Келер деп көп қарадым...

   Әуен жүктейтін сайттан біршама жаңа әндерді басып алған едім. Кезегімен тыңдайын деп қойып қойдым. Кенет «Күміс құмған-ай» әні шырқалып жатыр. Есіме ескі күндерім сақ ете қалды. Осы бір әнді апам домбырамен орындаушы еді. Жүзі жылы ол кісінің бойынан ерекше жылулық тарайтын. Ата мен әженің қолында өспеген мен үшін ол бөлек әлем болатын. Әкемнің туған бөлесі – Түймекүл, біздің бәріміздің апамызға айналған аяулы жан. Жасы да, үлкені де бәрі бәрі оны – «Тот тоня» деп атаймын. Тіпті, мен де солай дейтінмін.

  Киелі мекен Түркістан жеріне келуіме екі түрлі себеп болатын. Бірі – Яссауи мавзолейі, бірі – Тот тоня. Апамыз үлкен үйде қызы екеуі ғана өмір сүретін. Жалғыздықты жаны қаламаушы еді. Сондықтан үнемі біздерді үйіне шақыратын, бармасақ ренжитін. Біз де үй ішімізбен оған үйренісіп қалғанбыз. Ебін тауып көндіріп үйге алып келіп, айлап жібермеуші ек. Жоқ ол кісі үйде болудан қашпайтын. Тек көңілі үнемі алаңдап отыратын. Оның үстіне іздеп келетіндер көп. Өйткені, Тот тонясыз бір жиын өтпейтін. Домбырасын алып үнемі ән салатын апамыз, кәдімгідей тойдың гүлі болған. 

     

   Апама қарап өнер адамдарының тағдыры тақтайдай тегіс болмайтынын мен сол кезде-ақ мойындағам. Оның өз себебі бар. Әншіліктен бөлек, ол кісі айтыскер ақын болған адам. Өмірінде ешкімнен жеңіліп көрмеген ол өзіне сенімді түрде айтысқа түседі. Қарсыласы сарт кісі «ұтылсаң, әйелім боласың, ұтсаң мен сенің қалауыңды жасаймын» деп шарт қояды. Ойланбай келіскен апамның бұл айтыста жолы болмайды. Кім біледі, бәлкім тағдыры осы болған шығар. Не болса да апамыз сол кісіден 14 құрсақ көтереді. Оның екеуі егіз болады. Бірақ, беру де Алладан, алу да Алладан...12 іштен шыққан ұл мен қыз шетінеп кете барады. Апам осы сөздерді айтып күрсініп қоятын. Дегенмен мықтылығы ма ол мұңын іште сақтайтын. Үнемі жүзі жадырап білдіре бермейтін. Ал қалған ұл мен қызы оның аналық үмітін сол күйі ақтамай кетті. Жары о дүниелік болған апамыз бар ауыртпалықты жалғыз көтерді. 

   Үміт еткен ұлы әскерге кетіп, сол күйі үйіне оралмады. Тірі күйінде анасынан бас тартып, басы айналып орыс әйелдің соңынан еріп кетті. Бірақ, ана жүрегі қашанда мейірімді ол баласын күнде күтетін. Өзі шығарып салған есікке қарайлап отыратын. Тіпті күніне бір рет далаға шығып келуді әдетке айналдырған. Осы себептен де апамыз үйге келгісі келмейтін. Өйткені, құлыншағым келіп қалар деген үміті оны шыр айналдырып қойған. Ал қолдағы қызы басшылыққа қызығып, отбасын құрмады. Немерелі болсам деген апамның ақ үміті сол бойы ақталмай кетті.

                                

   Менің ағаларым апамды ерекше жақсы көретін. Кішісі домбыра тартуды сол кісіден үйренген. Ал үлкені темекі шегуді. Апам о дүниелік болғанша темекісін тастамады. Аштық жылдарында сол бәлеге үйренгем, енді одан арылуым екіталай дейтін.

   Өмір оны қанша қинаса да ол өмірге еш өкпелеген емес. Бала күндерінде Ташкентте жүріп тірідей екі бауырынан айырылған. 5 минутқа қалдырып кетіп, мәңгіге екі інісін көре алмай кетті.

   Соңғы сәттерінде біздің үйдегілер жағдайын білуге барған болатын. Сабағымнан шыға алмай мен қалып қойдым. Әкем апаң сені қайта-қайта сұрады. Келмеді ғой, қашан келеді деп қоймады деп келді. Тура ертесіне ақпанның аязды күнінде қаралы хабар жетті. Аяулы апамыз келсемке кете барған. Мен болсам барамын деп тағы да бара алмай кешігім қалдым. Ал ол болса келер деп көп қарадым жолыңа деп, өз ұлын көре алмай мәңгіге кетті...



Бөлісу: