Измирдегі "Алаш" қазақ жайлауы

Измирдегі "Алаш" қазақ жайлауы
жеке
блог

Измирге келгелі осында қазақ жайлауы бар деп еститінмін. Осы апта соңында сол жайлауды өз көзіммен көруге нәсіп етіпті.  Жайлау Измир қаласынан 35 шақырым жерде жатыр. Кіреберіс жерде көк шалғын жерге «Алаш қазақ жайлауы» деген таспен жазылған әппақ жазу көзге бірден оттай басылды. Көлік ішінде келе жатқан соң суретке түсіріп алуға мүмкіндік болмады.

Бұл ауылдың қожайыны – Шеризат ақсақал мен Гүлнәр апай. Шеризат Доғру зорлық-зомбылық жылдары Қазақ жерінен Қытай асып, одан әрі Такламакан шөлінен, Тибет, Үндістан арқылы түрік еліне қоныс аударған ұлы көштің қатарынан.  Гүлнәр апамыз Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент өңірінен. Өкінішке орай денсаулығына байланысты Шеризат ақсақалды көре алмадым. Ал бізді қазақы қонақжайлығымен Гүлнәр апамыз қарсы алды. Біз барғанда Түркияның өзге өңірлерінен келген түріктер мен Ресейден келген туристер бар екен. Апта соңында бұл маңға алыс-жақын шет елдер мен түрік халқы демалуға келетіндіктен адам аяғы үзілмейтін көрінеді. Бұл жер жәй ғана  қымыз сататын жер емес, қазақ халқының мәдениеті мен қонақ күту шарттарынан бастап, ат жалынында өскен қазақтардың жылқы малына  қаншалықты мән беретін көрсетеді.

Үйдің бір бөлігі киіз үй сипатында жасалған. Ішке кіргенімізде Гүлнәр апай  келген қонақтарды жағалай отырғызып қойып, алдымен қазақ тарихынан қысқаша баяндап, киіз үйдің ішкі-сыртқы құрлысымен, не үшін дөңгелек орналасқанын, қазақ халқының қонақ күту мәдениетінен бастап, қыз баланы қалай бағалайтынын, сондай-ақ қымыздың маңызы мен жасалу техникасы жайлы мағлұмат беріп жатыр екен. Келушілер де қызыға тыңдап, көкейіндегі сұрақтарын қойып жатыр.

Апайдың дәрісін тыңдап болғасын сыртқа шығып, атқа мініп маңайды бір кезіп шықтым. Суреттерді бірге тамашалайық. 


Гүлнәр апамыз

Аяқ астынан Кония телеарнасынан келген тілшілердің "Мәдениет керуені" атты бағдарламаның қатысушысы атандық. Назерке би билеп берді. ))

Шәмшегүл әпке қазақ әндері мен күйлерін орындады.

Ал мен келген сыйлы қонақтарға қымыз ұсынып, қымыздың пайдасы мен жасалу әдісі жайлы телеарнаға шағын сұхбат бердім. ))