Қайтадан келмейді көктем...

   Осыдан біраз жыл бұрын көктемді асыға күтетінмін. Көктем келсе барлық әлем өзгеретіндей күйде жүретінмін. Өйткені, көктемге артқан үмітім зор болатын. Әр көктем, көңіліме жарқын сәттер алып келетіндей көрінетін. Мүмкін мұның барлығы көктемге артқан сенімнен шығар. Әлде әлденеге талпыныс қажет болған болар?! Білмеймін, бар білерім көктем келсе болды, жақсылық келеді...

   Қыстың қаһарлы күндерінде өзімді өзім жақында көктем келеді деп жұбататынмын. Құдды көктем келсе, айнала нұрланып, өмірім өзге арнаға бұрылатындай. Баяғы бақытты шақ қайта оралып келетіндей. Көктемнің жылулығы – әкемнің құшағының жылуындай сондай ыстық... Жайма шуақ күндер, балалықтың иісін әкеледі. Осының барлығы үшін де көктемді ерекше сүйдім, күттім...

   Бірақ, осы күнде мен көктемді күтпейтін болғанмын. Оны күтпейтініме де біраз болып қалды. Ең бастысы мен көктемге салмақ салып, одан үміт күтпеймін. Көктем, ол өз кезегімен келетін кәдімгі төрт мезгілдің біреуі. Сондықтан да оған салмақ артуым тым әбестік. Өзімді өзім алдаймын-ау баладай. Шынтуайытына келгенде, көктемді күткен үмітім ешқашан ақталған емес. Осыдан да, мен көктемнен ештеңе күтпеймін. Өйткені, ол көктем оралмайды...

   Жүрегім үкілеген үмітке толы күндер баяғыда өтіп кеткен. Әлгі бір әндегідей, басымнан талай, талай көшті көктем... Қайтадан келмейді көктем, жастық шағы өткен де кеткен...

   Білесізде ме мұнымен көктемді күтпеңіздер дегім келмейді. Керісінше, күтіңіздер, үміттеніңіздер... Өйткені, көктемге үміт артар жандар сондай бақытты. Оларға қарап қызығамын. Ал мен ол қатарды әлдеқашан босатқанмын...



Бөлісу: