағауин соншама еңбекті атқарған соң, қазақтың жанын қайта сілкіндіруге бар қажыр-қайратын жұмсаған соң бұл сөзді айтуға әбден қақылы.

Ал, сіз, жас азамат! Биологиялық белгілеріңізден сырт өз-өзіңізге мен қазақтың ұлымын(қызымын) дейтіндей қандай бөгенайы бөлек қызмет атқардым деп ойлайсыз? Кейде ұлт туралы ойлау сіз үшін басы артық шаруа шығар, бірақ, адам ретінде де сіз өмір сүрген ортадан, айналаңыздағы өзіңіз тектес адамдардан соңғы 100 жыл ішінде жаңа технология немесе т.б салада әлемді жалт қаратқан бірде-бір жанның шықпауын немен түсіндіруге болады деген сұрақ төңірегінде ойланып көрдіңіз бе?

Тағы қайталап айтайық, ғылым мен өнер, жаңалыққа деген үлкен махаббат болмай, сол махаббат жолында еңбектену болмай біздің елдің төңірегіндегі жұрт біздің тек Шыңғысханмен, орыс жұртының отарымен ғана еске алатын болады. Сіз әлемді өзгертуге талпынбаңыз, тек барынша белсенді өмір сүруге, өзіңіз игеруге тиісті дүниелерге қол созуға талпынсаңыз ғана жеткілікті.

Сурет: aboutkazakhstan.com