Бүгін күн ерекше нұрлы еді

Бүгін күн ерекше нұрлы еді
жеке
блог

Бүгін күн ерекше нұрлы еді. Өркен мен Айдар ауыл шетінде алаңсыз қозы бағып жүр. Екеуі көрші тұрады, әрі бір сыныпта оқиды. Түстен кейін мектептен келісімен екеуі қозыларын өріске алып шығады. Осынау жазық далада қозы жайып, ән салып жүрген қандай керемет әсерлі еді. Балалар күннің шапағына бөленіп, көк шөпке ауыздары алғаш жетіп, бірін-бірі қуалап, асыр салып ойнақтап жүрген қозы-лақтың артынан ереміз деп ауылдан біршама алыстап кеткен екен. Ауылдан төрт шақырым қашықта жатқан темір жолға жақындап қалғандарын енді сезгендей. Айдар мен Өркеннің арманы осы бір темір жолдармен жүйткитін пойыздарға отырып бүкіл әлемге саяхаттау болатын. Әсіресе Өркен пойыз көрсе ерекше бір күйге бөленіп, қиял құшағына бөленетін. Сүт пісірім уақыттан кейін сонау алыстан өздері сонша күткен пойыздың да қарасы көрінді. Аттарын тұсап тастап, темір жолдың үстінде ойнап жүрген балалар аттарына қарай жүгіре жөнелді. Тұсауларын шешіп, аттарына мінеміз дегенше пойыз да бұлардың қасынан зыр етіп өте шықты. Бейне бір арманынан қол үзіп қалатындай екеуі пойыз артынан шаба жөнелді. Өркеннің құлшынысы ерекше, атын ауық-ауық қос бүйірінен тепкілеп, қамшылап қояды. Темірдің аты темір, тасыр-тұсыр етіп зулап барады. Айдардан ұзап кеткен Өркен жан дәрмен шауып келе жатыр. Қара терге малшынған жануарға да қанат біткендей. Есіл дерті пойызға ауған Өркен алдындағы жыраны байқамай қалды. Жирен қасқа жырадан аса алмай омақаса құлады. Өркен алты-жеті метр жерге ұшып түсті. Содан кейінгісі есінде жоқ...   

          Вагон іші. Бүгін күн ерекше нұрлы еді. Терезеден ішке түскен күннің жылуы шекеңді қытықтап, маған қарамашы дегендей ерекше ұялтады. Жолаушылардың барлығы да көңілді. Бірі шай ішіп, бірі дойбы ойнап отыр. Жанында жиырма бестегі баласы бар Мағжанның да қуанышында шек жоқ. Діттеген жеріңе уақытында жеткізетін пойыз заулап барады. Терезеден тысқа үңіліп отырған жас жігіт әкесіне: - Әке, талдарды қарашы, тауларды қарашы. Анау тұрған алып тасты көрдіңіз бе? Анау жайылып жүрген жылқылар қандай керемет?! - деп сұрақтың астына алып келеді. Жиырма бестегі жігіттің бір түрлі бұл қылығына таңданған жанындағы жолаушылар әкесіне: - Кешіріңіз. Балаңыз ба? Оны неге дәрігерге көрсетпейсіз? - деп бір түрлі сауалдар қойды. Мағжан болса аспай-саспай: - Онсызда сол ауруханадан әбден мезі болғанбыз, қарағым! Осыдан он тоғыз жыл бұрын су қараңғы болған Өркенімнің көзінің көргені кешегі ғана - деп жымиып жауап берді...     

          Бүгін күн ерекше нұрлы еді...