Біз де ғашық болғанбыз

Көктемнің алғашқы күндерінен-ақ махаббат туралы жазғаныма, көктем әсер етіп, тас жүрегі жібіп, ғашық боп қалған екен деп ойлап қалмаңыздар)) Абылайдың (өзіміздің Абылай Есімбай) «Түн ортасынан ауғанда» деген жазбасына қалдырған пікіріме «Иә, Ақбота, дұрыс айтасыз. Сіз де өз басыңыздан өткізген ауылдағы романтиканы, жүрегіңізді дір еткізген махаббатыңызды жазсаңызшы. Оқиық» дегені бар-ды.

Абылайдың сол сөзінен кейін, қайдағы-жайдағы еске түсіп, біраз толғаныста жүрдім. Ойлап отырсам, ел оқитындай басымнан керемет махаббат та өтпеген сияқты. Десе де, бозбала-бойжеткен шақта кез-келген жанның жүрегі бір дір етері анық қой.

Менің журналистикаға келем деген нақты шешіміме де, алғаш ғашық болып ұяла төмен қарап қызараңдауыма да «Ұлан» газеті себепші әрі куәгер еді.


9-сыныпта «Ұлан» газетінің барлық аймақтағы, республиканың бұрыш-бұрышындағы тілшілер бас қосатын сәт туды. Оған дейін хат алмасып, өзара араласатын едік. Бір-біріізді көрмесек те, хаттар легі толастамайтын. Хат болғанда қазіргідей чат емес)) Фб, тв, вк, агент те емес. Кәдімгі хат. Жазып почтаға салып жібересің, оған жетем дегенше 1 аптадай (алысырақ облыс болса одан да көп) уақытта кетеді. Ал ол хатқа жауап келесі айда келетін. Сол хаттарды асыға күтетінбіз. Хат келген күн кәдімгідей мейрам болатын. Кейде сол шақтарды сағынғанда, жиналып тұрған бір чемодан хаттарды ақтарып шығам. Әрқайсы әр облыстан, қаладан, ауыл-аймақтан, әр тілшіден... Қызық!

Содан сол тілшілер Астанада бас қостық. Алматыдан 20 шақты тілші бардық, бәріміз мектеп оқушыларымыз. Желпілдеп, жекілдеп тұрмыз))


Музыкалық академияның жатақханасында тұрдық. Жаздың алғашқы айы. Күндіз қала аралап, іс-шараларға қатысамыз. Түнде әңгіме соғамыз. Ұйықтау деген болмайтын. Кім ұйықтаса, соның бетіне тіс пастасы жағылады, не түрлі краскалармен бояндырып тастайды)) бәріміз ояумыз. Бөлмелер де, дәліз де шу.

Біздің бөлмеден бір жігіт шықпай қойды. Әңгімесі де қызық. Көзі қысық. Денесі шағын ғана. Бір қарағанда кәріс жігіттеріне ұқсайды. Енді сұмдық оратор дерсің. Оратор да емес шығар, маған солай көрінген болар.))

Күндіз де барлық іс-шараларда бізбен жүреді. Мен тіпті атының кім екенін де білмеймін. Әйтеуір хат алыспаған тілшім. Хат алысып жүргендермен әлдеқашан етене араласып кеткем ғой. Екінші күні асханада қасыма жетіп келді, жетіп келгеніне қуанып тұрсам да жақтырмадым. Неге өйткенімді білмейм. Атымды біліп апты, шіркін, жанымдағы орындыққа отыруға рұқсат сұрады. Қасымда жақын деген құрбыларым бар. Ол келісімімізді алмастан, отыра кетті. Өзі сондай пысық болатын.

Жақын араласуымыз содан басталды. Оның оратор болуында, жылдамдығы мен пысықтығында себеп бар. Біз әлі мектеп оқушысы едік. Ал ол Семей университетінің студенті болатын. Өзі қызылордалық. Қызылордалық тағы бір ұл досым болатын. Ең жақын досым. Бар сырымды соған айтам. (мен үшін бұрыннан  қыздарға қарағанда ұлдар сенімді дос))) ол үндемей тыңдайды. Оның мені ұнататынын іштей сезсем де, оған ең жақын досым ретінде бар сырымды айтып жүрдім. Әлгі қысық көз, пысық жігіт кейін де хабарласып тұрды. Бірнеше күнде бас қосуымыз аяқталып, барлық тілшілер қимай тарқастық. Ол Семейден Алматыға ауысқысы келді. 1-курс студенті болатын. Не АГУ-ге, не КазГУ-ге ауыса алмады. Біраз талпынды. Алматыға келіп ауысуға әркеттеніп жүргенде қасында жүрдім. Арамызда ешқандай сөз, уәде болмаса да, біз қыз-жігіт сияқты едік. Ол романтик болатын)) Мен үшін бәрін жасағысы келетін. Кейін бірнеше қаланы бірге араладық. Бұл біздің таныстығымызға бір жыл толу құрметіне еді.

Кейін мен Алматыда мектепте оқимын, ол Семейде университетте оқиды. Демалыста үйіне Қызылордаға қайтады. Біздің кездесуіміз сирей бастады. Тек Қызылорда-Семей пойызы Алматыға 15 минутқа тоқтағанда жылына 1-2 рет қана көрісетін болдық.

Кейін мүлде көріспейтін жағдайға жеттік. Бір-бірімізден хабар үзілді, байланыс жоқ. Мен мектеп бітірген жылы ол үйленді деп естідім. Әрине, ол кезде өзі де университет бітіріп жатқан болатын. Семейден дипломымен қоса, келіншегін де жетектеп қайтты. Біз мүлде байланыспайтын едік. Тек «Ұландықтар» арқылы еститінмін. Мен 1-курс оқып жүргенде 8-желтоқсан күні қайдан тапқанын қайдам (сол баяғы «Ұландықтардан» алған шығар) қоңырау шалып тұр. Даусынан кім екенін айтпай таныдым. Бірақ жүрегім бұрынғыдай дір етпеді.

-Ақбота, мен әке болдым. Ұлым дүниеге келді,-деп қуанышын бөлісті. Мен де қуандым. Кейін тағы да «Ұландықтардан» естідім, ұлының есімі Ақмұрат екен. Бұл есімнің сырын сірә, мен ғана білетін шығармын...

Кейін оны араға төрт жыл салып, Алматыда көрдім. Байқаусызда. Бір автобусқа мініппіз. Ол өзгермепті. Сол баяғы, қысық көз, пысық бала. Денесі де шағын. Сыртынан көрген адам екі баланың әкесі деп ойламайды)) Байқамағансып, келесі аялдамадан түсіп қалдым. Алматыға жұмыстарымен келсе керек-ті...  Жанына барып, жағдайын, әйел, бала-шағасын сұрауға батылым бармады. Оны қажет деп таппадым.

Мендегі алғашқы махаббат осылай жәй ғана басталып, жәй ғана аяқтала салған. Ол қазір бір арудың арқа сүйер азаматы, бір жұрттың күйеу баласы, бір ұл, бір қыздың әкесі.

Менің бір ғана өкінішім бар, сол кезде барлық сырымды әлгі ұл досыма бекер айтыппын.

Ол қалай шыдап тыңдап отыра бергеніне қайран қалам. Ол қазір де менің сол баяғыша жан досым. Қазір ол бұрынғы мен сияқты сырын айтып, қыздары туралы әңгіме қозғаса, менің жыным қозады)))

Абылай, сен де бір, қай-қайдағыны еске түсіріп))))))))))

(суреттер сол гугл көкемнен сұрап алынған)



Бөлісу: