Бір отбасының оқиғасы

Тас қараңғы, сай- сүйектен өтетін суық бөлмеде  ашқан қарынның шұрылы айқын естіліп жатыр. Арасында Сұлу апаның жылап,  пыш-пыш   еткен  даусы мен  Бейсенғали ағамыздың ауыр күрсінуі жанға батардай естіледі. Төрт баласын ортаға алып бір бөлмені паналағалы  бүгін екінші күн. Кеше ең соңғы үзім нанды балаларына теңдей бөліп беріп, екеуі аш қалды. Бірақ аштықтарын білдіргісі келмей балаларына амалсыз жымиып қояды екеуі де. Себебі адамның арқа  тіреп, сүйенер адамы жыласа, бұдан артық қиын дүние жоқ болар. Сондықтан оларға еш қиындықты білдіргілері келмеді.  Балаларының қайыр тілеп, көше кезіп, жәудірегенін қаламады. Ағамызға не де болса, бір жерде бала-шағасымен  бірге көз жұмамыз деген ой келді.  Балаларының үлкені он алтыны жаңадан еңсерсе, кішісі жетіге толған кезі еді.  Ауылда жұмыс жоқ. Бейсенғали ағайдың  бір аяғы дерттенгелі жұмысқа қауқары қалмады. Сонда да біреудің шөбін тасып, біреудің отынын жарып күн көріп, балаларын ешкімнен кем қылмаған.  Еркектік намысты өзінен жоғары қоя білетін азамат. Дәл қазір балаларын аштан қалдырып жатқанына өзін-өзі жегідей жеп, ызаға булығып жатыр. Бір кезде ең кенже ұлы:

-        Апа, нан жегім келіп тұр- деді. Даусы дірілдеп

маңыраған қозыдай дірілдеп тұр.  Анасы жаңадан бері әзер шыдап жатқан екен, баласына бұрылып құшағына қатты қысты да еңіреп жылай салды.

-Қазір шыда балам, біраздан соң Алла бұйырса бауырсақ пісірем – деді, өзінің бұл сөзі соншалықты сенімсіз шыққанын өзі аңғармастан.  Анасының көзінен аққан жасты көріп бәрі қосыла жылады. Тіпті Бейсенғали  ағаның да көзінен жас пырт-пырт үзілді. Ұзақ жылап алған соң Сұлу апамыз, балаларының беттерінен кезе-кезек сүйді де:

-Алладан сұраңдар, жалынып, тілек тілеп жатыңдар- деді.

Орындарына жата қалған балалар ауыздары жыбырлап, тілектерін жаудырып жатты. Бейсенғали аға  орнынан ауыр көтерілді де ақсаңдап барып, шелектен пиаламен су алып келді. Тым болмаса қарындары жабысып қалмасын деген ойы болу керек. Балаларын құр сумен тойдырып қойды.

Ұзақ жатты бәрі. Қарын аш кезде ұйқы келмейді екен. Арасында «е, Аллаһ, шыдам бере гөр» деп Сұлу тәтеміз күрсініп қояды.

Бір кезде есікті біреу қақты. Ауылда бізді іздеп келетін кім бар еді?- деген оймен арпалысқан Бейсенғали аға құлағын түре қалды. Есік қатты қағыла бастады. Есікке қарай тұра жүгірген балалары, жанталаса қатып қалған құлыпты аша бастады.

-Әй, тірімісіңдер, барсыңдар ма? – деп  екі үйден кейін тұратын әл-ауқатты ешқашан бұл үйге аяқ баспайтын Қазыбай аға кіріп келді.

 -Екі күннен бері  не үйлеріңнен түтін шықпалды, не балаларың ойнап жүргенін көрмедім, тірімісіңдер өзі- деді ентігіп.

Ұяла қызарақтаған Бейсенғали аға қонақты ішке кіргізді.

-Мынау не жатыс, балаларыңды аштан қатырмақшысыңба, осы көкіректігіңді кішкене басып, балаларың үшін деймін, келіп көмек сұрасаң, айуан емеспіз ғой, қолдан келгенше көмектесеміз, өөөй сен де- деп қапалана бастады.

-Не де болса бала-шағаммен бірге аттанайын деп едім..- дей бергенде:

-Тәйт, айтпа ондайды. Аллаһ берген жанды Алла қалаған күні алады- деді.

Қанша күннен бері жылай-жылай көзі күп болған Сұлу тәте жүзіне кішкене үміт ұялап, жерге ұзыннан төселген көрпелерді жинастыра бастады.

-Жүр, киін- деді Қазыбай аға.

Ләм-мим деместен, ұяттан өртенгелі тұрған Бейсенғали ақсаңдап барып жаман тонын киіп ілесе кетті.

Біраздан кейін, есіктің алдына Қазыбайдың УАЗ-ы жүйіткіп келіп тоқтады да,  бір мөшек ұн мен, бір кателек сұйық майды түсірді. Бұны көрген Сұлу даладан шыбық тере бастады. Ұнды түсіре салып бірден нан ашытты. Нанның ашуына мүмкіндік берместен пешке майды қойып, тоқаш пісірді. Сол тоқаштың  иісі, сол тоқаштың дәмі, сол тоқашты пісіріп тұрған Сұлу апаның бақытты жүзі өмір бойы балаларының есінде қалатын болар.

Содан Бейсенғали Қазыбайдың малшысы болып орналасып, отбасының жағдайын түзей бастады. Сол күнгі балаларын өзімнің аузына апаруға бел буғаны үшін қатты ұялатын болды.  Осындай қатал тағдырдың тәлкегінде өскен олар да шымыр, шыдамды, сабырлы жігіт болып өсті.

Аллаһ жоқтан бар, бардан жоқ жасай алады. Алладан ғана тілейік. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан сөзі бар: «Ей, үмметтерім! Сендер менен ештеңе сұрамаңдар, мен сендерге ештеңе бере алмаймын. Тек қана Аллаһтан сұраңдар. Сендерге не қажет болса, Алла Тағала ғана бере алады»



Бөлісу: