Күз боп келіп, көктем боп өтті

    Айдостың талантты екені 1 курсында-ақ байқалған. 3D фильм түсіріп, таңдай қақтырған. Бірақ, ол кезде Айдоспен етене араласпағандықтан онша мән бере қоймаған едім. Кейін «Ең дарынды журналист» байқауына бірге қатысқанымызда ғана онымен жақын таныстым. Топтағы 5 адам танысып отырмыз. Айдос шетімізден қайдан екенімізді сұрап жатыр. Мен – Шымнан, Замира – Шымнан, Әсем – Шымнан, Қарашаш – Шымнан дейміз. Ойбай нұқыл Шымкент жиналыппыз деп күлді. Сөйтсек, ол да Шымнан екен ғой. Сонда Айдостың айтқаны бар еді: «Ал қыздар өңшең Шымкентскийлар жиналыппыз, жұрт Шымдықтар пысық дейді әншейінде, соны дәлелдеп, бірінші орын алайық» деген еді. Не керек, бірлесіп жүріп ол мақсатты да орындадық. Сол жарыста Айдос өзі қатысқан номинация бойынша ең үздік атанды, жоғары балл жинады. Екінші рет, Айдоспен «І Қожекеев оқуларында» қайта қауыштық. Бәріміз жүлделілер қатарынан орын алдық. Сол жарыстағы оның ашқан «Сатирик.кз» сайты бүкіл қазақ қоғамына қажет еді. Марқұм Қожекеевтің шығармашылығына ғана емес, сатира жанрына арналған тың дүние болды. Үшінші рет, Айдоспен Қызғыстандағы жазғы мектепке бірге бардық. Ол бізге оқытушы ретінде барып, дәріс оқыды. Сайт ашудың қыр-сырын шамасы келгенше меңгертті. Төртінші рет, Айдоспен Елбасының шәкіртақысна бірге тағайындалдық. Бірімізді біріміз құттықтап, қуанышты хабарды торт жеумен жудық. Бесінші рет, Айдоспен БҰҰ айасындағы фильмнің тұсаукескерінде кездестік. Онда да марапатталып қайттық. Алтыншы рет, Айдостан газетке сұхбат алдым. «Дарын» деген айдарыма шығарып «Алғыр Айдос» деп мақала жаздым. Сонда бүкіл редакциядағы ұжым Айдостың мықтылығына таңданды. Кейін 2013 жылдың қорытынды газетін шығарған тұста Айдостың қорытынды пікірін жарияладық. Сонда ол «2013 жыл мен үшін табысты болған, әсіресе есте қалатындығы жақындарыммен жақындай түскендігім. 2014 жылдан мұнан да жақсы үміттер күтемін» деген еді.

   Ия, Айдос болашағынан үміт күтетін дарынды жас болатын. Қазақ журналистикасы бір ұлынан айрылды. Өмірге күз боп келіп, көктем боп өтті. Жаның жәннатта болсын, Айдос...



Бөлісу: