Өлеңдер

 

Ринат Заитов  ағаға

 

Ашық айтар қазақтың мұң-қайысын

Ринат ақын халқыма ұнайды шын.

Сен жыр айтсаң жер көкке көтеріліп,

Астына аяқтардың құлайды шың.

 

 Ендегің жырлар мыңды жылатады,

Әділдікті жарлай бер, сына тағы.

Саған берген халқымның алғысына

Жете алмас үкіметтің мың атағы.

 

Жырларыңыз өтеді сүйектерден

Ағызғанда жырларды жүйектермен,

Сендей ақын болғаны бір ғанибет,

Халықтың бір бүйірін сүйеп келген.

 

Болмасаң да палуан, алып денең,

Күтеді үміт бұл күні  халық сенен.

Сен жол баста, жас өркен жалғай берсін,

Адастырмас сен берген жарықпенен.

 

Қазіргінің ұлықтар ұлығысың,

Таза көлдің, лай жұқпас тұнығысың.

Бұқар жырау қаны бар өң бойыңда

Сен сол бір асылдардың сынығысың.

 

Сендегі жарлар атты толқындардың,

Күшімен сараңдардың аш қырларын.

Халықтың қазынасын қайтарып бер

Аузынан арам қорқау қасқырлардың.

 

Туар әлі арайлы болып таңым,

Ашық айт, ақын аға, жорықтағын.

Елім деген ер барда дәл өзіңдей,

Халық әркез сенімен, қорықпағың.

 

 

 Қазақым-ай


Қазағымның болса дағы зор бағы,

Көп болса да байлығымыз қордағы.

Неге халық қалтырайды жоқтықтан

Айтшы, осы қазақ неден қорқады?

 

Талай найза қазақ жаққа көшкен  ед(-і)

Бабалардың көкірегін тескен ед (-і).

Ал қазіргі заман тыныш кездерде

Айтшы,  халқым енді кімнен сескенед (-і)?

 

Қазақ деген шыққан  кезде жарқын ат,

Батыр кеуде алға қарай талпынад(-ы)

Қазағымды Алатауға көтерер,

Бетке ұстарлар неге бүгін тартынад(-ы)?

 

Қазағыма жаңа дәуір ашылды

Тәй-тәй басқан қолдау  керек жас ұлды.

Еңсесін тік ұстайтұғын заманда,

Қара халық неге сонша басылды.

 

 

Жайына қалды қара атасы күштің де

Ақша мен заң, айтшы бүгін күш кімде.

Күйсіз-жайсыз, нансыз кейбір қазақ  жүр,

Қара мұнай, сары алтынның үстінде.

 

Онсыз да тағдыр талай салған азапқа,

Халқым көрген сол азаптар аз-ақ па?

Балықтарды шіриді деуші ед басынан

Дәл сол мәтел сай келіп тұр қазаққа.

 

Шырақ керек,  қуат  керек санаңа 

Қажет емес жаман басшы, сараң да

Парақорды жақындатпа, харам да.

Болатұғын   ақылшым да панам да,

Болатұғын мейірімді данам да,

Жол басташы, әділдікке апарар,

Жанашырлар табыла ма араңда.



Бөлісу: