Пешенесіз сезім...

Пешенесіз сезім...
жеке
блог

Менің өлеңімнің әрбірінде тағдырымнан бөгде кейіпкер жоқ!

Сынағанды жаратпаймын десем өтірік болар еді, сын арқылы талай кемшілігімді түзеп, жетістікке қол жеткізген адаммын... 

Мұнда менің өлеңімді сынаған екі адам бар... Қатары молайса қуанамын...

Бірде бір жас ақын жігіт: "Мен бір жазған өлеңімді қайта өзгертпеймін",-деп еді... Жоқ, менде ондай ұстаным атымен жоқ! Оған әлі біршама уақыт бар...

Ал мына қос тақырыпсыз өлеңді өздеріңізге ұсындым...

Гүлдеріңді лақтырман, солғандықтан,

Бірге емес ем, тағдырың оңғандықтан,

Мұрыныңды ұнаттым, қандай болсын,

Қос ерінге тосқауыл болғандықтан...

Айтқанымды екі етпей істей де көп,
Ойлантпадың басқаға тиіспей ме деп,
Сол мұрынды қызғандым себеп тауып,
Дәмін татқан «жемісті» иіскей ме деп...

Жанарың да жаның да адал маған,
Күндер бізде болмапты,ә, саналмаған?!
Көздеріңді ұнаттым, көпті көріп,
Менен бөтен ешкімге қадалмаған...

Түсіп кетіп ылғи жас сыйлай ма көп?!
Әріректеу бұл да бір тұрмай ма деп...
Кірпігіңнен қызғанып отырушы ем,
Көзіңдегі сезімді ұрлай ма деп...

Мұң шақсам да үзбестен санамда көп,
Қол ұстастық,босатып алам ба деп...
Мен сізден көз айырғым келмейтін ед,
Жалт бұрылсам көз жазып қалам ба деп...

Көрсетпеп ең маңдайды:"Жаза бар",- деп,
Қаймықтың ба, мін көріп мазалар деп...
Мен қызғанбай, мен сүймей қалған шеке,
Кім ойлаған жанымды жазалар деп...

Жүрегімді жылаттың кесе неге?!
Жетістің «Сүйемін»,-деп кеше неңе?!
Маңдайыңда «құпия» бармын деуші ем,
Сыймай қалған пенде екем пешенеңе.
2013жыл

* * * * * * *

Жүрегіме салынды білдей құлып,
Жылатып ең, ең алғаш күлмей тұрып.
Сені сүю-бақытым шығар дегем, 
Бақытсыздық екенін білмей тұрып...

Тіл қатқаннан, ұнайтын үндемесің,
Кетсең де анық қаралап, күндемесім.
Сені сүю-тағдырым шығар дегем,
Пешенемде жоғыңды білмегесін...

Бөлініп ек талай дым шықпағасын,
Сезімнің түсінбеппін түк бағасын.
Сені сүю - орындалған тілек дегем,
Жүрегімнің қалауын ұқпағасын...

Жиғызуда ақырын күндер есім,
Түсінем сізді ойламас түндер ешін.
Сені сүю – жаныңда қалу дегем,
Өзіңнен кетерімді білмегесін.

Тірлігіміз жоқ еді-ау ардан қашқан,
Тағдырымыз қалардай жалғанбастан...
Сені сүю - сынағы Тәңір дегем,
Сыйлығы екендігін аңғармастан...

Сезім гүлі сәт мынау солып тұрған,
Түсінем,бәрін өзің оң ұқтырған...
Қарыздарсыз сіз мені, қарыздармын
Сені маған Аллаға жолықтырған...
Неге екенін қайдам?!
Мақпал Төребек