Халықаралық әйелдер күнінде «31 арна» мереке мен думанға толы әлемге енуді ұсынады

8 наурыз күні шаттыққа толы көңіл-күйден артық қандай қымбат сыйлық болуы мүмкін? Сол күні біздің арнамыздан қазақ халқының ақын ұлы Қасым Аманжоловты еске алуға арналған үш сағаттық фильм-концертті өткізіп алмаңыз. 

Ұйымдастырушылар нағыз поэзия мен музыканың ғажап кешін сыйлаймыз деп уәде беріп отыр. Әйгілі әндерді тыңдап, сүйікті әншілеріңізбен қауышып, жауһар жырлардан рахат алыңыз! Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен қысқа ғұмырында алып тұлғаға айналып үлгерген қазақ ұлының тағдыры туралы сырлы құпиялар фильмде кеңінен тарқатылады.   

Мерекелік концертке Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Қарақат Әбілдина, Сұлушаш Нұрмағамбетова сынды әншілер мен «Каспий», «Жігіттер» топтарының орындауындағы танымал әндер сіздерді таңдай қақтырары сөзсіз. Концертке, сонымен бірге, қазақтың тұлғалы ақындары да қатысады. Бұл бағдарламада ақынның жеке мұрағатындағы материалдар таныстырылып, отбасы туралы айтылмаған сырлар ақтарылады. Ақын шығармашылығы мен өмірі туралы туыстары мен достары, әріптестері және  қызы Дариға Қасымова естелік айтады.  Өмірін өлеңмен өрнектеген ақынның қиын да күрделі тағдырымен танысқыңыз келсе, 8 наурыз күні 12.00-де «31 арнаны» қосыңыз!     

Қайталанбас актриса Холли Берриге мысық-әйел бейнесі құйып қойғандай жарасады. Ол «Мысық-әйел» фэнтезиі арқылы осы бір ерекше жануардың қылықтары мен мінезін ашып, көрерменге үйлестіріп ұсына алған. Фильмнің сюжеті бойынша  Пейшинс Филипс (Холли Берри) қартаюға қарсы жаңа өнімді нарыққа шығаруға дайындалып жатқан ірі косметикалық компанияда дизайнер болып қызмет етеді. Бірақ бұл революциялық өнімнің айтарлықтай кемшілігі бар. Әрине, өнімді шығарушы компания бұл туралы жақ ашпағанымен, Пэйшинс кездейсоқ сол құпияны біліп қалады. Одан әрі орын алатын оқиғалар жас қыздың өмірін түбегейлі өзгертіп жібереді... Әйелдің мысыққа айналуы туралы таңғажайып оқиғаның қалай аяқталатынын «31 арнадан» сағат 16.00-де тамашалай аласыздар.   

Ал дәл осы күні сағат 18.00-де Голливудтың тағы бір жарық жұлдызы Мишель Пфайффер басты рөлді сомдайтын «Жұлдыздың табы» шытырман оқиғалы фэнтезиін көре аласыздар.

Фильм ағылшынның кішкентай ауылындағы өмірмен басталады. Бірақ сол ауылмен жапсарласқан, қабырғамен бөлініп тұрған тағы бір әлем бар. Ол әлемде сиқыр мен құдіретті тылсым күш патшалық құрған, онда адам санасына бағынбайтын құбылыстар болып жатады. Тристан Торн ауылдағы ең сұлу қызға қабырғаның арғы бетіне көктен ағып түскен жұлдызды әкеліп беремін деп уәде етеді.  Ежелгі аңыздардың ізімен жүрген жолында Тристан құдіретті патша мен оның қастандыққа құмар ұлын, сиқыршы мыстанды (Мишель Пфайффер), қарақшылар кемесінің капитанын және арамза саудагерді жолықтырып, өзінің шынайы махаббатын тауып, сондай-ақ осы уақытқа дейін оған арман болып келген тағдырының болмысын түсінеді. 

«Қазақша концерт» бағдарламасының мерекелік көрсетілімі нәзік жандыларға арналады. 8 наурыз күні 21.00-де қазақ эстрадасының жұлдыздары біздің арнамызда ең танымал хит әндерді орындаса, еліміздің ең талантты бишілері би ұсынып, ең бастысы – әзілкештер сіздер күтпеген тамаша әзілдерімен күлкге қарық қылып, жаныңызды жадыратады. «Қазақша концертте» эстраданың ең таңғажайып жанрлары тоғысқан. Күлкілі әрі көңілді концерттік бағдарлама нәзік жандылардың ғана емес, теледидар алдына жиналған бүтін бір отбасының ішін пыстырмай,  жанына шуақ сыйлайды.   

Ал 22.30-да «31 арна» көрермендері «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасынан ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісованың бенефисінің куәгері бола алады.  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көптеген байқаулардың жүлдегері, қазақтың ерке қызы өзінің 50 жылдық мерейтойын біздің арнаның көрермендерімен бірге атап өтеді. «Ерке қыз елуде» деген атаумен эфирге жол тартқан бағдарламадан сіз әншінің қызы Мерейдің анасы туралы сұхбатын, әртістің әріптестері – Айжан Нұрмағамбетова, Нағима Есқалиева, Баян Есентаева, «МузАРТ» тобы әншілерінің құттықтауын тамашалай аласыздар.  Сонан соң әлбетте туған күн иесінің сырлы да әсем сазды әндерін тыңдауға шақырамыз. Қызықты бағдарламаны бізбен бірге тамашалаңыз!

   

Түннің ортасында «31 арнада» нәзік жанды аруларды тағы да көңілді фильм күтіп тұр. Сізге тамаша көңіл күй сыйлаушылар – әйгілі голливудтық жұлдыздар Эштон Катчер мен Натали Портман. Романтикалық комедияда тек қана көңілдес ретінде кездесіп жүрген бойжеткен мен бозбала ұзақ уақыт бойы бірін-бірі түсіне алмайды. Басты кейіпкерлер бізді төсектен басқа ештеңе байланыстырмайды деп жүріп, уақыт өте келе физиологиялық түйсіктен өзге, ерекше сезімнің пайда болғанын түсінеді. Мерекелік кешіңіздің романтикалық жалғасы біздің арнадағы көңілді фильммен бірге өтетініне сенімдіміз! 

8 наурыз күні отбасыңызбен біздің арнаны тамашалаңыз!   



Бөлісу: