Жігер СОПИЕВ: «Жатып алып армандаудан жалықтым…»

Сәлем, достар! Қалайсыздар! Массагетке ат басын бұрмай кеткелі біраз болды. Айып етпессіздер. Бүгінгі жазбамды әлдебір ерекше жанға арнағым келіп отыр. Төмендегі ақпаратты Күлтөбе сайтынан алдым. Ешбір сөз менікі емес. Мәліметтерді толық https://kultobe.kz/?p=4688 сілтеме арқылы көрсеңіздер болады. Мен тек жеткізушімін.

Жігер СОПИЕВ: «Жатып алып армандаудан жалықтым…»

Тегінде ақын мен суретшінің осынау өмірге деген көзқарасы, болмыс-бітімі, ойлауы, қоғамдағы қатігездік пен қуанышты қабылдай білуі өте ұқсас. Өксігі көп өмір адам жүрегін кейде бір ауық өнерге, көркем ойға жетелей жөнелетіні тағы бар. Қатал тағдыр жанға жара түсіріп, жүрекке қаяу салып жатса, ақ қағаз бен қаламға иек артып, сыр ақтарғанға не жетсін? Ал онсыз да шолақ ғұмырға ауыр қасірет төбедегі Алладан емес, төмендегі адамның кесірінен келіп, күннен-күнге қарға адым жер мұңға айналып, сал болып қалу қаупі туындаса, не шара?! Рас, сонау қара сирақ бала кезінде асау тайды үйретемін деп, аяқасты аттан омақаса құлап, бел омыртқасына зақым келтіріп алды. Жастықтың лебімен асыр салып ойнап кетті. Жігер Елеусізұлы СОПИЕВ бүгінде тепсе темір үзетін жасқа жетіп, амалсыз қос балдаққа артылып, Алланың ауыр сынағына темірдей төзіп отыр. Жігердің жігері өзі туып-өскен Хантәңірінің шыңындай асқақ, сабыры болаттай берік.

Жас Жігерді өмірдің ащы сынағы ерте есейтті ме, кім білсін, айлап, жылдап төсекке таңылып жатқан тұсында, өлең жазуды, сурет салуды әдетке айналдырады. Оның жыр шумақтарын оқи отырып, ішіндегі шері мен мұңын, қайғысы мен қуанышын ақ қағазға қаз-қалпында төгетіндей ой түйесіз. Қара өлеңнің ізімен әдемі ұйқасқа құрған жырлары өмірдің өзегінен алынған. Өлеңіне қарап Жігердің жан сарайын түсінесіз. Суретіне көз салып дара дарынын мойындайсыз. Жігердің ерекшелігі ақ кенепке бояу жағып емес, автоқаламмен немесе қара қарындашпен тылсым өмірді тірідей бейнелейді. Өлең жазса да, қылқаламмен сурет салса да, тақырыбын табиғаттың терең тамырынан, адамзаттың қоғамдық ортасынан іздеуге талпынады. Ол – қылқалам шебері. Ол – сөз мәйегінен жыр-дастан өрген ақын. Бар арманы - аяғынан тік тұру.


Иә, ауданға өзінің талантымен танылған жас жігіттің денсаулығына қатысты үлкен қиындықтар бар. Алғаш аттан құлаған шағында жұлынына қатты зақым келіп, ота жасалады. Алайда дәрігерлердің немқұрайды қарағынан Жігердің жұлыны ойдағыдай емделмейді. Қазірде омыртқа сүйектері қисайып, жүйке талшықтарына суық тиген. Дәрігерлердің дұрыс диагноз қоя алмағанынан денесінің оң жақ бөлігі жансызданып, сал ауруына шалдыға бастаған. Аяқтарының сіңірлері тартылып, буын-буындары маза бермей жиі ауырады. Ең қорқыныштысы –тез арада емделмесе, тік тұрудың өзі мұңға айналып, арбаға таңылып қалу қаупі бар. Бүгінде Жігер он жыл бойы әртүрлі диагноз қойып, шақшадай басын шарадай қылған қазақстандық дәрігерлерден мүлде күдер үзген. Қытай елінде емдеуге болатынын естіген ол бар назарын сол жаққа бұрып отыр. Ол үшін кем дегенде 15-20 мың АҚШ доллары қажет көрінеді. Бірақ ол қол қусырып халықтан көмек сұрап отырған жоқ. Алматы облысында ауыл-ауылдарды аралап, «Жігіттер» мен «Жігер» тобындағы әншілердің көмегімен мерекелік концерт ұйымдастырып, өзінің шығармашылық кешін өткізуді ойластыруда. Содан түскен қаражатқа арқа сүйемек. Іс-шараны ұйымдастырып, басы-қасында болуға Алматы облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Тәңірберген Қасымберкебаев уәде берген екен. Сонымен бірге ол аудан ішінде дүкендерге сусындар тарататын қойма ашып, нан-тамағын ажыратып отырған еңбекқор жандардың бірі. Жуырда «Жетісу» газетінің арнаулы тілшілері Жігердің үйіне барып, жолығып қайтқан болатын. Әңгіме барысында оның бар арманы – денсаулығын қалпына келтіріп, аяғынан тік тұрып, еркін жүріп кету екенін аңғардық. Осы орайда біз Жігердің бір топ өлеңдері мен картиналарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Қуаныш ТҰНҒАТАР,

Фото: Нұрдәулет НҰРӘДІЛ

Күш бер маған


Күш бер маған, қара жер, қайыспаған,

Күш бер маған, таулы өлке, ойыс далам.

Мынау елдің болайын мен батыры,

Күн қондырып, қолымен айды ұстаған.

 

Күш бер маған, көкте Күн күлімдеген,

Торласа да қара бұлт бүлінбеген.

Ыстық нұрдан жаныма тастап жібер,

Ұранменен қане, тұр, тіріл деген.

 

Күш бер маған, кіршіксіз көк аспаным,

Күш бер маған, Хантәңірі – көк асқарым.

Сендей биік болсам ғой, сендей биік,

Қызғанбас ем бақытын мен басқаның.

 

Күш бер маған, о, тәңір, жаныма бір,

Мың тілді құс, мен үшін жалына жүр.

Бір қопарып тастайын бөгеттерді,

Қара дауыл қақ жарып қаныма кір.

 

Қазақ батыры

 

Өз жайым

Солғын тартып кір жүрек бұлқынады,

Әлсін-әлсін жылайды, жұлқынады.

Қайрат жоқ, ақыл жүр әлек болып,

Сейілте алмай күмәннің бұлтын әлі.

 

Доғармадың, доғармадың, қоймадың,

Тұман басып, тұншықты-ау бойдағың.

Қылмысыңды біле тұра істейтін,

Қояр ма едің, таяп қалса айлағың?

 

Отпен ойнап жүрсің сен, білесің бе?

Сен тынышсың, өзгелер күресуде.

Қорқамын деп қозғалмай өмір өтсе,

Иттей болып қаласың үресің де.

 

Бос сөз, құр көпірме шақтар билеп,

Шатақ жоқ, қу шайтан жатқанда илеп.

Арқа қағып, жарайсың дегенге әркім,

Мақтан күйлеп кетіптім, мақтан күйлеп.

 

Тамашалап талайды таң қалып па ең?

Арманың асыл еді-ау алда күткен.

Арман енді алыста, жанымыз жабырқаулы,

Жалғыз талдай жалаңаш жарға біткен.

 

Суретте тек қаламсапты қолданады

 

Шүкір деймін

Қалам ұстап қарманғанмен қиялап,

Жазғаным да, айтқаным да наз екен.

Күпір сөзбен ақ парақты сиялап,

Шүкірлігім аз екен ғой, аз екен.

 

Шүкір деймін осы күнге, жаратқан,

Шамам келмей, әлім құрып, бұқсам да.

Шүкір деймін таңым үшін әр атқан,

Дөңбекшумен ұйықтай алмай шықсам да.

 

Шүкір деймін сынға сый қып сөз бердің,

Ішімдегі шер-мұңымды жұтсын деп.

Шүкір деймін, көкіректе көз бердің,

Естілерді ескерсін деп, ұқсын деп.

 

Шүкір деймін, жатқызбадың, тұрғыздың,

Таяқпен де талай жерге барсын деп.

Шүкір деймін өнерге мойын бұрғыздың,

Жұтаң болмай, жан азығын алсын деп.

 

Шүкір деймін шықпасам да бұғаудан,

Кеудем толған қатпар-қатпар мұң болсын.

Шүкір деймін осы күнге бір Аллам,

Шаттық біреу, қайғым мейлі мың болсын.

 

Қиын сәтте үмітіңді үзгенде,

Мен емеспін ақыл айтар сіздерге.

Дегенмен де, білетінім бір нәрсе,

Шүкір деңіз, шүкірлік аз біздерде.


Алғашқы махаббат

Әр жерлерде ойнадық іздеп асық,

Бармаймын деп сабаққа түзге қашып.

Барған күннен мектепке құры жүрмей,

Бір сұлуға болдық қой біз де ғашық.

 

Бала күнгі махаббат, ұяңдау ма ең?

Білдіре алмай сезімді дара тұрдық.

Ұстаған күн қолынан қиялдаумен,

Талай-талай ұйқысыз таң атырдық.

 

Хат жазудан күніге қол үзбейсің,

Сабақ біте, сұлуды, соны іздейсің.

Шығарып сап үйіне бара жатып,

Ұзақ-ұзақ жүретін жолды іздейсің.

 

Бес саусақтай білесің тұрған жайын,

Сау бол дейтін кез жетті, о, құдайым!

Бір күрсініп тәуір-ақ қиналасың,

Мәңгілікке қоштасып тұрғандайын.

 

Жаныңа кеп, қыз да қу, қиылады,

Қиын сонда денеңнің ұйығаны.

Жиырма үш рет жүрегің қан бүріксе,

Қайта айналып от болып құйылады.

 

Әр нәрсеге әуес боп қызықтаумен,

Ышқырыңды байлай сап үзік баумен.

Езуіңе еріксіз күлкі үйірер,

Бұл да бір өте шыққан қызық дәурен.

 

Нені іздедім

Нені іздедің, нені таптың, не істедің?

Қане қайсы қиялыңмен өскенің?

Боқтық болып шашылды әне, әр жерде

Әркімге бір мақтан қылып бөскенің.

 

Бос кеудеңе іздегенің – бос мақтан,

Құмарлығың, нәпсің құрған қос қақпан.

Қиялың мен еріншектік және бар,

Қысты-ау сорлы, қос бүйірден, қос жақтан.

 

Нәтижесі – санаңда түк сәуле жоқ,

Жүрек жатыр тар қапаста әуре боп.

Наразы боп тағдырға да, өмірге,

Тілің келмей айтуға бір тәубе деп.

 

Бір күн қатты, бір күн жұмсақ түрленіп,

Кеткен жерің жоқ-ау сенің гүлденіп.

Бүгінгі күн жағдайымыз осылай,

Ертеңгі күн не боларын білмедік.


Жатып алып армандаудан жалықтым…

Қазақ десе, нұр құйылар кеудеме,

Мен де сүйем, өзгелерден кем деме.

О, Жаратқан, төзім берші, төзім бер,

Аһ ұрып, адасқан бір пендеңе.

 

Менде де бар лаулап жанған от-жалын,

Менде де бар өзгелерде жоқ жалын.

Неге екенін біле алмадым өзімнен,

Тежегішті кілт бастым да, тоқтадым.

 

Армандаймын пәк сезімін ақынның,

Армандаймын күш-жігерін батырдың.

Айлы түнде ақ сәулеге малынған,

Осы жайлы ойланып мен жатырмын.

 

Жатып алып армандаудан жалықтым,

Сансыз қиял, сарындарға қанықпын.

Соқпақ жолдың қиындығын ескермей,

Мен өзімді босаңсытып алыппын.


Мінеки, Алла қаласа, жақын арада сол кештің бірі осы алып шаһар Алматыда өткізілмекші. Достар, бұл хабарландыруға немқұрайлы қарамай, талантты қазағымыздың шабытына шабыт қосып, біздің бар екенімізді, онымен бір екенімізді білдіріп, аз-маз уақытымызды өзіміздей бауырымызға бөлуге шақырамын! Кеште кездескенше, бұйырса! Жігерді жігерлендіріп қайтайық, бауырлар!



Бөлісу: